HALYQLINE.KZ –| 2007 жылдың көктемінде қазақ халқының ардақты ұлы, көрнекті қаламгер, белгілі этногроф, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың білгірі марқұм Ақселеу көке Сейдімбекпен кездесудің сәті түсті. Ол кезде Астана қаласындағы Қазақ технология және бизнес университетінде жұмыс істейтін едім. Жұмыс орнымдағы ғалымдар арқылы Ақселеу көкемнің телефон нөмірін алдым. Хабарласып, Еуразия ұлттық университетінде кездестік.
Алғаш кездескенде ұзақ сөйлестік. Менен кімді оқығанымды, кімнің шығармалары, қандай ғалымдардың туындылары қызықтыратынын сұрады. Мен болсам Рахманқұл Бердібайдың зерттеулерін, Рымғали Нұрғалидың драматургияға қатысты дүниелерін, Тұрсынбек Кәкішовтің Мағжан мен Сәкен хақындағы иірімдерін, Ақселеу ағаның этнографиялық толғамаларын оқығанымды айттым. Өзімнің бұған дейін Түркістанда оқығанымда Рахманқұл Бердібайдың дәрістерін тыңдағанымды, арнайылап Алматыға барып Тұрсынбек Кәкішовтен сабақ алғанымды, Рымғали ағаймен де бірнеше дүркін дидарласқанымды, енді өзіне қазақтың бағына біткен Ақселеудей ғалымға шәкірт болғым келетінін жеткіздім. «Қарағым, Әзизжан, айналайын, онда жұмасына екі рет кездесіп, сұхбаттасып тұрайық» деді. Қуанғаным сонша: «хорошо, ағай!» деп орнымнан атып тұрдым. Ол кісі маған біртүрлі жақтырмай қарағандай болды.
Сөйтті де: «Бар, аузыңды шайып кел!» деді зілді үнмен. Артық ауыз сөз айтпастан ғалымның айтқанын орындадым. Келген бойда «енді менің алдымда орысша сөйлеуші болма» деді. Кейін білдім, ол кісі орысша сөйлемейді екен. «Орысша сөйлесем аузым былғанады» дегенін өзінен талай естідім. Бүгінде орысша сөйлегеніне арланбақ түгілі, ана тілінде сөйлей алмайтынын намыс көрмейтіндер бар. Тіпті, қазақ тілін жақсы білсе де қазақтардың арасына келіп орысша көкитіндер де жетіп артылады. Өкінішке қарай, ондай адамдар қалың қазақтың ортасы саналатын Сыр елінде де бар. Өзімізде жүрген бірнешеуі аздай сырттан тағы келді.
Журналист Әзиз Батырбековтың
ФБ парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!