«Тазалық табалдырықтан басталады», «Таза қала – ортақ үйіміз» деген секілді ұрандардың айтылып жүргеніне көп болды. Әрине, тазалықты кім жек көрсін!? Өзге өңірлерге қарағанда экологиялық жағдайы нашар Қызылорда облысының жасыл желекке оранып, көшет егуді дәстүрге айналдырғаны қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасып жатыр. Акция аясында саябақтар, скверлер мен аллеялар аумағын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізілді. Оған дау жоқ, өйткені оны көзіміз көрді, БАҚ беттерінен және әлеуметтік желіден оқыдық. Жалпы, тазалық акциясы науқандық ғана іс-шара болмауы керек.
«ҮЛГІЛІ ЕЛДІ МЕКЕН», ҮЗДІК БАЙҚАУ ЕКЕН
Мемлекет басшысының «Ауылдық аумақтарды дамыту туралы» тапсырмасына сәйкес, облыстағы елді мекендер арасында тазалыққа, көркейту-көгалдандыруға, абаттандыруға бағытталған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуде. Байқау – туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба.
2023 жылы конкурс 2 мәрте көктем және күз айларында өткізіліп, облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Соның арқасында ауылдық аймақтарға қажетті арнайы техникалар – қалдық тасымалдаушы көлігі, жол тазалағыш, жер қазушы, тиегіш тракторлар, ассенизатор машинасы, жүк тасымалдаушы көлігі секілді 29 техника жеңімпаз елді мекендерге табысталды.
ТАЗАЛЫҚ ЖАСАП ЖАРЫСҚАН ЖАҚСЫ
Алғаш рет өткізілген көктемгі конкурсқа 7 аудан орталығы, 24 ауыл қатысып, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша 3 аудан орталығына және «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 3 ауылға арнайы коммуналдық техникалар табысталды. Күзгі конкурста да осындай талаптарға сай жеңімпаздар анықталған.
Биылғы жылы да конкурс жалғасын тауып, облыстық бюджеттен 436 миллион теңге бөлініп отыр. Оған 19 техника сатып алынып, конкурс жеңімпаздарына табысталады. Қазіргі таңда конкурсқа қатысушы елді мекендердің құжаттары жинақталып жатыр.
Конкурс «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша өткізіледі. «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша әр ауданнан 1 жеңімпаз елді мекен анықталады және оларға абаттандыру жобаларын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 15 миллион теңгеден беріледі. «Үлгілі аудан» номинациясына аудандардағы кенттер мен қалалар, «Үлгілі ауыл» номинациясына тірек және серіктес елді мекендер, «Үлгілі елді мекен» номинациясына тірек және серіктес елді мекендерден басқа елді мекендер қатысады.
«ҮЗДІК АУЛАЛАР» ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қызылорда қаласында «Үздік аула» номинациясы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде конкурс ұйымдастырылып келеді. Мұны уақытында шаһар тұрғындары ерекше жобаға балаған еді. Әлі де солай. Себебі, қаза тазалығы әр үйден, көшеден басталады.
Мысалы, өткен жылы қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен конкурс нәтижесімен Қызылорда қаласы, Абдрахманов көшесіндегі №19 көпқабатты үйдің ауласы «Үздік аула» номинациясының жеңімпазы атанды.
Көпқабатты үйдің аталмыш номинацияның жеңімпазы атануына осы үйдің тұрғыны, зейнеткер Бердіқожа Кенжебаевтың үлесі зор. Ол өз күшімен көпқабатты тұрғын үйдің ауласына соңғы жылдары 100-ге жуық ағаш отырғызып, ауланың жасыл желекке айналуына септігін тигізді. Ең бастысы, бүгінгі күні шаһарымызда үлгілі аулалар саны артып келеді. Бұл да – жобаның жеңісі, жемісі.
ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚОҚЫС ӨҢДЕУ ПОЛИГОНЫ САЛЫНАДЫ
Қызылорда қаласы аумағындағы қоқыс полигонына Корея Республикасынан инвестор тартылып, қоқысты қайта өңдеу зауытын салу жоспарланғаны жайлы ақпарат тарады. Шыны керек, қоқыс полигонынан қызылордалықтар көп әбігер шекті. Сондықтан бұл жобаның берері мол болады.
Бүгінгі таңда оңтүстіккореялық инвестормен Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан меморандумға қол қойылып, тиісті құжаттар әзірленуде.
Зауытқа 8 миллиард теңге шамасында қаржы салынып, жылына 300 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңделетін болады. Нысан 2025 жылдың ІІ тоқсанына пайдалануға беріледі деген жоспар бар.
«ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫНА» ТҰРҒЫНДАР РИЗА
Бүгінде Қызылорда қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқарып келеді. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады. Қыста қар жауса да, мекеме жұмысшылары сақадай-сай тұрады. Әрине, сын барлық жерде болады. Десе де, тазалық сақтамау шаралары тұрғындар тарапынан да жиі кездеседі. Қалай десек те, соңғы жылдары көпшіліктің тазалық мәдениетін сақтауға деген ықыласы оянып келе жатқандай.
Соңғы 2 жылда мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 2 миллиард 153 миллион теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынған. Әлбетте, бұл аз қаржы емес. Дегенмен, жүйелі жұмыс үшін қаржы қаралуы тиіс, қолдау жасалуы қажет.
Айта кету керек, коммуналдық саланың жұмысшыларына қолдау білдіру мақсатында оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған және жылына бір рет шипажайларға тегін жолдама беріледі.
Бұдан бөлек, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысты биылғы жылдың басында қалада арнайы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қаладағы орталық көшелер, сквер, аллеяларды көркейту мен қаланың көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде.
«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ
Апта басында өңірде республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға еңбекші жастармен қатар, волонтерлер, қала тұрғындары қатысты. «Жасыл ел» қозғалысы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, ортақ идеялар төңірегінде топтастыруда. Жастарды іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде қосымша табыс табуына назар аударылып келеді.
«Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1871 жас маусымдық жұмыспен, орналастыру, қажетті экипировкамен, белгіленген мөлшерде еңбекақымен қамтамасыз етіледі.
Қозғалыс мүшелерімен облыс көлемінде орналасқан мәдени-демалыс орындарында, аллея, сквер, алаңдар мен парктерде көгалдандыру, аумақтарды қоқыстан тазалау шаралары атқарылады.
Алғашқы тазалық маусымында 100-ге жуық еңбекші жастар Қызылорда қаласындағы «Б.Шөкенов саябағында» тазалау, сырлау, әктеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына өз үлесін қосып үлгерді.
8 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛҒАН
Айта кету керек, мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған экологиялық акцияға осы кезге дейін барлығы 191 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысып отыр. Нәтижесінде 8 мың тоннадан (8426) астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 505 сквер мен парк, 225 тарихи мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан, 1130 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 289 су объектісі, 24 445 аула мен көшенің бойы тазартылған. Бұл жұмыстарға 900-ге жуық техника жұмылдырылып, 129 мыңнан аса (129 358) өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сыр талының көшеті егілді.
Иә, егіліп жатқан көшетте есеп жоқ. Ерте көктемде Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов «көшет егуге де ғылыми көзқарас керек» деп, арнайы мамандарды алдырған болатын. Яғни, ғылыми тәжірибеге сүйеніп, жерсінген ағаштарды егу, ең бастысы, егілген көшеттерді суару жұмыстарын қолға алған жөн. Биыл аяқсу беру жұмыстары да ерте басталды. Тиісінше, арықтар да ертерек тазартылды. Осы күні су тапшылығына байланысты қала ішіндегі арықтарды бетондап, суды үнемдеу әдісін қолдану туралы ұсыныстар айтылып жүр. Сайып келгенде бәрі – экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тазалық мәселесі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.
Ырыскелді ТӘЖІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!