HALYQLINE.KZ –| Сұрапыл соғыстың от жалыны шарпымаған бір шаңырақ жоқ шығар, сірә! Жеңіс күніне 75 жыл болса да, маңдайға таңба басқандай, зардабын айтып тауса алмаймыз. Бүгін осыдан 25 жыл бұрын түсірілген Болат Омарәлиевтің бір ғана суретіне кейіпкер болған «Майдангер, ұста Кенжеғұл Әлімбаев» деген сурет мені тебірентіп отыр. Қандай анық, тап-таза сурет! Бірден жарқ ете қалды ғой!
Кенжеғұл аға – менің туған нағашым. «Еркелесең нағашыңа бар» дегендей, өзім 70 жастан ассам да, әлі еркелегім келіп тұрады. Өнегесі өмір бойы көз алдымда, әрдайым ерекше көңіл күй сыйлап отыратын. Жеңгем Гүлбаршын да атымды атамай, төрінен орын беріп, сыйлап өмірден озды. Нағашыларым бала кезімнен жүрегіме жақсылық сезім, қарапайымдылық пен адалдық ұялатты. «Апамның көзі» деп алақандарына салушы еді. Кенжеғұл ағаның Сүлеймен ағасында 4 ұл болды. Оның бірі елімізге әйгілі болған 1967 жылы тұңғыш құрылған «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, ҚР мәдениет қызметкері Мүлкаман Сүлейменұлы Қалауов болатын. Мүлкаман ағай – бір өзінше бір тарих. (Болат Омарәлиев, сіз оны жақсы білесіз. Бүкіл «Сыр сұлуының тарихи деректері, бейнесі сіздің қолыңыздан өтуші еді).
Нағашыларымның барлығы да өнерлі де шебер болатын. Анам Әділқызы Мауыткүл Кенжеғұл ағаның апасы болып келеді. Аға өте керемет шыншыл, адал, барынша еңбекқор кісі еді. Ағайындарына қамқорлығы мен жанашырлығын аямайтын. Жүрегі нәзік, жылуы басым болатын. Соның бір ұшын ғана айтқым келіп отыр. Аға соғыс туралы, өзінің ұсталығы, қолынан келмейтін ісі болмайтындығын айта отырып, сол соғыста командирі ризашылығын білдіріп, өзінің қымбат сағатын сыйлағанын айтатын. Сол сағатты аға өмірден озарында жеңешеме аманат етіп: «Мына сағатты ешкімге берме, балаларыңа да берме, анау Зинешкеннің күйеуі Талғат Беркімбаевқа өзін апарып берерсің» деп тапсырыпты. Сөйтіп, көп ұзамай ағаның 40-күндігіне жетпей-ақ, бір күні Гүлбаршын жеңешем, Ляззат қызымен үйге келіп ағаның аманатын орындаған болатын. Қандай құрмет, сыйластық десеңізші!
Сағатын беремін десе, өз балалары да, бауырлары да жетерлік ғой. Ағатай, сізге көп рақмет! Ағажан, иманың жолдас болсын, ұрпағыңмен мың жасаңыз. Мәңгілік отымыз сөнбесін. Мақала жазуыма «Халық» газетінде 2019 жылы жарияланған «Бесаспап ұстаның бейнесі» атты мақала себепші болды. Мақала авторы Рыскелді Жахман балама алғысым шексіз.
Зина СЕКСЕНБАЕВА,
Ардагер ұстаз, ҚМУ-дың доценті,
«Еңбек ардагері», «Қорқыт ата»
алтын медалінің иегері
Зина апайдың айтқанындай әкеміз керемет кісі болған. Жанашыр, алтын қолды шебер ұста,ағайынның, отбасының бірлігін, татулығын, бір біріне деген ізеттілігін айтып отыратын. Ағасы Сүлеймен атамыздың шеберлігін айтып тауыса алмайтын. Жатқан жерлері жайлы болсын. Иман байлығын берсін.
«Тектінің ұрпағы тек кетпес» – дегендей, Нағашы атама командирі сыйға тартқан көненің сарқытындай болған сағаты, әлі талай өскелең ұрпаққа сан ғасырлық тарихы бар, жәдігерін ұлықтап, ұлылығын ұғындырып жүрер ұрпағы барда ұлттық рух асқақтай берер сөзсіз.
Зина апай өте керемет ана, ақылшы ұстаз, отбасының ұйытқысы, мен үлгі тұтамын