18 наурыз – Ұлттық киім күні аясында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Этно FASHION» облыстық сән үлгісі фестивалі өтті.
Фестиваль мақсаты – ұлттық құндылықтар мен мәдени-мұраны насихаттау, жергілікті дизайнер-тігіншілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастырып, жұмысын қолдау. Ұлттық киім түрлерін заман талабына сай этно стильде жаңғыртып, сұранысқа қажет үлгілерінің жаңа нұсқасын ұсыну.
Іс-шара барысында басқарма басшысы М.Қазбекова сөз сөйлеп, фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальге 17 дизайнер-тігінші қатысты. Әр дизайнер екі түрлі киім үлгісін ұсынды. Бірі – күнделікті киетін классикалық стильдегі заманауи этно киім үлгісі, екіншісі – сахналық, сәнді ұлттық киім. Стиль мен талғамға қарай, дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдер бір-бірінен матасы мен тігісі, безендірілуі жағынан ерекшеленді. Мәселен, ши құрақпен безендірілген этношапан, түймелері жылқы сүйектерінен әзірленген заманауи кеудешелер, киізден тігілген шапандар, т.б. Жалпы, жергілікті дизайнер-тігіншілердің жұмысын ұлттық киімдер дефилесінде 100-ге жуық модель қыз таныстырды.
Фестивальде Шілдебаева Лаззат – Қорқыт Ата университеті «Дизайн және технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Абибуллаева Аида Ибрагимқызы – облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда облысы бойынша «Әйелдер күштері Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және белгілі хореограф, «Томирис» би ансамблінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Мырзабаева Гүлбану Елубайқызы сарапшылық етті.
Іс-шара соңында қатысушыларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс» хаты және маталар үйінің арнайы сертификаты тапсырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!