Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өр рухты, қайсар мінезді

20.06.2024, 10:00 320

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына –  100 жыл. Көзі тірісінде аты аңызға айналған тұлға мемлекетіміздің егеменді ел болып қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Жоқтан бар жасап, қазақ әскерінің қазығын қаққан қайраткер. Жаудың да, желдің де, елдің де өтіне қойған біртуар азаматтың есімі өз деңгейінде дәріптелуі тиіс. Осы ретте генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың көзін көрген, тәлімін алған запастағы полковник, продюсер,  ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқытушысы Сабыржан Есентайұлымен (суретте) тілдесіп, даңқты батырдың өмір жолын оқырманға кеңінен таныстыруды жөн көрдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес. Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтың, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз» деген болатын. Енді «Айбын» орденінің бірінші деңгейлі дәрежесіне генерал Сағадат  Нұрмағамбетовтың  есімі  беріледі.

Сағадат Қожахметұлының көзін көрген запастағы полковник Сабыржан Есентайұлы атаулы жыл аясында Мемлекет басшысы бекіткен жоспар негізінде республикалық, халықаралық деңгейде маңызды іс-шаралар қолға алынғанын атап өтті. Солардың бірі – ҚР Ұлттық Қорғаныс университетінде өткен халықаралық конференция. Бұл ауқымды іс-шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының офицерлері, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Үндістан, Франция елдерінен әскери сала өкілдері келіп қатысқан. Сонымен бірге еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында, әскери кафедраларында батырды еске алуға арналған кездесулер ұйымдас­тырылды.

– Атап айтсам, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің әскери кафедрасында, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында өткен іс-шараларға қатысып, баяндама оқыдым. Ең бастысы, әскери оқу орындарының негізін қалаған Сағадат Қожахметұлының бұл саладағы еңбегі зор. Бар қажыр-қайратын жұмсап, табандылықпен жұмыс істеді. Бүгінде батырдың өткен жолына тарихи тұрғыдан қарайтын теле­хикая түсіріліп жатыр, – дейді ол.

Батыр жөнінде тың ақпараттармен бөліскен кейіпкеріміз бүгінге дейін айтылмаған тарихи шындықтарды да сөз етті. 20 жасында Кеңес Одағының батыры, 21 жасында батальон командирі атану – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Қазіргі таңда мұндай жетістікке құқық қорғау органдарының қызметкерлері 40 жасқа таяған уақытында жетеді. Сағадат Қожахметұлы сол кезеңдегі Қызыл Армия қатарындағы алдыңғы қатарлы офицерлердің бірі болған. Гитлердің глобусты өзгертудегі жоспарын Са­быржан Есентайұлына кеңінен әңгіме­леп берген. Сонымен бірге сол уақыттағы соғыс саясатына сәйкес көптеген атқарған ісі жасырын түрде жүргізілге­нін айтқан. Сағадат Нұрмағамбетов туралы бұрынғы кітаптарда кейбір деректер қалыс қалған, себебі мұндай мәліметтер Кеңес үкіметінің тұсында ашық жарияланбады. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қайта толықтырылған еңбектерге жете мән беру қажетт­ігін айтқан кейіпкеріміз Сағадат Қожахметұлы өз бөлімшесімен бірге құпия операция­ны жүзеге асырғанын жеткізді. Олар барлау жұмыстары арқылы өзге елге жіберілген Кеңес Одағы туралы құнды ақпараттардың, кітаптар­дың жолын кесіп отырған. Күндіз шығып, түн мезгілінде жортып, ізін жасырған. Құпия мәліметтерді АҚШ, Ұлыбритания, Германия елінің тыңшыларынан сақтаған. Батырдың соғыстағы ерлігі мұнымен шектелмейді. Германия аумағындағы плацдарм ауқымын кеңейткен. Бұл дегеніміз – бір мемлекеттің екінші мемлекетке шабуыл жасау мақсатында пайдаланатын аймағы, яғни азат етілген жерлердің  көлемін  ұлғайтқан.

Соғыс аяқталған соң Мәскеуге барып, әскери академияға оқуға түскен. Оқу орнына түсер кезде түрлі қиындыққа тап болған. Сағадат Нұрмағамбетовтың бала кезінен бері оң көзінде кішкене ақауы болған. Алайда бұл оның соғыс кезінде жауынгерлік міндетін орындауына еш кедергісін келтірмеген. Себебі жалпақ жұртқа біліне бермейді. Бірақ медицина қызметкерлері оны бірден байқауы тиіс. Батыр медициналық тексеріс кезінде солдаттық қулыққа басып, әскери дәрігердің өткелінен аман-есен өткен. Одан соң оқуға тапсырған талап­керлермен әңгімелесу кезінде де батырды сүрінткісі келген сәттер болған. Алайда батыр сөзден мүдірмей, бұл белесті де бағындыр­ған. Комиссия құрамындағы генералдардың бірі «Сен 20-дан енді ғана астың, сен әлі жассың, кейін де оқуға мүмкіндігің болады» дегенде, жас болса да көпті көрген жауынгер «Мен кеудемді ажалға тосып, соғыста оқ пен оттың арасында жүргенде, маған Кеңес Одағының Батыры атағын бергенде ешкім жассың деген жоқ» деп жауап қайтарған. Батырдың бұл жауабы оларды таңдай қақтырып, оған оқуға мүмкіндік берген. Тек ісімен емес, сөзімен, өр рухымен де батыр бейнесін сақтап қалған. Генерал­ға қатысты деректі фильмдер түсірілген.

