Осыдан бірер апта бұрын АҚШ-тың 45-ші президенті тарих беттерін қайта жаңартып, биылғы сайлау нәтижесімен қайта Ақүйге оралды. Бұл нәтиже АҚШ тарихында екі мәрте президент болған алғашқы адам болып тіркелді. Бұған дейін сайлауалды сауалнамалар мен пікірталастарда көпшілік Камала Харристің кандидатурасын құптағандай көрінген-тұғын. Тіпті президенттікке үміткер екеудің арасындағы бірінші дебаттан соң АҚШ іштей алғашқы әйелдің таққа отыруына дайын отырған. Алайда, артынан қашанда шу шығатын әйгілі саясаткер Дональд Трамп таңғалдырудан жалықпайды. Биыл ол тарихта болмаған, мүмкін қайталанбайтын «апсет» жасады. Біз бұл мақаламызда «Дональд Трамптың билікті қолға алғаннан кейін әлемде нені өзгертеді?» деген сұраққа жауап бермек ниеттеміз. Әлемдегі ең ірі державаның қай мемлекетке де ықпалы болатыны анық. Қазақстанға әсерін де міндетті түрде талдаймыз.
Сайлау басталмас бұрын Трамп бұрын-соңды болмаған өзгеріс жасайтынына, сонымен қатар АҚШ-тың бұған дейінгі идеяларын түпкілікті жаңартамын деп уәде берген. «Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында күш пен атақ-абырой әкелеміз. Бұл – Американың жаңа дәуірі» деді ол. Трамптың қалағаны орындалды. Қайтадан Американың президенті атанды. Енді оның басшылығымен елде қандай саясат орнамақ?
Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Егер сұрақты Трампты қолдаушыға төтесінен қояр болсақ, ол «Трамптың келуі ұлт құндылығын қайта жандандырады» дейтіні анық. Ал егер Трампты даттаушыдан сұрар болсақ, «Трамп біраздан бері әрең орныққан демократияның күл-талқанын шығарады. Себебі, ол – республикалық!» деп жауап қататыны белгілі. Сол себепті бұл сұраққа екі түрлі көзқараспен қарап, жан-жақты талдаған дұрыс. Трамп өз кезегінде ұлтты бәрінен жоғары қояды. Ол үшін АҚШ-қа ел ретінде қайта аяққа тұру керек. Елдегі заңсыз мигранттарды елден қуу, Мексика арқылы шекара аттаушыларды жаппай жазалау идеясын қолдайды. Сонымен қатар, Трамптың жан-жақта болып жатқан саяси қақтығыстарға деген дипломатиялық көзқарасы да көпті сүйсіндірді. Яғни, жаңа президент таққа отыра салысымен Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға уәде берді. Және Израиль мен Палестина арасындағы кикілжіңге нүкте қоюды басты назарға алды. Сол себепті АҚШ-та саясаткерге қарсы протест, яғни қарсылық көп болғанымен, уақыт өте келе қолдау таба білді. Америка көзіндегі «көгілдір көзілдірікті» шешкен секілді. Қазір халықты ЛГБТ тақырыбы, гендерлік саясат немесе бодипозитив секілді қозғалыстар аса алаңдатып отырған жоқ. Дәл қазір АҚШ халқы елдің моральдық құндылықтардан бұрын елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін алдыңғы орынға қойған сияқты.
Ал енді Камала Харристің сайлауалды позициясын айтып өтсек. Жалпы, Камаланың сайлауға түсуінің өзі бір үлкен жаңалық болды. Негізінде Трамп АҚШ-тың бүгінге дейінгі билік өкілі Джо Байденмен таласқа түсуі керек еді. Дегенмен, Байден бірер уақыттан соң енді президенттікке жарамайтынын, сондай-ақ өзінің орнына вице-президент Камала Харристі кандидатураға ұсынатынын айтқан. Камала – біріншіден әйел адам. Оның үстіне – қаранәсілді. Бүгінде расизм мен гендерлік теңдік мәселесі ауқымды болып тұрған тұста көпшілік Харристің президент болуын қалады. Президенттікке үміткер мемлекеттің белді тұлғаларымен тығыз байланыс орнатып, имиджмейкинг жасауды ұйғарды. Бірақ, өзгеріс пен тәуелсіздікті аңсайтын Америка халқы үшін елдегі медицина мен құқық мәселесі қызығушылық туындатпағаны анық. Біз бұған сайлауда толықтай куә болдық.
Айта кету керек, АҚШ-тың жаңа президенті мемлекеттік қызметтегі жетістігімен көтерілген азамат емес. Трамп – ең алдымен кәсіпкер. Сондықтан, оның экономикаға деген таным-түсінігі де бөлек. Трамп Америка бюджетінің текке шашылғанын қаламайды. Сол себепті АҚШ-тың шектен тыс жауапкершілік алып, көп ұйым мен қозғалысты қаржыландыруға нүкте қоюды місе тұтуды ұйғарды. Таяуда ғана АҚШ-тың ЮНЕСКО ұйымынан шығу мүмкіндігі жайлы ақпарат шықты. Ал Париж климаттық келісімі, Халықаралық денсаулық сақтау ұйымына да қаржы бөлуді құптамайтынын жеткізген болатын. Американдық саясаттанушы, профессор Питер Скерридің айтуынша, Дональд Трамп – жалғыздықты суқаны сүйетін эгоист адам. Сондықтан, ол әлем күтпеген қадамдарға баруы мүмкін.
АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы жайлы айтпасақ та белгілі. Әсіресе, Дональд Трамптың бұған дейінгі басшылығында қос ел арасында көп мәміле болды. Бәріміз білетіндей, Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттері арасында батыс үшін приоритеттегі мемлекет. Кәсіпкер ретінде мұнай өнеркәсібін әрдайым қолдап-қолпаштайтын Трамп үшін Қазақстанмен сауда айналымының маңызды болатыны айдан анық. Статистикаға сүйенсек, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 9 млн тонна мұнайды мұхит асырған екен. Сол арқылы мемлекет бюджетіне 578 миллион доллар қаржы түскен. Десе де, көп саясаткер Трамп келсе де, Харрис келсе де, екі ел арасындағы арақатыныс еш өзгермейді дейді. Бұл жайында белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт өз Facebook парақшасына жазды.
– АҚШ бұрынғыдай гегемон болудан қалғанымен, әлемде ықпалы тым қатты әлсірей қойған жоқ. Менің ойымша, Харрис болса да, Трамп болса да АҚШ-тың Қазақстанға және Орталық Азияға қатысты саясаты жақында өзгере қоймайды. Осыған дейінгі екіжақты байланыс жалғасады, С5+1 форматы сақталады, экономикалық санкциялар аймақтағы үкіметтерге, саясаткерлерге салынбайды. Бір сөзбен айтқанда, статус-кво сақталады. Орталық Азия мен Қазақстан Вашингтонның сыртқы саясатында «екінші қатардағы» бағыттардың бірі болып қала береді. Елдегі көп конспиролог көпіретіндей АҚШ «қайтсек те Қазақстанда демократия орнатамыз» деп отырған жоқ. Өзімізге көп ала бермейік. Қазақстанда адам құқықтарының сақталуы өзімізден басқа ешкімге керегі жоқ, – дейді ол.
Жаһандық сауда мен қауіпсіздік мәселелеріндегі өзгерістер Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының маңыздылығын арттыра түспек. Америка мен Қытай арасындағы бәсекелестіктің ушығуы, Ресейге қарсы санкциялардың жалғасу-жалғаспауы, Еуропамен қарым-қатынастың қайта қаралуы Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Өйткені, бұл геосаяси шиеленістер Қазақстанды өзіндік бейтараптық және көпжақты ынтымақтастық жолын сақтауға итермелейді.
Неде болса, әліптің артын баққанымыз абзал. Біздікі тек болжам, нақты ненің өзгеретінін уақыт көрсетеді.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!