Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тас үйде тұрған бастық

03.10.2024, 14:00 59

HALYQLINE.KZ

Ауланың алдына келіп тоқтаған жеңіл көліктің дыбысын естіп, ауланың сыртына шықтым. Жеңіл көліктен түскен егде адам машина жанында тұрған жігіттен:

– Точно, осы үй ме? – деп сұрап жатыр екен. Мені көріп таңданысын жасыра алмай:

– Қырық жыл нотариус болған адамның үйіне ұқсамағасын сұрап жатырғаным ғой. Бір кездері осы ауданда алыпқашпа, жағымды, жағымсыз әңгімелерге арқау болған Локомотив депосының бастығы Тұраш Тұңғышбайұлы Сегізовтың тұрған, теміржол салынғанда тастан қаланған үйін соңғы сапарына шығарып салуға барғанда көріп таң қалғанмын. Бүгін үйіңді көріп, сол есіме түсіп тұрғаны, – деді.

Сол бір жан уәж емес шаруаға байланысты кеңес алып кеткенімен, Тұраш аға туралы бір естелікті есіме еріксіз салып кетті.

Ол кезде аудандық партия комитетінің есеп секторында статиспін. Үй – бесінші кварталда. Түскі асты сол кездегі Юбилейный кинотеатрының жанындағы «Ілтипат» асханасынан, кейде Федеративный көшесіндегі бажам Шамилдің үйінен ішемін.

Бір күні түскі ас ішіп отырғанда Шамил:

– Мына Ералханның әскерден келгеніне екі жеті болды. Армияға депода машинист көмекшісі болып жүріп кетіп еді ғой. Кеше жұмысына барса, «қайтадан слесарь етіп қабылдаймыз. Үш ай жұмыс істеп, тепловоз машинисінің көмекшілігіне сынақ тапсырасың» депті кадр бөліміндегілер. Сен өткенде заң бар, армияға алынған адам армиясы біткенен кейін өзінің қызметіне қабылдануы керек деп отыр едің ғой. Қасындағы балалар бастыққа бірдеңе беріп тұрмақшы болып жатыр екен, Сегізовпен сөйлесе аласың ба, беретінін берейік,- деді.

Ол кезде Локомотив депосы – Одаққа бағынатын белді мекеме. Денесі шағын, елгезек жан болғанымен теміржолдың оқалы киімін киіп жүретін Төкеңнің «Сегізов… Сегізов» болып тұрған кезі.

Аузымның ұшымен «көрейін» дедім. Жиналыстарға шақырғанда телефонмен сөйлескенім, жиналысқа келгенде сәлемдескенім болмаса, жағдай айта қоятындай таныс емес едім. Жүрексініп тұрсам да бажамның көңілін қимадым.

Жұмысқа келсем, теміржол мекемелерінің басшылары жиналысқа жиналып жатыр екен. Тұраш аға кездесе кетті.

– Тұраш Тунгышбаевич, өзіңізде шаруа бар еді, қашан хабарласқаным дұрыс, – дедім сыпайы ғана.

Қолымнан ұстап:

– Зачем так официально, – деп шеткерірек шығарып, – Жеке шаруа ма, айта беріңіз.

Сол кездің дәстүрі ме, әлде орыс ұлты көп мекеменің басшысы болғасын ба, ол кісі орысша араластырып сөйлеуші еді. Ыңғайсыздансам да жағдайдың шет жағасын айта беріп едім.

– Мүмкін, біздің жігіттер білмейтін шығар. Сол заңды, баланы алып, ертең планеркаға дейін кабинетке кел, – деді.

Жұмыс аяғында соғып баланың құжаттарын көріп, арызын да жаздырып, ертең депоға кел, мен аржағынан келемін деп кеттім.

Ертеңіне барсақ, алдындағы хатшы қыз бастықтың депоны аралап жүргенін, қазір келетінін айтты.

Келген бойда бізді шақырып алды. Баланың құжаттары мен қолымдағы «Человек и закон» журналының қажетті бетін ашып қолына бердім. Кадр бөлімінің бастығын шақырып алып, журналды қолына беріп:

– Мынаны білесің бе? – деді, басын изеген қызметкеріне. – Қазір арызына қол қойып беремін, медосмотрге жібер.

Маған қарап «қайта беріңіз» деді де, алдындағы телефон кнопкасын басып, хатшыға «жігіттер кіре берсін» деді.

Ертеңіне түскі асқа барғанымда Шамил риза болып, отпускной ақшасын алғанын айтып, банктің орауы бұзылмағн үш сомдықты беріп «Сегізовке бер, құрғақ қасық ауыз жыртады деген бар. Басқа да шаруалар айтуың мүмкін ғой. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» деген» деді.

Ол кезде депо қазіргідей қоршаулы емес. Бесінші кварталдың он бірінші учаскесіне бару үшін аспалы көпірдің ортасындағы басқышынан түсіп, депоның үлкен котельниінің жанымен депоның алдымен өтесің. Сол жерден өтіп, бастықтың кабинетіне беттеп келе жатқанмын (ол кезде депо бастығының кеңсесі сол кездегі депоның ауласындағы шағын ғимаратта болтын), Тұраш аға плащның шалғайы екі жақта, шалт-шалт басып депоға қарай жалғыз өзі келе жатыр екен. Кабинетіне қайта бармайтынын сездім де, қатарласып келіп, рақметімді айтып, бір тасалау жерге келгенде кителінің қалтасына ақшаны салып жібердім. Маған жалт қарап, қалтасынан ақшаны алып:

– Обижаете, – деп қолыма ұстатып. – Бросьте такие казахские замашки. Лучше скажите парню, чтобы работал добросовесто, – деп еңкіштеу денесін тік ұстап бара жатқаны көз алдыма келді…

Құдайберген  Есекей,

Қазалы  ауданы

Әйтеке  би  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: