Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЕРКЕКСІҢ ҒОЙ»: Мысқылдау ма әлде мотивация ма?

25.07.2024, 12:20 553

Кейде ердің де адам екенін естен шығаратын тәріздіміз. Физикалық тұрғыда мықты болғанымен, ішкі күйі мен психологиялық жайында мәселе болатыны жасырын емес. Бірақ, оған үңілуге ешкім құлық танытпайтын сияқты. Өйткені, ол – еркек! Ал, гендерлік стереотип бойынша, ер адам ерте жастан жетістікке жетіп, бәріне шыдауы керек. Қоғамда осындай түсінік қалыптасқан. Жығылса, «еркек емессің бе?» деп намысын найзалауға бәрі әзір. Ranking.kz мәліметіне сәйкес елімізде әйелдерге қарағанда ер адамдар 5 есе жиі суицид жасайды. Жасөспірімдер суицидіне баса мән бергенімізбен, өз-өзіне қол салу фактілерінің 76%-ы 18-75 жас аралығындағы ерлердің үлесінде екен. Себебі сан түрлі. Сонымен, күйзеліс неге туындайды, мәселе неден?

ЭМОЦИЯ:  ЕРДІҢ  ЖЫЛАҒАНЫ ЕРКЕЛІК  ЕМЕС

Итжығыс өмірде ешкім идеал емес. Кез келген адамның өз алдына атқаратын міндеті мен орындайтын парызы бар. Бірақ, ердің образын санаға сіңіргені сонша, сүрінсе ит терісін басына қаптауға дайын көбі. Бұл ердің ессіздікке баруына жол ашық деген сөз емес. Кейде жігердің де құм болатын, еңсенің де езілетін сәті болады. Мұндайда, алып азаматтың көңілі құлазымайды деп кім айтты? Жаны бар болған соң жас шығады. Бірақ, бұл жер бауырлап жылау дегенді білдірмейді ғой. Сонда да мұны қоғамның қабылдауы қиын. Ал, эмоцияны шығармаудың салдары ауыр.

– Ер адамның босаңсып, бір кез мұңайып, жылайтынын дұрыс түсініп, мұны сөкпеуіміз керек. Әр адам өзінің эмоциясын орнымен шығарып тұруы денсаулыққа пайдалы. Ер адамдарда жиі өлімге әкелетін инсульт, инфаркт секілді аурулар шок алып, уайымдап, ешкіммен бөліспей, ішіндегі эмоциясын шығармай жинай бергеннен болады. Ал жиі жылайтын әйел адамдарда бұл аурулар өте сирек кездеседі. Басты мәселе – орнымен жылауда. Кез келген болмашы жағдайда езіле беру емес, кино көріп отырып, бақытты, қуанышты жағдайларда немесе жақынын жоғалту секілді шарасыз күйде жас шығару ер адамға да жарасады, – дейді психолог Д.Болат.

Ерлер қауымы дәрменсіздік көрсетуге арланады. Отызға келіп, орда бұзбағанын да сөкеттік көреді. Әлбетте, ердің еңбекқор болып, бір істі дөңгелеткені дұрыс. Бірақ, сөйте тұра тірлікте тыным бермей, «еркек емессің бе?» деп үстін-үстін үстемдік жүргізудің реті жоқ.

– Ер адамдар көп жағдайда әлсіздігін көрсетпей, шыдамдылық танытады. Ұл балаларды кішкентайынан сүрініп қалса, ауырсынса, «сен жігітсің ғой, жігіт деген жыламайды» деп тәрбиелейміз. Кейін өсе келе эмоциясын көрсете алмай, күйзеліске жиі ұшырайды. Дүниеге сәби келгенде ұл мен қыз баланы салыстыратын болсақ, қыз бала өмірге бейім болып келеді. Олар эмоцияға жақын болғанымен, стресс пен депрессиядан тез шығып кете алады. Ал, ер адамдар тұңғиыққа батып, сырын ешкіммен бөліспейді. Өкініштісі сол, ерлердің әйелдерге қарағанда өмір сүруі аз. Барлық елді алып қарасаңыз да, бұл дәлелденген. Демограф, психолог және әлеуметтанушылардың зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Негізгі фактор – ер адамның физикалық күш-қуаты жоғары болғанымен, әлеуметке бейімделуі әлсіздеу келеді. Эмоция іште сақталса, ол организмге де әсер етеді. Мәселен, әйелдер эмоциясын жылап, әдемілікке сүйсініп, құрбыларымен сөйлесу арқылы шығарып, жеңілдейді. Сондықтан, денсаулығына айтарлықтай әсер етпейді. Тіпті, әйел адамның дүниеге сәби әкелуі де биологиялық тұрғыда организмінің өзгеруіне, жаңаруына негіз. Әлеуметтік кез келген қиындыққа әйелдер төзімді. Нәзік болғанымен, биологиялық және психикалық тұрғыда мықты болып келеді. Өмірге құлшынысы да ер адамға қарағанда өте жоғары.

Бишімбаевтың ісі қоғамда резонанс тудырғаны рас. Ер мен әйелдің құқығын тең дәрежеде сақтау үшін заң шығарылып жатыр. Әрине, әлсіз топты, әйел мен баланы қорғау қажет. Бірақ, кейбір  әйелдер  осы жағдайды  пайдаланып, болмашы нәрсені жарияға жар салып, ер адамның  беделін  түсіруде, – дейді әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мақпал Сыздықова.

«ӘЙЕЛДЕРДІ  ЕРКЕКТЕРДЕН КӨП  ДЕЙДІ»

Елімізде ер адамға қарағанда әйел­дердің саны басым және өмір сүру ұзақтығы жоғары. 1 маусымда халық санына байланысты жаңартылған дерек жарияланды. Қазақстандықтардың саны 5 айда 100 мыңнан асқан.  Әйелдер 10 302 166 болса, ерлер саны 9 837 748-ді құрайды. Енді бағамдай беріңіз. Ал әлем бойынша көп елде ерлер саны басым. Десек те, 50 жастан кейін теңсіздік басталып, ерлер саны күрт төмендейді. Бәлкім, басты фактор сол өмір сүру ұзақтығына байланысты. Тек Қытай мен Үндістанда ерлер популяция­сы айтар­лықтай жоғары. Халқы көп ел екенін  де  мойындау  керек.

Зерттеулерге сүйенсек, 2022 жылғы статистика бойынша елімізде ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 8,1 жылға қысқа. Бұл 70,3 және 78,4 жас аралығын қамтиды. Ал әлем елдерінің кейбірінде көрсеткіш 10 жылдан астам екен. Негізі ұл балалар дүниеге көп келгенімен, бір жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігі төмен. Яғни, нәресте өлімінің көрсеткіштерімен өлшенеді. Бұған денсаулық жағдайына байланысты түрлі фактор әсер етеді. Мәселен, иммундық жүйенің дұрыс дамымауы немесе ұл балалар­дың  шала  туылуы.

Ерлер өмірінде күйзелістің күйреуге әкелетінін айттық. Тиісінше, жүрекке жүк түсетіні де ақиқат. Орта және егде жастағы ерлер жүрек-қан тамыр­лары ауруы­на шалдығып, ажал құшады. Осыған қатысты өлім-жітім деңгейі әйел­дерге қарағанда 2 есе жоғары болған.

Ерлердің де өз айтары бар. Қоғамда тек қыздарды ғана емес, ерлерді де түсі­ністікпен қабылдаса дейді. Ерлердің ішкі дүниесін, олардың сезімдерін түсіну арқылы ғана толықтай тең және қолдаушы қоғам құра аламыз. Бұл тек ерлер үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін өте  маңызды  екенін  айтады.

– Қоғамда ерлерге қатысты стерео­типтер өте кең таралған. «Ерлер қиналмайды, жыламайды, әрдайым батыл болуы тиіс» деген ойлар тереңге бойлап кеткен. Әлеуметтік статусқа ие болу ерлер үшін ұят деп саналады. Бұл дұрыс емес. Ерлердің қиналғанда көмек сұрауы, психологиялық және моральдық қолдау алуы қалыпты жағдай болуы тиіс. Адам баласы болған соң, әрқайсысымыздың қиындықтарымыз болады. Ерлер де сезімтал, жан дүниесінде түрлі ой мен эмоция бар. Олардың да қолдауға, түсіністікке мұқтаж екенін мойындау керек уақыттамыз. Қоғамда ерлердің әлеуметтік күйін сынау орнына, олардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін құрметтеу қажет деп есептеймін. Ерлердің де адам екенін, олардың да қиындықтарды бастан кешіретінін ескеріп, оларға қолдау көрсету керек. Өз қиындығын шекарасынан шығара алмаған адам суицидке жақын болады. Өйткені оны уайым мен пассивті мотивация «жеп тауысқан». Адамзатқа бірдей қолдау көрсету әсіресе, қазіргі заманда  өте  маңызды.

Қоғамда  ерлердің қиындық­тары мен ішкі тоқырауларын көрсетуге келгенде, көпшілік оны қабылдағысы келмейтінін байқаймыз. Бұл жағдай ерлердің эмоционалды жағдайын елемеу, оларды тек батылдық пен күш-қуаттың символы ретінде қарау үрдісін көрсетеді. Қоғамның ерлерге деген осы біржақты көзқарасы оларды өз сезімдері мен қиындықтарын жасыруға, көмек сұраудан қорқуға мәжбүр етеді. Нәтижесінде, ерлер арасындағы психология­лық және эмоционалдық мәселелер көбінесе назар­дан тыс қалады, – дейді қала  тұрғыны Ғ.Мұратұлы.

СУИЦИД:  СЫНАҚҚА  СЫНУ  немесе  ӨЛТІРГЕН  НАМЫС

Иә, еліміз ерлер арасындағы суи­цид деңгейінен антирейтингте көш басын­да тұр. Мәселен, ҚР Бас прокура­турасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комите­тінің (БП ҚС АЕК) дерегінше, былтыр қаңтар-желтоқсанда елімізде суи­цид­тің 3,7 мың оқиғасы тіркелген. 79,3% жағдайда қайтыс болғандар – ер адамдар. Ал, 2015-2021 жылдар аралы­ғында өзіне қол салғандардың басым бөлігі 35-54 жасты қамтыған. Былай қара­саңыз, бұл жастағы азаматтар тиісті жетістікке жетіп, қызметке кіріседі. Ал, сәтсіздікке ұшырап, жұмыссыз қалғандардың күйзеліспен күресуі қиын. Бірақ, бұл барлық ер адам осындай деген­ді білдірмейді. Суицидтің негізгі себептері де осында. Яғни, ер адам мұндай жағдайлардың басқа түскенін өзіне сын көреді. Мәселен, 2021 жылғы дерек бойынша, ерлер қауымы жалғыздықтан суицидке барған. Ал оның 28%-на қаржылық қиындық, банкроттық пен қарыз  қамыты  себеп.

– Суицид туралы сөз қозғағанда біз өзімізді қорғалмағандай сезінеміз. Меніңше, ерлердің өзіне жиі қол салуына Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы себеп. Соның ішінде жұмыспен қамтылмауы. Бала кезден бастап біз ерлерге «отбасыға жауап беріп, жақындарын толығымен қамтамасыз етуі керек» деген ойды сіңіреміз. Бірақ мемлекетте жұмыс орындары болма­ғандықтан, олар бұл міндетті толық­қанды атқара алмайды. Салдары­нан азаматтарда «бұлай өмір сүргенше сүрмеген артық» деген ой туындайды. Сондай-ақ, бізде психиологиялық көмектің стандарты жоқ. Жоғарғы оқу орындарын  аяқтайтын психологтар көп, бірақ нағыз маман­дар саусақ­пен санарлық. Шынымен көмектесе алатындары қызметі үшін қомақты қаржы сұрайды, бірақ қара­пайым азаматтардың қалтасы көтермесі анық, – деді «Қазақ­стан дағдарыс орталық­тары одағының»  директоры  З.Байсакова.

Экономикалық жағдай  өлімге қа­тыс­ты  өзекті мәселе болып тұр. Өйт­кені, кедей ерлер қалталы ерлерге қара­ғанда он есе көп күйзелісті бастан өткеретін көрінеді. Әлбетте, мұндайда ер адамды жылы сөздің өзі қуаттайды. Психолог С.Кдралина да осыны меңзейді.

– Адам жақындарының немесе психолог­тың  көмегінен  бас  тартып жатса, бұл да күйзелістің белгісі деген сөз. Еркек көп сөйлемесе, құлазып  жүрсе, отбасыда әйелі немесе ата-анасы жылу сыйлап, «Біз саған сенеміз» деген секілді сөздер айтуы керек. Сонымен қатар, бұған дейін де талай қиындықты еңсергенін еске салыңыз. Мұның барлығы – ер адамдағы күйзеліске дұрыс реакция білдіру деген сөз. Ең маңыз­дысы – қолдау көрсетіп, отбасыда тұрақтылық атмосферасын қалыптас­тыру. Ал суицидтің алдын алу үшін ер адам көп сөйлесуі керек. Соның ішінде өмір сүруге деген құлшынысы жоғары, жігерлі адамдармен сөйлескені жөн. Спортпен шұғылдану, сүйікті ісімен айналы­су, мұның барлығы бақыт гормонының бөлінуіне әсер  етеді, – дейді  ол.

ТҮЙІН. Иә, ердің табиғатына қайсарлық тән. Олардың мойнында мың батпан жүк бар. Кейде олар да тоқыраудың торына түседі, құлайды, қайта тұрады. Сондай сәтте қолдаған жөн. Ал, «еркексің ғой» деп жөнсіз түртпектеудің қажеті жоқ. Бұл әркімге  әрқалай  әсер  етеді.

Замира ҚОНЫСЖАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: