Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана ауыл, мына ауыл, Ортадағы қай ауыл?!

25.05.2020, 9:20 934

Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың назарына

HALYQLINE.KZ  Бұл жұмбақ емес. Өмір шындығы. Ендеше, айтар сөзімізге құлақ түрсеңіз, оқырманым!

Сырдарияның арғы жағалауына қоныстанған Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына қоса Арал ауданының бірнеше елді мекеніне апаратын ұлы жол Жанқожа батыр ауылының нақ іргесімен өтеді. Айтпақшы, Қырымбек Көшербаев ағамыз облыс әкімі болып тұрғанда салынған «Әлсейіт» көпірінің арғы жағалауды қоныстанған қабырғалы қауымды бұған дейін ұзақ жылдар бойы орын алып келген көктем-күз айларындағы сең жүру кезіндегі әбігерден біржолата құтқарғанын атап кету ләзім. «Көпір салған сауап арқалайды» дейді дана халқымыз.

Сонымен… Жанқожа батыр ауылы Арықбалық ауылдық округінің аймағында орналасқан. Қасиет қонып, құт дарыған осынау киелі топырақта көптеген әулие, ишан, ғұламалармен қатар Жанқожа бабамыздың әкесі Нұрмұхамед (ел арасында Нұрымбет батыр деп аталып кеткен) пен ағасы Өтеген бабамыздың бейіті бар.

Ауылдың шежіресі тереңнен нәр алады. Жанқожа батыр бабамыздың бастауымен Ресей патшасы билеушілерінің озбыр саясатына қарсы шыққан көтерілістің шешуші шайқасы дәл осы Арықбалықта өткені тарихтан белгілі. Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ., 1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 жылы Қазан қаласында жарық көрген) жазылған.

Облыс көлеміндегі тіректі елді мекен санатын иеленген Жанқожа батыр атындағы ауылдың қазіргі көрікті келбеті жаныңды жадыратады. Ұлы жолдың бойымен жүрген адамның ауылға бұрылар тұстағы Жанқожа батыр бабамыздың пішіні бейнеленген, мұқият қоршалып, тал егілген стеллаға, толқыны трассаның етегіне тіреліп, шалқыған аумағы көз жетер тұсты көмкерген, айдынында құс жүзіп, шағаласы шабақ ілген Ащыкөлге, жусанының жұпар иісі жансарайыңды ашқан Нұраға, тұрғындардың жеке иелігіндегі төбенің етегін жапқан төрт түлікке еріксіз назары түсері хақ. Ауыл ішіндегі мұнтаздай асфальт көшелер, еңселі ғимараттар, көшенің түнгі жарығы, әсем саябақ басқа да әлеуметтік нысандарды көргенде бойыңды ерекше сезім билейді. Кеудеңді керіп тұрып «Бұл – біздің ауыл!» деп масаттана айтуға толық лайықты. Оған қоса, ағымдағы жылы ауылдық мәдениет үйі мен 2 көшеге жөндеу жүргізіледі деп күтілуде.

Десе де, ауылда шешімін күткен мәселе де (еліміздегі көпшілік өңірлерге тән жұмыссыздық, т.б) жоқ емес. Соған орай, бүгін ауыл тұрғындары біршама уақыттан бері зарыға тосып жүрген, Қазалы ауданы басшыларына айтыла-айтыла әбден иі қанып, сүрленуге айналған мәселені облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың назарына ұсынуды жөн санадым.

Ауылдағы ауыз су құбырын сервистік жүйеге қосу жайының тұрғындар тарапынан қозғалып жүргеніне біршама уақыт болды. Қолдағы дерекке жүгінсек, 2013 жылы дайындалған жоба-сметалық құжаттары мерзімі өтуіне байланысты 2017 жылы қайта жасалыпты. Өкінішке қарай, биылғы жылы оның да мерзімі аяқталатынға ұқсайды. Осы аралықта облыс, аудан әкімі, бірнеше мәрте ауыл әкімі өзгерді. Әкімдер өзгергенімен ауылдың ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосу әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Жылда аудан әкімінің есеп беру жиынында қозғалады. Қуанышбек Ысқақов облыс әкімі болып тұрған кезде ауыл тұрғындармен өткен кездесуде ақсақалдар тарапынан қозғалған осы мәселені «қарастырамыз» деген болатын…

Ал Мұрат Нәлхожаұлының Қазалы ауданы әкімі қызметін атқарғанына да міне, екі жылдан асты. Сондықтан бұл тақырыпқа М.Ергешбаев та қанық деп ойлаймын. Әрине, бар гәптің қаражатқа келіп тірелетіні, қаржы жолын табудың оңай еместігі белгілі. Оған дауымыз жоқ…

Бірақ… «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына ренжимін» деген екен бір мұңлық. Сол сияқты жан-жақтағы көршілері (қала беткейіндегі Ақтан батыр, Жалаңтөс, Мұратбаев, арғы жағалаудағы Түктібаев өзге де ауылдар сервистік жүйемен қамтылса, Бекарыстан биге биыл жүргізілмекші. Бір қызығы, Түктібаев пен Бекарыстан би ауылының аралығындағы Майдакөл ауылы да сервистік жүйеге қосылмаған) сервистік жүйенің игілігін көріп отырғанда дәл ортадағы Жанқожа батыр атындағы тіректі ауыл тұрғындарының қандай себеппен аралда қалған адамның күйін кешуі түсініксіз. Жалпы, Жанқожа батыр, Майдакөл ауылы аудандағы сервистік желіге қосылмаған санаулы елді мекендердің қатарында.

«Сабырлы жетер мұратқа» десек те, тіректі ауылдағы көптен шешімін таппай жүрген түйткілге қашан нүкте қойылар екен?!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: