Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көрінбей тұрған «қырдағы», талап-тілек тыңдалды

28.05.2024, 9:15 303

Билік пен бұқара

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, облыс, қала, аудан, ауыл әкімдері кезекті тоқсандық есеп беру кезеңі бойынша тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде есеп беріп келеді. Осыған сәйкес, өткен аптаның соңында қала әкімі Серік Қожаниязов тұрғындармен кездесуді Тасбөгет кентінен бастап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап қайтты.

Жалпы, Тасбөгетте халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелер өз шешімін тауып келеді. Кенттің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму барысында серпіліс ерекше.

​Кенттегі ауқымды жұмыстардың бірі – «Сабалақ» саяжайының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету болса, оған байланысты жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Сонымен қатар, аталған саяжайдың 15 көшесіне жарықшам орнатуға және 2 көшеге жаяу жүргінші жолын салуға қаржы бөлінген.

​Тұрғындардың көптен бергі ұсынысы – Қызылорда су тоспасының көпірін ашу болса, жақында облыс әкімінің қолдауымен көпір ашылды. Осылай қала мен ауылдар арасындағы көлік қатынасы кеңейген.

​Кенттегі 6 көшеге жарықшам орнатылды, 9 дана аялдама қойылды. Тағы 6 көшеге жарықшам, 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жүзеге асады. Көркейту және көгалдандыру мақсатында Амангелді көшесінің бойынан арық қазылып, оған демеушілер есебінен 2 су насосы орнатылған.

Жалпы, жыл бойында атқарылып жатқан шаруалар БАҚ арқылы көпшілікке кеңінен  тарап, сәт сайын ақпараттандырылып келеді. Соны ескерген шаһар басшысы аймақта жасалып жатқан жұмыстардан бұрын  тұрғындардың талап-шағымдары болса, соны тыңдауға әзір екенін жеткізіп, тасбөгеттіктерді тыңдады.

  • Тасбөгеттік тұрғындарда мынадай екі мәселе бар. Алғашқысы – 8-бағыттағы қоғамдық көлікке қатысты. Яғни олар – жеке маршурттар. Тек азанғы уақытта жұмысқа барар кезде, қайтар кезде ғана жүреді. Қалған уақытта жүрмейді. Сондықтан, бізде кентішілік, қаларалық қатынасымыз бәсең. Тасбөгет қала орталығына жақын болғаннан кейін сонда көп қатынаймыз. Ал осы кезде көлік қатынасы тым қиын. Одан бөлек, бұған дейінгі қала әкіміне жол жөнінде арыз жазғанмын. «Водоканалдан» бері қарай кішкентай көше бар. Соның жолы нашар. Ол көшеге қойылған жаңа автобус бір күн жүріп, асты тиіп тоқтап қалды. Оның себебі – көше әбден шұқыр болып, тесіліп қалған. Сол көшені реттеуді жеке өз бақылауыңызға алсаңыз. Ал екінші мәселе «Сталин» каналынан бері қарай жүре бергенде жаңа үйлердің жанында 150 метрдей жер ашық қалған. Жел көтерілсе, сол жер шаң-тозаң болып, тұрғындарды әбігерге салады. Сол жерді көркейтуге немесе спорттық алаңқай, одан өзге нәрсе салуға болса, назарларыңызға алсаңыздар, – деді Тасбөгет тұрғыны Дүйсенбек Пірімқұл.

Қала әкімі Серік Салауатұлы бұл мәселелер расында бар екенін айтып, бұған дейін не үшін шешілмегенін де тұрғындарға ескертіп өтті. Шешуге болатын шаруаны сала басшыларына тапсырып, өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Кент тұрғындары мұнан бөлек, ескі үйлердің қабырғасы, шатыры, электр желілері сыр беріп жатқанын айтып, қала басшысының қаперге алуын сұрады.

  • Тасбөгет кентіндегі №8, 10, 11 үйлер 1976 жылы салынған. Сол уақыттан бері үйдің жағдайына шағым айтып әкімдік жағалаған емеспіз. Қазірде үйде үлкен кісілер бар. Салынған кезінен бері жөндеу жұмысын көрмеген үйіміз желде, боранда шатыры ұшып, қиын жағдайда тұрмыз. Өткенде нөсерлетіп жауын жауды. Қаншама электр желісі өртеніп кетейін деп тұр. Қаншама халық өртке оранып кетпеу үшін, сол жұмыстарды реттеп, шатырын жауып, үйдің сыртын көріктендіріп беруді сұраймыз, – деді кент тұрғыны.

Қала әкімі аталған үйлердің кейбірі жөндеу жұмысынан өтуге құжаты дайындалып жатқанын айтып, қалғандары апаттық режимде тұрған ғимарат екенін айтты.

Сонымен қатар, Серік Қожаниязов биыл апаттық деп танылған үйлердің тұрғындары жаңа пәтердің иесі атанатынын айтып, көпшілікке жақсы жоспарымен бөлісті. Үй кезегінде тұрған, өз уақытымен шаңырақ кілті табысталатын отбасылар үшін жоба-жоспарлар әзірленіп жатқанын жеткізді.

Мұнан өзге де жеке мәселелер айтылып, қала әкімі өз бақылауына алатынын, заңға сәйкес шешуді тапсыратынын айтып, талап-тілектерді рет ретімен тыңдап шықты. Жиын соңында көпшілік арасындағы ақсақал сөз алып, аймақ дамуында атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, батасын берді.

Қала әкімінің халықпен кездесуі Белкөл кентінде жалғасты. Шаһар басшысы Серік Қожаниязов қаланыңәлеуметтік-экономикалықдамуы мен біріншіжартыжылдықтаатқарылғанжұмыстаржайындатұрғындардытолықхабардаретті.

​Одан бөлек, кентте инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Айтар болсақ, 8 көше түнгі жарықпен жарықтандырылып, 11 дана электр трансформаторы орнатылған. Үш көшеге электр желісін тарту үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 76,6 млн теңге бөлінді. Мұнымен қоса, 12 көшенің электр желілерін қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталды.

​Кәсіпкерлікті өрістету бойынша «Іскер» бағдарламасы аясында жалпы құны 16 млн теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылды. Жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызға төмендеді.

​Белкөлдіктер көтерген сауалдарда «Орталық» көшесіне аяқ су жүргізу, мәдениет үйін салу, көпқабатты №1, 11, 12 үйлердің шатырын жөндеу жайы қозғалды. Ал, Бірқазан елді мекенінің тұрғындары балалар үшін ойын алаңын салуды сұрады. Мұнан бөлек кент белсенділері бірнеше мәселенің астын сызып атап өтті.

  • Белкөлдіктердің осы уақытқа дейін әлі бірнеше мәселесі шешілмей келеді. Оның алғашқысы – жер мәселесі. 2005 жылдан бері 1200-ден аса тұрғын жер кезегінде тұр. Біз әлі жер алған жоқпыз. Оған дейін бос жатқан жердің бәрін осыған дейінгі әкімдер тұрғындарға үлестіріп, бүгінде сол жерде ағайындар қоныстанып алды. Алдында сіздің қабылдауыңызға барып, жер мәселесі бойынша шағымымды айтқанда Белкөл кентінің әкімін шақырып алып, «бос жер бар ма?» деп сұрадыңыз. Әлбетте Белкөлде инфрақұрылымға арналған бос жер жоқ. Әр жерде 5-6 соттық жер ғана болмаса, үй салуға жер табылмайды. Жолдың арғы бетінен Белкөл кентінің бас-жоспары сызылған. Оны әкімдіктегі жігіттер компьютерден көрсетті. Сол жерге қаншама жылдан бері неге инфрақұрылым бармайды? Соны реттеу керек. Жер кезегінде тұрғаныма 20 жыл болды. Енді 20 жыл күте алмаймын. Мен халқыммен бірге жер аламын, бізге ендігі жер берілуі тиіс. Бұған дейін сіздің қабылдауыңызда болғанда «Бәйтерек» елді мекенінен жер берсем аласыз ба?» дедіңіз. Ал салаға жауапты мамандар барлық белкөлдікке ол аумақтан жер берілмейтінін айтты. Қазір екі елді мекеннің бір-біріне қатысы жоқ екен. Өзім ғана жер алмаймын, халқыммен бірге аламын деп, мен сол жерді иеленуден бас тарттым. Бізге белкөлдіктерді бір жерге шағырландыратын жер беруді сұрадық. Ал ол өтінішіміз орындалмай келе жатқанына көп болды. Мұнан бөлек, мектептің шатыры желді күні ұшып кеткен. Соны реттеу тиіс екенін ескертсек те, орындалмай жатыр. Бәріңіз білесіздер, Белкөлді теміржол екіге бөліп тұр. Соның арғы бетіндегі балаларды бергі бетке таситын автобус керек деп, қалалық білім бөліміне де жаздық. Әлі шешілмеді. Облыс әкімінің алдына да сол арызды жолдадық. Бізге келіп, ол жол 3 шақырымға толмайтынын айтып, өтініш орындаймайтынын жеткізді. Сонда не істейміз? Балаларды күндіз қасқыр жеп кетсе де ешкім білмейді. Аймағымызда адамның денсаулығына қасақана зиян тигізетін орындар жетерлік. Солардың қақ ортасында отырмыз. Мұндай жағдайда халықтың талап-тілектері кезек күттірмей шішіледі ғой. Артық нәрсе сұрамаймыз. Заңға сәйкес, өзіміз алуға болатын дүниелерді талап етеміз, – деді кент тұрғыны Дариха Бегалиева.

Шаһар басшысы халықтың сұранысына сай қажетті жұмыстарды жүргізу бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

  • Инфрақұрылым әкелу оңай шаруа емес. Бірақ заңдылығына сәйкес, бәрін уақытымен істеуге болады. Егер инфрақұрылым апаратын ыңғайлы жер болса, әкімдеріңіз оны реттеп, ары қарай жұмысты атқарады. Заңдылығында инфрақұрылым бармайтын, Белкөл кентіне тиіс емес жер болса, ол жер пайдаланылмайды. Біз барлығын заң аясында реттеп, шешеміз. Бұған дейін атқарылған жұмыс та аз емес, қалғаны да уақытымен шешіледі, мен құзырлы органдарға тапсырма беремін, – деді қала әкімі Серік Салауатұлы.

Жиылған көпшілік әкіммен кездесуде бірнеше мәселесін жеткізіп, тиісті жауабын алды.

Түйін. Атырапқа атой салғанымызбен, қынжылатын мәселе аз емес екенін білдік. Әкімдер өзіне жүктелген міндетті орындау үшін тұрғындармен кездесуді тоқтатпайды, тиісінше, тұрғындар да әр жиында талап-тілегін айтудан шаршамайды. Басшылыққа кім келсе де, халықтың игілігі үшін әрекет етуге ниет танытпаса, құр желеуден пайда жоқ. Осыны түсінсек, әрекет қылайық. Әрекет түбі – берекет.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Сурет: Қызылорда қаласының әкімдігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: