Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үмітті үшеу

11.04.2024, 12:00 948

Осы жұрт президенттік сайлаудан кейінгі сүбелі орны бар саяси науқанға Сенат сайлауын теліп жүр. Демек, сенатордың салмағы ауыр секілді көрінеді де тұрады. Содан шығар, сол орынға ұмтылушы көп кездеседі. Кіл ығай мен сығай. Бұған дейін Парламенттің жоғарғы төрінде Қызылордадан да талай адам отырды. Бұрынғыны айтпағанда, облыста 2014 жылы  6 кандидат, 2017 және  2020 жылдары  5 кандидаттан сенатор болуға ниет білдірген. Қызық болғанда,  2023 жылғы қаңтарда өткен сайлауға әу баста 8 кандидат депутаттыққа ұсынылып, тіркеуден 7-еуі өткен еді, жеме-жемге келгенде 3-еуі ғана қалғаны белгілі. Сол жылғы додада Руслан Рүстемовтің мерейі үстем болғаны бар. Асыра мақтағанымыз емес, сол жылдары, оған дейін де Сенат төрінде отырған депутаттардың ішінде Мұрат Бақтиярұлындай ұлттық, мемлекеттік мүдде жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматты көре алмадық. Яғни, оның бәсі биік болғанын, өзіндік пікірі, бір айтары барын ешкім  жоққа  шығара алмас.

Хош. Тура екі апта қалды. Содан кейін біз Сыр елінен ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының «креслосына» кімнің отыратынын білеміз. Ол күн осы жылдың 25 сәуіріне белгі­ленген. Шығып қалған депутат дегенде, бұл орын ке­зінде колледж, басқарма басқарған, партия төрағасының орын­басары, тіпті облыс­тық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасары да болған Ақмарал Әлназароваға тиесілі еді. А.Шәріпбайқызы 2020 жылы 12 тамызда басым дауыспен Қызылорда облысынан сенат депутаты болып сайланған еді. Оған мәслихат депутаттары 102 дауыс берген. Ал, қарсыласы – Айдын Қайруллаев пен Мұрат Сәрсенбаев. Осы парламент төрінде төрт жылдай отырған Ақмарал Әлназарова биылғы 7 ақпанда мемлекет басшы­сының жарлығымен ҚР Денсаулық сақтау ми­нистрі  болып  тағайындалды.

Енді сол бос орынға тағы бір лайықты адамды Астанаға аттандыру мүмкіндігі туып отыр. Додаға «допуск» алғандардан «адымы» алға бастап тұрған қайсысы? Қызыл­орда облысы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сү­йен­сек, сенаторлықтан  дәмелі үш үміткер тіркеліпті. Жасы­ратыны жоқ, көш бастап тұрғаны да, сүйкімі бары да – қазіргі облыстық мәслихаттың төрағасы Наурызбай Байқадамов. Ол 1967 жылы туған, кезінде мәжіліс сайлауында бақ сынап көрген, былтырғы сенат сайлауына да қатысуға ниет қылып, кейіннен өз кандидатурасын алып тастаған болатын. Енді қос қарсыласына қарағанда, оның «мысы» басып тұрғанын жасырудың реті жоқ. Демек, Сейітқали­ұлының сенатор болуға мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар, 1982 жылы туған, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов пен 1974 жылы туған, «Қызыл­орда ашық университеті» білім беру мекемесінің бірінші проректоры Абайбек Жүнісов те ең жоғарғы заң шығарушы органда отырудан дәмелі. Бір қызығы, кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған, үшеуі де – «AMANAT» партиясының мүше­сі. Байқағандарыңыз­дай, кандидаттарға қарап, кімнің асығы «алшысынан» түсетінін  бағамдай  беруге  болатын  тәрізді.

Дүйсенбіден бері үмітті үшеу таңдаушылардың, яғни тиісті аудан, қаладан сайланған облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттарымен кездесулер өткізіп жүр. Кездесу барысында кандидаттар таңдаушыларды өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, сұрақ­тарына жауап береді. Әріптес­тері, яғни жергілікті мәслихат депутаттары кімді таңдайды, алдағы жылдары сенатордың «креслосында» кім отырады, оны 25 сәуірде білетін бола­мыз. Үшеудің «үкілісінің» оқ бойы озып шығатынына төрелікті  уақыт-патшаның құ­зы­рына  қалдырайық.

Жалпы, сенаторлық осал жүк емес. Енді осы жүкті бұған дейін «қал-қадерінше» көтеріп жүрген жерлестерінің жолын жалғайтын, «құтты орынға» «етінің тірілігімен» қол жеткізетін жанның арқалай­тыны сөзсіз. Бізге керегі, сенат «креслосына» кім отырса да, өз қамын емес, ел қамын күйттеп, мұң-мұқтажын жоғарғы биліктің құлағына жеткізетін болса екен. Әрине, жоғарыда мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлын бекер мысалға алғанымыз жоқ. Бүгінгі парламент төрінде отырған, Құдай қаласа, енді баратын жерлестерімізден де жігерлілік күтеміз, күлбілтеленбей, турасын айтатын, билікке де бейіл­ді емес азамат жауапкершілік  жүгін  арқаласа дейміз.

Н.КЕНЖЕТАЙ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: