Биліктің желтоқсан жақындағаннан тыпыршып, бойын үрей билейтіні жасырын емес. Бұл қорқыныштың дендегеніне біраз жыл болды.
Ел Тәуелсіздігі тойланар тұста халық бөркін аспанға атуға асық болғанымен, мемлекет «Қай жақтан дауыл соғады?» деп секем алып, сауысқаннан сақ бола түседі. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының әлі сыры ішіне бүгулі болғандықтан ба, әлі күнге дейін Тәуелсіздік мерекесін еркінсіп емес, алақ-жұлақ арпалыспен атап өтеміз. Бұрын Жаңа жылдың тасасында қалды деп сылтаурататынбыз. Сөйтсек, таяқтың ұшы тек Жаңа жылмен шектелмейді екен, «айтқызбасам айтқызбас» дегендей, саяси астары да бар ма дейсің?!
Расында, біздің халықтың бас көтеретін кезі қыс қаһарына мінгенде, желтоқсан мен қаңтар аралығын қамтиды. Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғасы 16 желтоқсанда болса, әлі жарасы жазылмаған Қаңтар оқиғасы да 5 қаңтарда басталған еді. Араға жылдар салып, іштегі наразылық сыртқа шыққанда, билік тыныш отыра алмайтыны белгілі. Әлсін-әлсін қайталанатын мұндай толқулар арқылы ашынған халық толып қалған запыранын ара-тұра сыртқа шығарып, бір жеңілдеп қалатындай. Іріңнің өзегі алынбаса, жараның қайта-қайта мазаны алатыны секілді, халықтың көкейіндегі мәселе шешімін таппайынша, қос тарапқа да тыныштық болмайтыны хақ. Алайда бір күнде әділеттілік үстемдік құрып, бәрі бір күнде бақытты болып кетпейді. Мұндай идеалды иллюзиядан арылу керек. Қай демократиялық қоғамды алсаңыз да, олардың да кемтігі көрініп тұрады. Халық өзінің әл-ауқатын жақсартып, тұрмысын түзеу жолында ғана нақты талаптарын қою керек. Мәселен, соңғы Қаңтар оқиғасы кезінде жаңаөзендіктер газ бағасының шарықтап өсуіне қатысты қарсылықтарын білдірді. Нәтижесінде халық талабының орынды, газ бағасының өсуі қолдан жасалған қойыртпақ екені белгілі болды. Алайда әу баста биліктің мәселеге жүрдім-бардым қарауы жағдайды ушықтырды. Ашынған халық стихиялы түрде шындық үшін көшеге шығып, ақыр аяғында оққа ұшты. Арандатушы топ айласын асырды, халыққа күйе жағылды. Осы кезеңде, билік басындағылардың өзара тайталасы халықты құрбандыққа шалып, «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегеннің керін келтірді. Жыл сайын осындай қауіптен сақтанғысы келетін мемлекеттің өзін қорғағаны ма, әлде жалпақ жұртты қорғаған сыңайы ма, құқық қорғау органдары қызметкерлерін күшейтілген режимге көшіреді.
Азаттық алғанымызға тәу етер тұста Талғардағы жағдай бойынша биыл жағдай тағы ушықты. Әлеуметтік желіде жұрт ұлардай шулап, «Шерзаттың және оның ағасының қазасын пайдаланып, билікке тісін қайраған байлардың тобы «екінші Қаңтар» ұйымдастырмақшы» деп жарыса жазды. Осылайша, желіні белсенді қолданушылардың басым бөлігі бір күнде саясаттанушыға айналып, қалың жұрттың қамын күйттеді ме, әлде биліктің кезекті күптілігінің сойылын соқты ма, анығын өздері де білмейді. Тарқатып айтсақ, ескі Қазақстанның шекпенділері былтырдан бері «Өзге Қазақстан» атты жасырын ұйым құрыпты-мыс. Олардың идеологтары Талғардағы Шерзат ісін триггер ретінде алып, 16 желтоқсан күні жастарды көтеру үшін Тик-ток пен Инстаграм желісінде «За Шерзата» кампаниясын бастапты. Ұзынқұлаққа сенсек, кампанияға ауқымды қаржы бөлінген, олар жалған ақпарат тарату арқылы қазақстандықтарды ереуілге шығуға үгіттейді дейді-мыс.
Dala inside дереккөзіне сүйенсек, «Өзге Қазақстан» жасырын ұйымының белсенділігі қазан айынан бері қызған. Қазір олардың қолында кемінде 500 белсенді аккаунт жинақтап отырған кәсіби ботоферма бар. Негізгі күші жастар және кәсіподақтар көрінеді. Соңғы уақытта ақпараттық портал «Өзге Қазақстан» ірі кәсіпорындардағы кәсіподақтармен астыртын байланысын күшейткенін жазған еді. Жастарды көшеге шығарып, халықтың бойын бір қыздырып алса, от көсеген олигархтар әрі қарай өз жоспарларын жүзеге асырмақ көрінеді.
Тағы бір тоқталатыны, ел-жұрт желтоқсан болса, Мәскеуге қарай тартатын Н.Назарбаевтың суыт жүрісін де сөз қылды. Бұрынғы басшы теріскейді бетке алып, тулай шапса, сарапшы-сымақтарымыз «арты жақсы болмайды» деп жорып отыр. Қырық құмалағын шашқандардың қайсысының айтқаны келетінін уақыт анықтай жатар. Алайда бір гәптің бары белгілі.
«Азаттық радиосы» медиа порталының шолуына көз жүгіртсек, биылғы Тәуелсіздік мерекесі тұсында мынадай жағдайлар болыпты. Апта басында «Oyan, Qazaqstan» жастар қозғалысы «Ұмытылмас 1986, 2011, 2022. Кешірілмес» деген жазуы бар қағазды Республика алаңындағы бағаналарға ілген қысқа видео тараған. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз. Сонымен бірге портал «16 желтоқсан қарсаңында құқық қорғаушылар белсенділерді қудалауды күшейткені хабарланды» дейді. Соңғы мәлімет бойынша, Астана, Алматы, Маңғыстау, Петропавл облыстарында кемінде бес белсенді 5-20 тәулікке қамалған. Оларға «Ұсақ бұзақылық», «Билік өкілінің заңды талабына бағынбау», «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» секілді баптар бойынша айып тағылған. Белсенділер келіспей, мұны «саяси қудалау» деп атаған.
Не де болса, айтылмаған ақиқаты, жүрегінде жарасы бар Желтоқсанның күрсінісі терең. Оның да бір күні шешіліп, жан сырын ақтаратыны айқын. Оған дейін тербеліп, тепсініп тұратыны болмаса…
Хан ТӘҢІРІ
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!