Сабыржан Есентайұлы Сағадат Нұрмағамбетовты үшінші сыныпта оқығанда алғаш рет көрген. Әкесі Есентаймен жақсы араласқан. Бойы ұзын генералды көргенде үш ағайынды Сабыржан таңғалып, түскі асқа отырғанда олар дәлізге шығып, генералдың киімін қызық­таған. Мұны байқаған қадірлі қонақ кетерінде «Үш ұлыңның бірі генерал болғанда, мынаны кисін» деп бас киімін шешіп берген. Содан кейін Есентайдың үш ұлы да курсант болып жүргенде демалысқа келген сайын әркез қонақ  бөлмедегі кәделі сыйлықты жасырын киіп көрген. Одан соң араға бірнеше жыл салып, генералды жұмыс барысымен барғанда көрген.

– Сағадат Нұрмағамбетовтың беделі биік болғаны сонша, тәуелсіз еліміз құрылған тұста оған қаншама қазақстандық емес, өзге де ұлты басқа мықты әскери қызметкерлер сеніп, елімізде қалды. Қазақ әскерінің қалыптасу жолында ауыр кезеңдерді генералмен бірге еңсерді. Ақыл-ойы, көпшілікпен араласуы, сөзіне мығымдығы өз ортасындағы абыройын асырды. Қазақ әскері генералдың арқасында құрылып, аяғынан тік тұрды. Өз ісіне, еліне адалдығының нәтижесінде қазақ әскерін Орта Азиядағы қуатты әскер қатарына қосты. «Генералмын» деп кабинетте отырған жоқ. Әскери бөлімдерді, казармаларды аралап, жас сарбаздың жеке сөресінде не барын ашып көретін, әрқайсысымен ашылып сөйлесетін. «Әскерді құрайтын – сарбаз. Сондықтан сарбаздарға құрмет көрсетіп, оларды бағалау керек» дейтін. Кадр сапасын жақсарту үшін халықаралық ынтымақтастыққа баса мән берді, – дейді Сабыржан  Есентайұлы.

Оның айтуынша, даңқты батырдың есте сақтау қабілеті де өте жоғары болған. Бір­неше жыл бұрынғы оқиғаларды айтқанда көліктің түсін, нөмірін, ауа райын қаз қалпында жеткізген. Бұрынғы майдандас жолдастарын, академиядағы оқытушыларын еске алғанда аты-жөнімен, шенімен толық атаған. Кеңес Одағындағы, Венгриядағы, өзге қалалардағы естеліктерін айтып, тағылымды жайттарды жиі  сөз  еткен. Өзінен кейінгі буынға керек болар деген тәмсілмен ойын қорытындылағанда міндет­ті түрде түйінін өнегелі әңгімемен өрген. Шешімі жоқ жағдай болмайтынын айтып, өзінің тәрбиесін алған жастарға күш-жігер сыйлаған.

Сабыржан Есентайұлы өмір жолының гене­рал Сағадат Нұрмағамбетовпен түйіскеніне риза. Өзін өмір сүруге үйретіп, тәжірибе­сімен бөліскеніне алғысын айтады. Әскери саладан құрметті демалысқа шыққан соң шығармашылыққа жақын болып, продюсерлікпен айналысады. Оның бұлай бағыт алуына да генералдың әсері болған. Генералмен бірге кітап жинақтарын шығарып, сценарий жазған. Қазіргі таңда Сабыржан Сүлейменов әскерилер­дің өміріне арналған «Шестой пост», «Казбат» және «Беркут» фильмдерінің түсірілу барысында басы-қасында болып, әскери кеңесші  ретінде  қызмет  атқарған.

Әскери қайраткердің өткен өмір жолы әр жас сарбаз үшін үлгі-өнеге. Егемен елдің ең жоғарғы наградасы «Халық қаһарманы» атағын және ерекше айырым белгісі «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденін республикамыз­да бірінші болып алды. Мұндай жоғары атақ Қазақстан Республикасына сіңірген аса көрнек­ті қызметі үшін, оның бостандығы мен тәуелсіздігі жолын­дағы азаматтық және жауынгерлік ерлік­тері  үшін  берілді.

1999 жылы Астана қаласында ашылған «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі генерал С.Нұрмағамбетовтың атымен аталды. 2013 жылы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат  Қожахметұлы  өмірден  озды.

Гауһарай  АМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

Суреттер С.Есентайұлының жеке мұрағатынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: