Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кедейліктің құрсауынан кім құтқарады?

10.10.2024, 11:00 442

Әлеуметтік  теңсіздік  түйіні толық тарқамай тұр. Елімізде ең төменгі жалақы бойынша соңғы бес жылдықта өсім байқалады. Десек те, бұл кедейлік  деңгейінің  оңалуына әсер етпей отыр. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 1 миллионнан астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Яғни, халықтың  5,1%-ын құрайды. Ең төменгі табыс Түркістан облысына тән. Бұған дейін Мемлекет басшысы белгілі бір элиталық топтардың экономикалық өсімнен пайда көріп, халықтың басым бөлігінің табысы бәсеңдегенін айтқан еді.  Ойлантарлық жайт. Мәселені майшаммен қарасақ, түрлі фактор көзге көрінеді. Сондықтан, тығырыққа тірелмеудің  тәсілін қарастырған  жөн-ақ.

ДАҒДАРЫС АЛДЫНДАҒЫ ДАБЫЛ

Табыстың төмен болуы тұрмыс­тың түзелмеуіне түрткі. Сапалы білім және медициналық көмекпен қамтылмаған азаматтарды қанатының астына алуға мемлекет мүдделі болу керек. Әлеуметтік әлсіз топтардың мәселесі әлемді де алаң еткен. Өйткені, табыс теңсіздігі экономикалық дамуды тежейді. Еліміз ең төменгі жалақы бойынша Африка мен Азияның кедей елдерімен шамалас. Халықаралық еңбек ұйымының 2022 жылға арналған зерттеуінде 109 мемлекеттің рейтингінде 77-орыннан төбе көрсеткен. Көштің басында Швейцария тұр. Мұнда сағатына ең төменгі жалақы 25 АҚШ долларын құрайды екен. Ал, Аустралия, Люксембург және Ұлыбритания үздік бестіктің қатарына енген. Көрші ел Ресей де ең төменгі жалақының сәл жоғары болуымен елімізден ерекшеленеді. Десек те, Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде ең төменгі жалақы Қазақстаннан төмен. Енді себеп-салдарға ойыссақ. Халықаралық еңбек ұйымы соңғы екі жылдық жаһандық есепте жалақының төмендеуіне  3 себепті атап көрсеткен. Олар –  инфляция, пандемия және геосаяси дағдарыс. Мұны экономистер де меңзеген еді. Өйткені, тәжді вирус­тың кезінде халықтың 60 пайыздан астамы тұрақты табыс­тан құралақан қалған. Бұдан бөлек, шикізатқа тәуел­ділік, қаржылық сауат­тың жоқ­тығы мен банкке берешек  те  кедейліктің  артуына  себеп.

Экономикалық дағдарыс елдің әлеуетіне елеулі қатер туғызады. Мемлекет басшысы әу бастан жағ­дайды жедел реттеу керегін еске салған болатын. Кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру және оны дамыту бойынша бірқатар іс атқарылды. Бұл жаңа жұмыс орнының ашылып, халықтың табысын арттыруға жол ашады  делінген.

– Бірақ, біз күткен нәтиже толыққанды шыққан жоқ. Қазір қолы­мызда не бар? 2020 жылы ұлттық табыс­тың басым бөлігі 61,5% бизнеске тиесілі. Салықтың көлемі бар болғаны – 7,3%, ал қазақстандық­тардың жалақысына 31% жұмсалады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Мысалы, Ресейде осындай экономика болғанына  қарамастан,  жалақы  46,7 па­йыз болады, яғни бізден 1,5 есе көп. Ұлттық табысты бөлудің айқын теңгерімсіздігі байқалады әрі әділдік жағынан мәселе бар, – деді Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл – екі жыл бұрынғы мәлімдеме. Сонда да өзекті. Тіпті, ел байлығының тең жартысына 162 адамның иелік етіп отырғаны туралы айтылды. Ал, олардың нақты кім екені  әлі  де  жұмбақ.

КҮМӘНДІ  КӨРСЕТКІШ, КІЖІНГЕН  КӨПШІЛІК

Қазір күнкөрістің өзі күшке түсті. Халықтың тұтынушылық сұранысы жоғары, бірақ тауар қымбат. Бұған тапқан табыстың басым бөлігі азық-түлікке жұмсалатыны дәлел. Мәселен, тамыз айында жеміс-­жидек пен көкөністердің бағасы 6,5 пайыз­ға өскен. Қызанақ, қияр, картоп пен қызылшаның бағасы да төмен емес. Сүт өнімдерінде де арзанның айырмасы байқалмайды. Олардың құны 5,4 пайызға өскен. Еттің бағасында да өсім бар. Онсыз болсын ба?! Осы тұста, депутат Ринат Зайытовтың «ақыры қымбатшылықпен күресе алмасақ, біз халықтың табысын көте­ріп беруіміз керек» деген сөзі ойға оралады. Ол өткен жылы мәжіліс кулуарында ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек деген еді. Ұлттық компаниялардың  басшылары,  орынбасарлары жылына жүздеген миллион сыйақы алатынын алға тартты. Жыл басынан бері ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілгені көпке мәлім. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 мың  теңгеге  артық.

– «Табыс өсті» деп бөркімізді аспанға атқанмен, айлығы шайлығына жетпей отырған отбасы көп. Есепке алмаған шығындарымыз, дәрі-дәрмек, дәрумендер, канцеляриялық құралдар, ойыншық, демалыс, үй жиһазы,  техника, азық-түліктен қой еті, сиыр еті, жылқы еті дегенді мүлдем жемейді, жеміс-жидек дегенді мүлдем жемейді, сары май дегенді, балық дегенді мүлдем жемейді, шампуньді мүлдем қолданбайды делік. Осы  отбасы  сонда  қалай күн  көреді? – деді  депутат  Ринат  Зайытов.

Айта кетейік, кейбір елдегі тұтынушылық себет көңіл көншітеді… Енді мына мәселеге зер салсақ. Дүние­жүзілік банк есебіне жүгінсек, еліміздегі кедейлік деңгейі ресми көрсеткіштен үш есе жоғары болып шығады екен. Өткен жылы экономист Мақсат Халық та статистика мен халықтың күнкөріс деңгейінің арасында айырмашылық барын айт­қан  болатын.

– Бізде кедейшілік деңгейі дұрыс есептелмеген. Ресми статистика 5% деп айтады. Бірақ, шын мәнінде, Дүние­жүзілік банктің мәліметінше, Қазақстандағы кедей халықтың саны 15% деп келтіріледі. Яғни айтарлықтай айырмашылық бар. Дәл осы Дүниежүзілік банк былтыр біздегі кедейлік қамытын киген тұрғындар саны 12,8% деп көрсеткен болатын. Осы көрсеткіштерге қарасақ, біздегі кедейлер санатына жататындар саны едәуір көп екенін көріп отырмыз. Бұл жерде назар аударатын бір жайт, елімізде кедейшілік деңгейі қалай есептеліп жатыр? Осы мәселе­ге де көңіл бөлуіміз керек. Бізде мемлекет тағайындаған ең төменгі күнкөріс шегі айқындалады. Сол шектен тө­мен табысы бар адамдар ғана то­йып тамақ ішіп жүрмегендер қатарына жатады. Мәселен, осы жылдан  бас­тап  бізде  ең  төменгі  күнкөріс шегі  40  мың теңге деп белгіленді. Демек  40 мың теңге табысы бар азаматтар­дың ешқайсысы кедей азаматтардың қатарына жатпайды. Кейбір отба­сын­да 200 мың теңге ғана жалақы алатын бір ғана адам жұмыс істеуі мүмкін. Ал, ол отбасыда 4 бала бар делік. Қарапайым математикаға сал­сақ, сонда әлгі 40 мың теңге жан басына шаққанда  шықпай  қалады, – деді  ол.

Иә, күнделікті қажеттілікке қол жеткізген дұрыс. Әйтпегенде, тірші­ліктің де кетеуі кетеді. Ал, экономист «40 мың теңгені бір адамға бір айлық тамақтану, жүріп-тұру сияқты шығындарына жеткілікті деп бекіту күлкілі»  дейді.

– Бізде мұны Ұлттық экономика министрлігі тағамтану академиясы­мен бірлесе отырып бекітеді. Енді, сол министрліктің  өкіліне «Сізге қырық мың теңге жалақы берсек, бір ай өмір сүре аласыз ба?» деген сауал қойсаңыз, «иә» деп жауап бере алмасы белгілі. Өйткені, есептемелердің барлығы нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Менің ойымша, дәл осы мәселені қайта қарау керек, – деп мәлімдеді  Мақсат  Халық.

МҰҚТАЖДЫҚ  пен МАСЫЛДЫҚТЫҢ  МӘНІ

Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып отыр. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек берудің мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру. Яғни, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шара­ларына тарту негізінде отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару. Бұл ретте  жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру де қарастырылған. Ол жалпақ жұртқа түсінікті шығар. Тіпті, кәсіпкерлік саласындағы оң өзгерістерді айтуға болады. Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша 59,8 мың отбасындағы 317 мың адамға атаулы әлеуметтік  көмек  берілген.

Десек те, құр қалмаудың қамына кіріскендер қазаннан қаспақ қал­дырмауға көшіпті. Өйткені, табысы тәуірі де әлеуметтік көмек алу үшін «жыларманның» күйін кешетін көрінеді. Осы тұста Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекті мұқтаж адамға беру  керегін  жеткізді.

– Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеу­меттік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психоло­гияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру  адамдарға  көмек  берілуі  қажет, – деді  ол.

Әрине, бұлай айтуға себеп жоқ емес. Өйткені, бірнеше жыл бұрын елде 2 миллион адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Десек те, тексеріс нәтижесінде көбінің үй-жайы, табысы бары  анықталыпты.

– Президент әлеуметтік көмек мұқтаж  азаматтарға  берілуі керек деген қағидатты ұстанып отыр. Ол өте дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бүгін­де әлеуметтік заңнамаларда қарастырылған әлеуметтік көмектер саны кемімейді. Бірақ, мұқтаж азаматтарға берілу мәселесі назарда бола­ды. Яғни, әлеуметтік теңдікті қалып­тастыру мәселесін қарас­тырып отыр. Сондықтан, келген азаматтар мұқтаж ба, мұқтаж емес пе, соған көбірек көңіл аударамыз, – деді Премьер-министрдің орынбасары Тамара  Дүйсенова.

Атаулы көмек уайымнан қаншалықты арылтатыны беймәлім. Бірақ, сәл де болса жүкті жеңілдететінін мойындау  керек.

ТҮЙІН. Тура 1 аптадан кейін Халықаралық кедейшілікпен күрес күні. Халықтың өмір сүру деңгейін оңалту үшін әр ел өздігінше тырмысып жатыр. Қанағатпен қарын тойдырған дұрыс-ақ.  Бірақ, әлеуметтік теңсіздікті шешпей, экономикалық дамуды тұрақты ету неғайбыл.

Нәзік  АХМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: