Өз лауазымын асыра пайдаланып ақша жымқыру, заңсыз есірткі тасымалы және құмар ойынның жетегінде кетіп, бар мүлкін бәске тіккендер бүгінде қоғамның басты мәселесіне айналып отыр. Әсіресе, соңғы уақыттары елімізде осы шамадағы жайттар бірқатар азаматтың өз-өзіне қол жұмсауына, отбасын тастауына және кей жасөспірімнің түрме торына қамалуына себепкер болып жатқаны рас. Бәрі түптің түбіне келгенде қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Оңай ақшаны көздегендер маргинал күйге түсіп, тіпті ауру санатына жатқызылып жатыр.
Осы және өзге де тақырыптардың төңірегінде әңгіме өрбітіп, талдау жасау мақсатында мамырдың 17-сі күні Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті директорының міндетін атқарушы Арман Джанадилов БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында облыс төңірегінде болған заңсыз әрекеттер жайында айтылып, бірқатар мекеменің аты аталды. Мәселен, бұған дейін аты дүркіреген «Qnet» қаржы пирамидасын кәсіп қылған екі ағайынды 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Департамент мәліметіне сүйенсек, ағайынды қос азамат 2020-2021 жыл аралығында арнайы құрылымдық бөлімше құрып, желілік маркетинг көмегімен облыс аумағындағы тұрғындардан қаражат жымқырып келген. Алаяқтардың айласына түскендер саны – 40. Ал алданғандардың қолды болған қаржысы бас-аяғы 53 млн теңгені құрайды.
Ал облыста резонанс тудырған екінші іс – мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы. ЭТТД-ның жедел қызметінің арқасында мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау, иемдену және өткізуге қатысты қылмыстық іс анықталды. Кәсіпорын директоры А.У. мемлекеттік сатып алу порталында мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада жеткізетін мекеме болып тіркеліп, облыстағы мемлекеттік мекемелерге заңсыз түрде дизельдік отынды өткізіп келген. Сондай-ақ, ең төменгі бағаны ұсына отырып, түрлі конкурсты жеңіп, 17 мемлекетік мекемемен келісімшартқа отырған. Олар жоғарыда аталып өткен мекемелерге 254 млн теңге көлемінде 639 тонна дизель отынын жеткізген. Оның ішінде шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз 140 млн теңгеге жуық 269 тонна дизель отыны сатылған. Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Өңірімізде шешімі табылмай келе жатқан проблемалардың алдын алу үшін департамент басшылығы біршама бағыт белгілеген. Соның бірі – экологиялық жағдайды жақсартуға бөлінген қаражатты жымқыру фактісі. Биылғы көктем халқымызға оңай келген жоқ. Су тасқыны кенеттен біраз өңірді жайпады. Төтенше жағдай жарияланған тұста көпшіліктің жинаған азды-көп сомасын қалтасына басқан жауаптылар көбейді. Дәлірек айтқанда, су тасқынына қарсы бөлінген бюджетті жымқыру дерегі бойынша еліміздің үш аймағында қылмыстық іс қозғалған. Осыған сәйкес ЭТТД облыста су тасқынының алдын алуға берілген қаржының жөнді жұмсалуын назарда ұстады. Талдау нәтижесінде аумақта бір қылмыстық іс қозғалды.
Тілсіз жау жемқорлармен қатар кей саудагерге де оңынан туды. Бәріміз білетіндей, еліміздің қай өңірінде болмасын табиғи апат немесе сол шамадағы жағдай болған кезде азық-түлік бағасын, сондай-ақ такси бағасын күрт көтеретіндердің саны артады. Бұл да департаменттің алдын алу миссиясы болып табылады.
Жалғыз азық-түлік бағасы ғана емес, қазіргі сәтте құрылыс материалдарының да бағасы ушықты. Себебі, су тасқынынан кейін құрылысты қажет ететін тұрғын үйлер көбейді. Қажеттілік артқан сайын үстемесі де артып жатыр. Азық-түлік бағасын көтеру бағытындағы жұмыс департаментке былтыр жүктелген-тұғын. Содан бері аймақта баға үстемесін асырудың 31 фактісі анықталды. Мемлекет бекіткен лимиттік асырымды елемей, 1,5-2 есеге дейін бағаны көтергендер де жауапқа тартылған.
– Біздің негізге алған кезекті бағытымыз – жалақы мәселесі. Яғни, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында халықтың жалақасын көбейтуде біршама жұмыс атқардық. Елімізді тұзбен қамтамасыз етіп отырған «Аралтұз» мекемесі жұмысшыларының айлық табысын арттыру жөнінде ұсыныс енгізіп, облыс әкімі Н.Нәлібаев пен «Аралтұз» мекемесі басшылығы ортақ меморандумға келді. Былтыр сәуір айынан бастап мекеме қызметкерлерінің айлығы 17 пайызға көтерілсе, биылдан бастап 20 пайызға артпақ, – дейді департамент маманы Нұрбол Әлкебайұлы.
Заңсыз ойын бизнесі, қаржы пирамидалары секілді көлеңкелі кәсіптер әзірге толастамай тұр. Оның үстіне Telegramm желісі арқылы есірткі тасымалдап жүргендер де қосылды. Материалдық тұрғыда қатты қысылған азаматтар мен азаматшалар одан сайын қалай минусқа кетіп бара жатқандығын аңғармай жатады. Тіпті кей эксперт мамандардың айтуынша, азарт пен лудоманияны аурулар санатына қосуға болады. Ал есірткі тасымалы – жөні бөлек әңгіме. Есірткіге салынғандардан бөлек, оны тасымалдайтын курьерлердің де өмірі көпті алаңдатып тұр. Олардың көп бөлігін кәмелетік жасқа толмаған жасөспірімдер құрайды. Курьерлердің әрмен қарай өздерімен жұмыс істеуі үшін наркосаудагерлер барын салады. Мәселен, есірткіні тұтындырып, тәуелді етіп қояды немесе келілеп қандай да бір мекенжайға тауар жеткізуді тапсырып, ақыр соңында өз адамдарын жіберіп, соққыға жығып, жалған сценарий жасау арқылы тегін жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
Қоғамның осы дүниелерді есте сақтап, қателікке бой алдырмауы үшін ЭТТД бар күшін салуда. Департамент қызметкерлері балабақша, мектеп және ЖОО-на барып түсіндірме жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен. Сондай-ақ, балабақша тәрбиешілері арасында қаржылық сауаттылық жайында сабақ өтуден конкурстар ұйымдастыруды қолға алған.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!