Болған оқиға ізімен
HALYQLINE.KZ Есік құлпы ашылып, ішке орта жасты еңсеріп қалған жігіт ағасы кірді. Төлеп қараңғылыққа көзін үйрете алмай, босағада біраз тұрды. Камераның іші лас екен, жағымсыз иіс қолқаны қауып, ұзақ жөтелді. Ұядай ғана бөлме, іші суық. Түтесі шыққан төсектің үстінде үш адам жатыр.
Үстінен жүк мәшинесі жүрсе де, сезер емес. Төлепке орын босамады, босағада шамалы тізе бүгіп отырған, аяғы ауырып, қайта түрегелді. Ол өмірінде бірінші рет түрмеге түсіп отыр. Ащы судың кесірінен қос ұлын қалай өлтіргені еміс-еміс есінде. Ағайын-туыстары, жора-жолдастары – бәрі бұдан теріс айналды. Сөйтіп, отыз алты жасында қанішер әке атанды.
Терең ойдың шырмауына түскен оны манадан бері ұйқыны соғып жатқан үшеудің шеттегісі алдымен байқап, жолдастарын түртіп оятты. Басын көтеріп, бірнеше минут үнсіз тұрған үшеудің ірі денелі келген бұжыр қарасы жуан даусымен гүрілдей тіл қатты:
– Қандай қылмыспен түстің?
Төлеп көзін темір тордан алмаған күйі қарап тұра берді. Бұжыр қара тағы да сұрақтар қойды. Жауап ала алмағанына ашуланды:
– Өзіңде тіл бар ма, әлде мылқаусың ба?
Ол мелшиген күйі дыбыс шығармай тұра берді. Оған енді бәрібір еді. Тұмсық астынан тиген жұдырық мұрнын бұза жаздады. Ашуға булыққан әлгі Төлепті ұрып, сұлатып салды.
– Қойшы, Боташ! Қайдағы біреуге күшіңді құртып қайтесің? Сөйлемесе, қойсын. Ертең өзі-ақ бұлбұлдай сайрайтын болады. Оған бүгінге осы да жетеді, – деді даусы шіңкілдек біреуі.
Төлеп орнынан тұрмастан, цемент еден үстінде ұзақ жатты. Қараңғылық түсіп, түрме ішінде әлсіз жарық жағылды. Ол жанарымен жан-жағын барлай қарады да, қайта жантайды. Әртүрлі жағдайлар көз алдына елестеп, мазасы қашты. Айдос пен Қайыржан жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан тіл алғыш, елгезек, кішіпейіл бала еді ғой. Қылмыскер әке көпке дейін ұйықтай алмады. Цемент еденнің салқын сызы денесінен өтіп бара жатыр. Тым болмаса, төсек те жоқ. Қарны шұрылдап, әйелінің дәмді тамағын аңсап кетті. Қос құлынын ойламай, құлқынын ойлап жатқанын қарашы! Көршілері мана өзек жалғап алған. Ұйықтап жатыр. Бұжыр бет камераны басына көтеріп, қорылға басты. Қанша жатқаны есінде жоқ, сағаты мен сырт киімдерін алдында күзетші шешіп алып қалған. Түрлі ойдың құшағында бұл да ұйықтап кетті. Қандай қылмыс жасағанын қасындағылар біліп қойыпты.
– Қанішер! Жауыз! Өз балаларын өлтірген баскесер!…
Мұндай сөздерге еті үйренгені сонша, селт етпейтін болды. Жазасын өтеп жүрген үшеу бірігіп мал ұрлығымен айналысқан.
– Байқаңдар, жігіттер! Балаларын аямаған қанішер бейқам жатқанымызда шетімізден жайратып тастап жүрмесін, – деді Мәулен есімді ұзынтұрасы.
– Кім біледі, жаман айтпай, жақсы жоқ, мұндай жауыздардан сақтанып жүрген дұрыс.
Төлеп бұл камерада ұзақ отырған жоқ. Өзі сияқты қылмыскерлердің қасына ауыстырылды. Бәрі – шетінен арлан қасқырдай ызақор, сөз көтермейтін шытырлар. Төлептің азапты күндері енді басталды. Сыз иісі мүңкіген лас бөлме, болар-болмас төсеніш, ішер тамағы – суға бұқтырылған қара көже, бір тілім нан және бір кесе қара шай. Оны да таласып-тармасып ішеді. Күні бойы істейтін жұмыстары да ауыр. Кешке дейін шаршап, діңкесі құриды. Өз басына өзі бейнет тілеп алды. Қос ұлының:
– Әке, әкетай! Өлтірмеші бізді! Біздің не жазығымыз бар? – деген жалынышты үніне тоқтамай аласұрған.
Сол бір қасіретті оқиға көз алдынан кетер емес. Есін жиғанда білгені, ұлдарын балталап тастапты. Қып-қызыл қан үй ішін жуып кеткен. Төлептің де үсті-басы малынған қан. Қызы Айдана мен әйелі Гүлжайна талып қалыпты. Аздан соң есін жиған қаралы жандардың шуы үй ішін азан-қазан етті. Көршілері болған оқиғаны полицияға хабарласа керек. Тәртіп сақшылары машинамен тез жетіп, қылмыскердің қолына кісен салып әкетті.
…Байғұс әйелі базарда жеміс-жидек сатады. Қайбір жетіскеннен жүр дейсің. Қара қазан, сары бала қамы ғой. Күндегі әдетінше базардан оралған Гүлжайна өмірі болмаған оқиғаның үстінен түсті. Күйеуі аулада Қайыржанды қайың ағашпен шыңғырта сабап жүр. Айдос пен Мағжан оларды ажырата алмай әлек. Айдана ағасын аяп, бар даусымен айғай салып жылап, алдынан жүгіріп шықты.
– Төлеп, саған не болған? Жаным-ау, бір ашуыңды берші маған! – деп жалынып еді, күйеуі керзі етігінің табанымен қақ басынан теуіп кеп жіберді.
Әйелдің миы шыр көбелек айналып, жерге құлап түсті. Араша түскен балаларын да соққыға жығып, жемтігіне ұмтылған аш қасқырдай бет-аузы, үсті-басының сау жері қалмаған Қайыржанға қайта ұмтылды. Алысып-жұлысып жүріп, тұңғыш рет әкесіне қол көтерді. Иегінің астынан қойып кеп қалды. Әкесі орнынан қарғып тұрып, сарайдан отын шабатын балтаны алып келді. Екі қолымен темір сапты балтаны көтере ұстап, ұлына қарай ұмтылды. Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған бауырлары ағасын ажал тырнағынан алып қалмақшы болғанымен, кеш еді… Жауыз әке Қайыржанды белінен, кеуде тұсын балталай берді. Ағасына көмектесуге ұмтылған Айдосты да әкесі екі-үш бөлікке бөліп тастады. Айғай-шуды естіген көршілер әбігерге түсті. Бірі полицияны, бірі жедел жәрдемді шақырды. Бірақ ағалы-інілі екеуді ешкім де құтқара алмады.
Сот процесі ұзаққа созылды. Төлептің туыстары ат ізін салған жоқ. Тексеру барысында оның көптеген қылмысы әшкере болды. Ол жасырын түрде есірткі тұтынып келген екен. Сот қатал үкім шығарып, айыпталушыны жиырма жылға дейін бас бостандығынан айырды. Зулаған уақытта тоқтау бар ма? Жиырма жылдың он бесін де артқа тастады. Осы жылдар ішінде отбасынан ешкім халін сұрап, бір рет те соққан емес. Қанішер әке, жауыз күйеу кімге керек? Отбасын сағынып, шыдай алмай, үйіне кешірім сұрап өзі хат жазды. Күн жексенбі болатын. Гүлжайна пештің түбінде жүн түтіп, жіп иіріп отырған. Есік ашылып, ішке пошташы келіншек кірді. Жүрегі дүрсілдей соғып, хатты қолына ала бергенде, Мағжан орнынан тез көтеріліп, шешесінің қолындағы хатты жұлып алып, ортасынан қақ бөлді.
– Балам-ау, мұның не? Әкең амандығын білдіріп, хат жолдаған болар, – дей бергенде, балалары қарсылық танытты.
– Мама, қашанғы айтамыз, біздің енді әкеміз жоқ. Оны ұмыт! Қаны бұзылып келген адамның тағы біреуімізді құрбандыққа шалмасына кім кепіл?! – десті.
Анасы балаларын қанша жерден әкелеріне тартпақ болғанымен, көндіре алмады. Ал Төлеп болса, отбасын сағынып, сарыла хат-хабар күтті. Түрмеде де көрмеген қорлығы қалмаған. Мерзімін толық өтеп шыққан күнде де оның барар жері, басар тауы жоқ. Сол күн де жетті, міне. Пойыздардың біріне ойланбастан отыра салды. Елге баруға дәті шыдамады. «Көрер жарығым болса, мұнда қалмаспын», – деп жұбатты өзін. Пойыз орнынан қозғала бастады. Артында қысы суық, жазы желді жиырма жылы өткен қала қалып барады. Қайда бара жатқанын, кімді паналайтынын өзі де білмейді. «Қош, туған ел, кешіріңдер мені, құлындарым!», – деп ауыр күрсінді Төлеп.
ҚАЛДЫҚЫЗ
«Халық» газеті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!