Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік желідегі өшпенділіктен қандай қауіп бар?

31.10.2024, 12:00 1138

Жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы әлеуметтік желілерде ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тап болады екен

Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тіл – ұлттың қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі» деген өшпейтін сөзі бар. Аталы сөздерді біз кітаптан оқып, бірақ көңілімізге тоқымайтынымыз өкінішті-ақ. Егер тоқитын болсақ, адамдардың бойында өшпенділік, жауыздық, надандық деген жағымсыз қасиеттер болмас еді. Ақпарат ғасырында күнделікті өмірімізді ұялы телефонсыз, планшетсіз, интернетсіз көзге елестету қиын. Әсіресе, әлеуметтік желілерге деген тәуелділік ой-санамызды тұсаулап алған заманда тілдің тазалығы, медиа мәдениет деген ұғымдарға немқұрайды қарайтынымыз рас. Қазіргі кезде әлеуметтік желілердегі өшпенділік геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Ең қорқыныштысы – осы.

ӘЛЕУМЕТТІК  ЖЕЛІ  –  ҚОҒАМНЫҢ  АЙНАСЫ

Өткенде интернетте, әлеуметтік желілерде «хит болған» әнші Мақпал Жүнісованың бейне­жазбасы,  қазақ  тіліндегі  сөздер­дің 70 пайызы  арабтікі  деген  пікір  айтқан имам Қабылбек Әліпбайұлының сұхбаты осыған дәлел. Қызу пікірталастар негізінен Facebook-тегі қолданушылар арасында жүреді. Басқа әлеуметтік желілермен салыс­тырғанда қазір Facebook-ті тұтынушылар саны артып келеді. Биылғы статистика бойынша, жұмыр жердегі 7 млрд-тан астам халықтың 3 млрд-тан астамы күн сайын Facebook-тің контентін тұтынады. Android ар­қылы әлеу­меттік желінің қосымшасын бір тәулікте тұтыну­шылардың 65 па­йызы ашады екен. Қазіргі кезде БАҚ-тардың көпшілігі Facebook-те жариялан­ған контентті дерек көзі ретінде пайдаланады. Біздің қоғамдағы өзекті, түйткілді мәселелер осы желіде ашық көтеріліп, кеңінен талқыланып жататынын көріп  жүрміз.

Енді жоғарыда сөз болған екі жазба туралы ой-пайымымызды тарқатып айтайық. Әлеуметтік желі – қоғамның айнасы. Сол айнаға қарасақ, жақсы нәрселер де бар, жаман нәрселер де бар. Өкініштісі сол, соңғысы көбейіп бара  жатқаны  алаңдатады.

Расул Ғамзатовтың «Құр сөз деген болмайды. Ол – не қарғыс, не құттықтау, не әсемдік, не қасі­рет, не лас, не гүл, не пәле, не ақиқат, не сәуле, не түнек» деген сөзі бүгінгі әлеуметтік желілер­дегі өшпенділікке, кибербуллингке қатысты айтылған сияқты көрінеді. Интернеттегі өшпенділік геометриялық прогрессиямен ұл­ғайып барады. Кибербуллингтің құрбандары сайып келгенде өздері агрессорға айналады. Қазір әлеу­меттік желілердегі өшпенділік­тен қоғамдағы танымал тұлғалар зардап шегеді. Зерттеуші ғалым­дардың айтуынша, әлеуметтік желілердегі мұндай кибербуллинг­ке  медианың  ықпалы  зор.

ХЕЙТЕРЛЕРДІҢ  ШАБУЫЛЫНАН  ҚАЛАЙ  ҚОРҒАНАМЫЗ?

Біз жоғарыда Facebook-ке арнайы тоқталдық. Өйткені, кибербул­лингтің пайда болуы мен өршуіне белгілі бір цифрлық платформадағы ахуал әсер етеді. 2023 жылы тамызда ВКонтакте желісінде жазбалардағы өшпенділікпен жазылған пікірлерді өшіріп тастайтын нейрожелі орнатылды. Бұл – хейтерлердің  қаула­ған шабуылынан қорғайтын тәсіл. Бір ғана жағымсыз пікір өзі сияқты 15 адамның пікір жазып, белгілі бір тұлғаны «түтіп-жеуге» негіз болатынын психолог-мамандар дәлелдеген. Еуропаның кейбір дамыған елдері желідегі өшпенділікке қарсы арнайы заң қабылдады. 2020 жылы неміс бундестагы интернеттегі қауіп-қатер, зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатайтатын заң шығарды. Желідегі адамның ар-намысына тиген адамды екі жылға бас бостандығынан айыратын заң қоғамдағы кибербуллингтің азаюына  ықпал  етті.

Ал біздің қоғамда бұл мәселе өткір күйінде тұр. Сөзімізге дәлел ретінде нақты мысалдар келтірейін. 3 қыркүйекте блогер-депутат Мұрат Әбенов Facebook-тегі парақшасында: «Муфтий мемлекеттік мектептің ішкі тәртібіне араласпау керек. Кешегі сұхбаты қоғамда қарама-қарсы пікірлер туғызып жатыр» деген жазба жариялады. Осы жазбаға пікір білдірген 448 адамның ішінде мен де бармын. «Мұрат аға, мүфти өзінің дұрыс пікірін айтты. Ал бұрмалап жатқан сауатсыз журналистер ғой. Әсіресе орыс тілінде ақпарат тарататын әріптестеріміз дінімізді, мүфтиімізді жағымсыз жағынан қоғамға көрсеткісі келіп тұрады» деп жазған пікіріме 112 адам лүпіл басып, бірнеше адам қарсы пікірін жеткізді. Қарсы пікір жазған жандардың бірі Gulbanu Abenova: «Төлен Тілеубай как всегда не бородач ваш виноват, а журналисты» деп қатты күлген смайликті қоса салды. Мұндай іс-әрекеттен  нені  байқаймыз?

Біріншіден, қоғамда белгілі бір адамға, тұлғаға қатысты ойын бүркемелемей айтып, кемсітуге шақыру бар. «Ваш бородач» деген сөздің өзі оны жазып отырған адамның ішкі мәдениетін, ана тілімізге деген көзқарасын айқын көрсетіп тұр. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сол шағын сұх­батын БАҚ әртүрлі берді. Мұрат Әбенов жазғандай, мүфтиді мектептің ішкі тәртібіне араласқысы келетін адам етіп көрсетті. Шын мәнісінде ҚМДБ-ның басшысы мектептің өз тәртібі бар, шариғаттың өз тәртібі бар дегенді түсіндіріп берді. Міне, осы жерде медиамәдениетті білмейтін, сауаты аз әріптестеріміз тұлғаны қаралауға ақпараттық себеп тауып беріп, қоғамдық пікірдің  талқысына шығарды.

Өшпенділік  тілі  деген  сөз  тірке­сін жиі қолданып жүрміз. Орысшаға аударсақ «ненависть» – біреуді жек көру, ал ненавистник – күншіл, қара ниетті, қызғаншақ деген мағынаны білдіреді. Қоғамдағы ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғаларды қаралауға, күндеуге ұмтылған мұндай жазбалар интернетте де, әлеуметтік желілерде де толып жүр. Бір алаңдатарлығы, бір ғана қара ниетті адамның жария­лаған өшпенділікке шақырған жазбасы қоғамда таралып, тұрақсыздық­қа  ықпалын  тигізуі  мүмкін.

РУХАНИ  МЕШЕЛДІККЕ  АПАРАТЫН  ДЕРТ

Әнші Мақпал Жүнісованың бейне­жазбасына қатысты жазылған пікірлерге үңілсек, тұлғаны қара­лауға, яғни, қара ниетті жақтау­ға жаны құштар адамдардың көп екенін көреміз. «Алқаш болыпты, қасқа!», «Қызыңды жерге қараттың, жексұрын!», «Осыған әдет болып кеткен ба ішіп алса видео салатын, пайғамбар жасына келгенде!», «Осы түрін әдейі көрсете ме? Халық жек көреді, халқын ойламайды» деген пікірлерді оқығанда жаның түршігеді. Тілдік агрессия арқылы қаншама адам ашу-ызасын төкті, дөрекі көңіл күйін жеткізді. Осылайша, қоғамда жеккөрушілік туғызып, қара­пайым халық пен өнер иесінің арасына жік салғысы келгені аңғарылып  тұрды.

Әлеуметтік желіде имам Қабылбек Әліпбайұлының сұхбатынан үзінді тарады. Қазақ тіліндегі сөздер­дің 70 пайызы арабтан, 30 пайызы орыстан кірген деген имамның пікірі қызу талқыға түсіп, желі қолдану­шыларының наразылығын туғызды. «Мынау не сандырақ? Қазақтың сөзі 70 пайызы арабтікі деп, қысқасы араб дегенің ғой?! Мына имамды біреулерің тәртіпке шақырыңыз­даршы. Тілімізді жоққа шығарғаны ғой. Кез келген имам аузына келгенін сөйлей берсе, не боламыз? Бұлардың жұмысын реттейтін Діни басқарма қайда қарап отыр?» деп жазды желіде Aidos Bolatov  атты  қолданушы.

«Дүмше молла – дінмен бірге ел бұзар, мына Қабулбек қыртты қара есекке теріс мінгізіп, елден қуып шығару керек», «Дүмше, топас, сауат­сыз уағыз айтқыш молдалар лағып кетті», «Әдейі жасалған видео болуы мүмкін. Білімі аз, бірақ иманға жақындығы бар жастарды адастыру үшін. Сілтемесін беріңіз, жөнге салып, өтірік ақпарат тарат­қаны үшін жанын шығарайық», «Бастарының  шәшкісін ашып, мыйла­рын ауыс­тыру керек» деген пікірлерді оқып отырып, тағы да тілдік агрессияның куәсі болдық. Қит етсе әлеуметтік желіде біреу қалыптан тыс көрініп, қиямпұрыс  сөз айтса, жұрттың дені соны «талауға» кіріседі. Жек көрушілік – біреуді жек көру, бұл әр адамда кездесетін ішкі сезім, көңіл күй.  Ал  өшпенділік  дегеніміз – жөк көрудің нақты бір көрінісі. Бұл – қоғамдағы тұрақтылыққа, тыныш­тыққа сына қағатын дерт. Руха­ни жағынан мешелдікке ұрынуға бастайтын қадам. Медиа мәдениетті дамытамыз десек, ең алдымен әлеуметтік желілердегі контенттің басым бөлігін жасап отырған журналис­тер мен блогерлер сауатты, білімді, мәдениет­ті  болуы  тиіс.

Мәселен, осы «70 пайыз сөздер арабтікі» деген дау-дамайға қатысты белгілі журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай мынадай ойын жариялады: «Дүниеде таза тіл болмайды. Ағылшынның өзінде роман (француз, испан, т.б.) тілдерінің ықпалы байқалады. Испанда да (байқап қалдым) бөтен сөздер өріп жүр. Бая­ғыда бізге сабақ берген Амантай Шәріп ағамның айтуынша, орыс тілін­дегі «А» әрпінен басталатын «авось» секілді санаулы ғана славян сөзі бар, қалғаны – түркі, француз, балтық, анау-мынау екен… Содан орыс ыңғайсызданып отыр ма? «Абажурдан» бастап бәрін өзіне сіңіріп, қылғытып, «тағы қандай сөзің бар, нөміріңді айт, жалмауыз?» деп жұтынып отырған жоқ па? Айтсаң, мойын­дамайды. Сіз қазақ тіліндегі орыс, араб, парсы сөздерінің пайызы­мен алыспай, ҚАЗАҚ ТІЛІ деген өз ана тіліңізді дұрыстап меңгеріп алсаңызшы әуелі. «Привет, брат!», «да конечно, обязательно», «просто үлгермедім»… Не сөз осының бәрі? Орысша қосып сөйлейтіндерге, жазатындарға ескерту жаса­сам, «ой, аузымыз үйреніп кеткен ғой» деп ыржалақтап күледі-ей. Сонда… сол ауыз кімдікі? Ауызға, тілге иелік ететін БАС, МИ деген жоқ па? «Үйреніп кеткен ауызды» ауыздықтау туралы ой келмей ме екен сол басқа? Өзіміз нағыз қазақ болайық. Тілдің «таза пайызын» сақтайтын сіз бен біз емес пе? Балаларымызды соған тәрбиелейік те! Әйтпесе ертең «адарғы» мен «дөдеге» жайына қалып, «Адал… это что? А, халал? Колбаса, что ли?» деп отыратын ұрпақ келеді». Бұған алып-қосарымыз  жоқ.

СӨЗ ТҮЙІНІ: «Сөзден күшті нәрсе жоқ» деген сөзді ежелгі грек драматургі Менандр айтыпты. Қазір кез келген адам аузына келген сөзді айтып-жазып, басқалардың тағдырына сөз-қарумен қауіп төндіріп, кейбір жағдайда кибербуллинг арқылы өмірмен қош айтысуына себепкер болғанын аңдамайды. Broadband Search зерттеу ұйымының мәліметтері бойынша, жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы әлеуметтік желілерде ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тап болады екен. Жасанды интелллект технологиялары қарқын алған кезеңде бұл үрдістің ұлғая түсетіні даусыз. Әр адам бұл мәселеге өзінің ой-зердесімен қарап, саналы түрде өзін-өзі қорғаудың жолдарын назарда ұстағаны абзал. Өйткен себебі, бұл қауіптің бұлты күннен-күнге қоюлана береді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

әлеуметтік  ғылымдар  магистрі, 

медиа  зерттеуші.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: