Айдың-күннің аманында Қызылорда қаласы маңындағы «Ягодка» саяжайының тұрғындары адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы мәселе шаш етектен. Жолдың жайы, қоқыстың көптігі, ауызсудың жоқтығы, электр энергиясының әбден ескіргені, тағы сол секілді мәселелер жетіп-артылады. Былай қарасаңыз, адамның өмір сүруіне қажетті дүниелердің бәрі мұнда мақұрым. Тұрғындардың кейбірі атақонысын қимайды, енді бірі шаруаның ыңғайына қарай көше алмай отыр. Тіпті, саяжайдағы үйді күзетіп отырған «квартиранттар» да бар көрінеді.
Балғабай ақсақал – соңғы 4-5 жылдан бері «Ягодка» саяжайының тұрғыны. Зейнеткердің қаладан таза су сатып алуға қалтасы көтермейді. Сондықтан, ол күніне бірнеше мәрте Сырдариядан су тасиды, тұндырады, қайнатады.
– Күніне 3 мәрте дарияға келіп, суын алып, соны 3 мәрте қайнатып ішіп жатырмыз. Иісі бар, басқасы бар, дария ғой енді. Не қыламыз, су ішу керек, – дейді ол.
Уақытында 300-ге жуық отбасыны ауызсумен қамтамасыз етуге басшылар уәде де беріпті. Қаншама жылдан бері су азабына шыдап келе жатқан «Ягодка» саяжайының тұрғындары өздеріне сая болар биліктің жоқтығына налиды, жағдай жасамағанына ашынады.
– Саяжайда әркім үйіне ауызсу үшін тоқпен тартылатын колонка кіргізіп алған. Ол – ащы, арасында сапасы жақсылары да бар болуы мүмкін. Бірақ, көбі қаладан тасып ішуге мәжбүр. Дария суын тұтынып отырғандар да баршылық. Жалпы, біздегі мәселе өте көп. Су, жарық, жол және газ, бәрі-бәрі – саяжайлықтардың басты мәселесі, – дейді тұрғын Гүлнар Жағыпарова.
Тұрғындар шенеуніктерден жылда көмек сұрайды. Саяжай қаланың теңгеріміне өтсе, жағдайдың оңаларына сенеді. Ал, жергілікті билік өкілдері саяжайдың 2019 жылы қаланың бас жоспарына сәйкес, Қызылорда аумағына кіргізілгенін айтады.
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай саяжайлардың, елді мекендердің өзінің нормативтері бар екенін, аталған саяжайға су, жол, жарық және газ кіргізу үшін жобаларға қаражат бөлініп жатқанын жеткізді. Десе де, «жобаларды қарап, сараптамадан өткізуге әлі уақыт қажет» дейді әкімдіктегілер.
– Елу жылдан бері «Ягодка» саяжайында тұрамын. Әке-шешем бұл жерді 70-жылдары алған. Осы жерде ең көп тұрғандардың бірі мен шығар қазір. Саяжайда мал ұстап отырғандықтан, еш жаққа көше алмаймын.
Сол 50 жылдан бері үкіметтен айтарлықтай көмек болған жоқ. Ауызсу мәселесі – өте күрделі. Машинасы барлар қаладан тасып ішеді, арнайы көлікпен 10-20, 50-100 литрлеп әкелеміз. 10 жылдан бері жергілікті биліктен көмек сұрап келеміз. Уәде де берілді, бірақ шешілген ештеңе жоқ.
Жағдайы жоқ кісілер қысы-жазы Сырдарияның суын ішеді. Әуелі лай суды тұндырады, сосын бетіндегі шамалы тазарған суды қайнатып ішеді. Бұл жердегі халықтың арасында саяжайдағы үйді қарауылдап отырғандар көп. Ол кісілерге де қиын. 10 жылдан бері ауырғандықтан, қазір мен дарияның суын іше алмаймын, – дейді Гүлжанар Жұмаділқызы.
Тұрғындар жергілікті биліктен көмек болмаған соң өз беттерінше әрекет жасап-ақ жатқан көрінеді. Құдық қазып, арнайы колонка қақтырғанымен, судың сапасы сын көтермейтінін айтады. Әрі электр күшінің әлсіздігі тереңнен суды тартуға жетпейді.
– Айтпақшы, Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Ғанибек Қазантаевтың жолдарды жамап, бір дұрыстап бергенін айтуым керек. Онлайн кездесуде уәде беріп, соны орындаған болатын, онысына да рақмет!
Жалпы, бізде мәселе көп. «Елу жылда – ел жаңа» дейтін еді?! Онысын біз көре алмай отырмыз. Жарық, газ мәселесі де алаңдатады. Бір қызық айтайын ба? Саяжайдағы аялдаманы өз қолымызбен салғанбыз. Біз шынын айтқанда өз-өзімізбен өмір сүріп жатырмыз, – деп жалғастырды сөзін саяжай тұрғыны.
Саяжай тұрғындары өздеріне сая болар билік өкілін іздеп жүр. «Жақында ғана қызметіне кіріскен Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов біздің мұң-мұқтажымызға құлақ асар ма екен?» деген ойын да ашық жеткізді. XIX ғасырда өлместің күнін кешіп жүрген тұрғындар бір жақсылықтың боларына сенеді. Бірақ, оның уақытын кімнен сұрайтынын біле алар емес.
Ш.ШАТҚАЛ
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!