Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орман шаруашылығы экологиялық жағдайды жақсартады

17.07.2024, 15:40 329

HALYQLINE.KZ

Аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту үшін орман шаруашылығын дамыту өте маңызды. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінде орман өсіру мен көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

– Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 7 млн гектарды құраса, оның 3,8 млн гектары орманды алқаптар болып табылады. Ал, орманды алқаптың 83 пайызын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. Облыстағы ормандарды қорғау, молықтыру, сақтау және орман өртін алдын алу мақсатында 8 орман шаруашылығы мекемесінде 729 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанында 2021-2025 жылдар аралығында жалпы аумағы 1,1 млн гектар жерге орман мелиорациялық екпелер егу тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы 101 мың га жерге, 2022 жылы 250 мың га жерге, ал өткен жылы 193,2 мың га жерге жүргізілсе, биыл көктемде 65 мың га жерге жүргізілді. Қалған көлем агротехникалық талаптарға сәйкес күз айында орындалатын болады. 2024-2025 жылдары барлығы 556,2 мың гектарға фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Айта кетейік, қала және елді мекендердің жасыл белдеу көлемін ұлғайтумен қатар, қала, елді мекен көшелерін көгалдандыруға қажетті ағаш – бұта көшеттерін орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан «Таза Қазақстан» акциясына беріліп келе жатыр. Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясына 88 345 дана саялы ағаш көшеттері босатылған болатын. Биыл науқан аясында 145 486 дана саялы ағаш көшеттері босатылды,- деді Серік Сағитжанұлы.

Сонымен қатар, алдағы екі жылда барлық аудандар мен Қызылорда қаласында «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» жоспарланған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен алдағы екі жылда 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 8 жоба «Жасыл Даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады. Оның ішінде, облыс орталығы Қызылорда қаласында 2 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның бірі – Оңтүстік Корея инвесторларымен жүзеге асырылатын қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Аталмыш жоба аясында Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауыты салынатын болады. Қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайтын зауытта қалдықтар кәдеге жаратылып, электр энергиясы өндірілетін болады. Сонымен қатар, 100-ден аса бос жұмыс орындары құрылады. Бұдан бөлек, қуаттылығы жылына 220 млн шыны ыдыстарын шығаратын жобаны іске асырмақпыз. Зауытқа шикізат ретінде өнімнің 50 пайызына республика бойынша жинақталған шыны қалдықтар қолданылатын болады. Жалпы, барлық жоба толық жүзеге асқан жағдайда 500-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылып, 500 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтеді,- деді басқарма басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: