Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос терек

06.05.2020, 16:50 1549

Көрнекі сурет

(Махаббат  ескерткіші)

Мен үйіміз жаңа орынға көшіп келуге байланысты осы ауылдағы жаңа мектептің 10 «Б» класына ауысып келдім. Жаңа орта, жаңа ел, жаңа жер, жаңа достар, бəрі де жаңа. Мектептегі өмірге қызу араласып кеттім. Мен болашақ əнші ретінде көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесімін. Ауылда болатын барлық музыкалық аспаптарда ойнаймын. Домбыра, сырнай (баян), мондолина, гитара дегендей. Қазіргі тілмен айтқанда, мектептің жұлдызымын. Əн-күйден бес, суреттен төрт дейтін оқушының өзімін. Өзім оқыған мектептен ауысып келген бір-екі оқушы, бір-екі мұғалім де бар. Соның бірі – жақын ағамыз, математикадан беретін Үсенов Зəкір ағай. Бойы екі метрге жуық, өте қатал кісі болатын. Бұрынғы мектепте оқып жүргенде Зəкір ағай бір күні құлағымды шыңғырта бұрап, жағымды айыра жаздап шапалақпен тартып жіберген. (Қазіргі балалардың ғой бірден милары шайқалып кетер еді). Əкеме келіп айтқанымда, «Демек сен бірнəрсе бүлдіргенсің» -деп өзімді тағы сабаған. Сол ағай алдымнан шыққанда, əрине қуана қойғаным жоқ. Себебі мен синус, косинус, тангинус, котангинустармен онша дос болған емеспін. Айтпақшы соларды не үшін миды ашытып оқытқандарын əлі түсінбеймін. Өмірде бір рет болса да пайдаланып көрмеппін.

Осы ағай жөнінде қызық естелік. Мектепте Жəмила деген пионер жетекшіміз бар. Өзі сол мектепті сол жылы бітірген тарсылдап тұрған қара қыз. Үзілісте сол жерден шықпаймыз. Бір күні класқа кіруге қоңырау соғылып пионер бөлмесінен шығамын дегенше Зəкір ағайдың сөйлеп келе жатқан дауысы естілді. Мен есік артына тығыла қойдым. Ағайдың:

– Сен неғып жүрсің? – деген даусы естілді.

Мен есік артында тұрып:

– Əншейін жүрмін, – деп мұрнымның астынан сыбырладым.

– Неге əншейін жүрсің? – дегенді естігенде қорыққаннан зəрем зəр түбіне кетті. Мені көріп тұр екен деп. Сөйтсем, ағай коридордағы балаға ұрысып жатыр екен.

Қой мен басқа əңгіме айтып мыжып кеттім-ау деймін. Сіздердің күтіп отырғандарыңыз ғашықтық хикаясы ғой. Содан бір күні үлкен үзілісте пионер бөлмесіне кіріп қалсам, екі қыз тұр екен. Ешкімді көзіне ілмей жүрген мен қасқаның мына ғажап сұлулықты көргенде тілім байланып, көзім тұманданып кетті. Өзімді қоярға жер таппай екі қолымды қайда сыйғызарымды білмей есалаң күйге түстім. Жəмила:

– Сегізінші класс оқушылары Гүлсім, Сандуғаш. Ал мынау мектептің мақтанышы Əбдірейім, – деген сөздерін еміс-еміс естимін. Басымды жын қағып кеткендей шұлғи берсем керек. Гүлсім қастары қарлығаштың қанатындай қиылған, қыр мұрыны жараса қалған, көзі кəдімгі қысыңқылау келген сұлу қыз екен. Сандуғаш! Сандуғаш деп атының өзі сайрап тұрғандай аққұбаша келген, қастары қалыңдау, кірпіктері найзадай нəркес көздері ботаның көздеріндей. Ерні сөйлегенде, жымиғанда əнтек ашылып, қазір музыка сыңғырлап төгіле жөнелетіндей. Мен «Мың бір түн» ертегісіндегі сұлуларды көргендей есімнен тандым да қалдым. Айнала табиғат, құстар, жел бəрі «Сандуғаш, Сандуғаш» деп үн қатып жатқандай.

Менің есімді шарылдаған қоңырау үні жидырды. Екі қыз қалқи жүзіп шығып кетті. Мен қиялыммен Сандуғашпен бірге болып тұрып қалсам керек.

– Өміров, сен сабаққа бармайсың ба? – деген пионер жетекшісінің сөзі мені бөлмеге қайтарды.

Сонымен менің көз алдымнан Сандуғаштың бейнесі кетпейтін болды. Ол кезде сезімді тек хат арқылы білдіреміз. Хатты қайта-қайта жазамын, ұнамайды. Өлеңмен жазам, ұнамайды. Сөйтіп жүргенде бір хатым пионер жетекшісінің қолына түсіп қалыпты. Сандуғашты менің бір кластасым да сыртынан иемденіп жүреді екен. Ол жетекшінің немере інісі болатын. Хатты інісіне береді. Сонымен «Қашпаған қара қашардың уызына жерік болған» демекші қыздың көңілі кімде екенін білмей-ақ екеуміз əбден төбелестік. Мұны естіген жолдастарымыз жиналып, «Қызбен уəделерің бар ма?» – деп сұрайды ғой. Жауап, əрине, «жоқ». Олар «Дендерің сау ма? Кімді қалайтынын қыз шешеді» деп бізді жарастырды. Одан соң хат жазуды қойып өзіне ауызша жеткізейін дедім. Сабаққа зорға келетін қасқаң мектепке ерте келіп қыздың жолын аңдимын. Таудан, тастан қайтпаған батырыңның батылдығы ол келе жатқанда алдынан шығып сəлемдесуден артпайды

Бір күні ақыры тілдесіп, түнде үй жағында кездесетін болдық. Тазысы қоян алған балаң аңшыдай қуанышым қойныма симай, үйдің бар жұмысын (отын жару, су тасу, мал жайғау. т.б.) кешке дейін бітіріп тастадым. Кəне күн бата қойса. Əншейінде айғаймен зорға жұмыс істейтін баласына əке-шешем риза. Ақыры күн де зорға ұясына отырды-ау. Мен гитарамды арқалап, «Дайындыққа барамын» – деп тамаққа қарамай зыттым. Қандай тамақ, жүрегім аузыма сыймай түк батпайды. Ғашығымның үйі біздің үйден екі шақырымдай жерде. Үйіне жетіп қорасының сыртына терезесінің тұсына орналастым-ау. Оңбаған ала күшігі бар екен, шəуілдеп мазаны əбден алды-ау. Əкесі шығып «шибөрілер жүр-ау, мына ит неге тынбай кетті?» деп кіріп кетті. Бір кезде есік ашылып, қыз да көрінді-ау. Қорадан секіріп түсіп қасына жеттім. Əншейінде сайрап тұрған тіл байланып қалғандай. Жүрек дүрсілін əрең басып, жақсы көретінімді жеткіздім. Ол да кетəрі емес екенін айтып, мəңгі бір болуға уəделестік. Шешесінің «Санду» деген дауысын есітіп екеуміз ажырадық. Ажырадық деп қоямын, біз сүйіспек түрмақ құшақтасқанымыз жоқ. Менің бақыттан басым айналып, ауылды басыма көтеріп, бар итін шулатып гитараны сабалап:

Сəулем, сəулем, сəулем,

Кір шалмаған арымсың.

Басымдағы бағымсың,

Жанарымның, жанарымның нұры сен, – деп шырқап келемін.

Сондай бақытты мұнан соң бұлай сезінбеген болармын. Көктем шыға екі терек шыбығын əкеліп, махаббатымыздың символы болсын деп отырғыздым. Екеуі де алып кетіп, біз екеуміз мəзбіз мəңгі бірге болатын болдық деп. Сонан келер жылы әскерге кеттім, ол шығарып салуға келе алмады. Артыма қарай-қарай «Екі жыл, екі күндей болмайды»,-деп кете бардым. Екі жыл сағынышты хаттар. Ауылға оралсам, Сандуғаштың үйі дарияның ар жағына Талап станциясына көшіп кетіпті.

«Ел көшіп кеткен ұқсайды көңілім далаға» деп он шақты күн жүрдім. Бірақ «Сүйген жүрек, ғашығын көруді тілеп», барып қайтайын деп шештім. Көпір арқылы айналып өтіп, шайтанарбамен барып-қайтуға бір күн уақыт кетеді. Талап станциясы біздің ауылдың талма тұсында. Дарияның жағасына күнде келіп, «Сағындым сені, сағындым еркем» деп ән салып қайтамын. Байқаймын, Сандуғаш есітпейді ғой деймін, өйткені еш жауап жоқ. Сонымен болмаған соң жолға дайындалдым. Сіздер білетін немере інім Ібайділлә мектепте оныншы класта оқиды. Алдағы жексенбіде Сырдариядан жүзіп өтіп, Сандуғашқа барып қайтатын болдық. Жоспар жасалып, дайындық жұмысына кірісіп кеттім. Ол кезде шөп сыммен престелетін. Көп етіп престің сымын жинадым, кішірек балта және қысқыш (плоскогубцы) алдым. Жексенбіде күн қызған соң жолға шықтық. Дарияның жағасына келіп қураған ағаштар жинап сыммен буып, сал (плот) жасадық.  үстіне екі велосипедті, киімдерімізді салып, «Қамшы бастым асыға Бурылтайға, Сағасы өткел бермейтін терең сайға» деп дарияға түстік. Арғы бетке өтіп киініп көлігімізге отырып, Талапқа жетіп-ақ бардық. Ол кезде сотка тұрмақ телефон жоқ. Ғашығым менің келетінімді де білмейді. Қызды үйінен шығару ол үлкен жұмыс. Оның үстіне танымайтын ауыл, ешкімді жұмсай алмайсың. Үйін әкесінің атын айтып жүріп таптық әйтеуір. Інімді үйінен «Су сұрап іш» деп барлауға жібердім. Ол барып қыздың үйінде жоқ екенін айтып, алып ұшып тұрған жүректі судай басты. Жібекті іздеп келген Төлеген ғашығын көре алмай, «Амалым қанша, амалым» деп келген ізімізбен кейін қайттық. Жағаға жетсек, келген кездегі моп-момақан Сырдариям көтерілген желден, менің көңілімдей буырқанып жатыр екен. Мен өзеннің сұрқынан қорқып:

– Айналып көпір арқылы қайтайық, – дедім. Ібай:

-Осы жерден келгеніміздей жүзіп өтейік, – деді. «Алаңдадым, артыма қарайладым» деп, «шешінген судан тайынбас», дарияға қайта түстік .Жағада онша білінбей тұрған толқын ортаға жеткенде үлкейді. Біз өзіміз ғана жүзсек мейлі ғой, жүзумен бірге алдымыздағы салды итеруіміз керек. Айналамыз айдын шалқар су. Сырдарияның қазіргідей емес толып ағатын кезі. Алдымыздан толқын келіп ұрғанда аузы-мұрныңа су толып тұншығып дем ала алмайсың. Жаға көрінбейді, мен шындап саса бастадым. Өйткені сал екі великті зорға көтеріп келеді, оған асылуға болмайды, көтере алмасы анық. «Өзім өлсем мейлі, біреудің баласын бірге алып кететін болдым»-деген үрейлі ойлар мазаны ала бастады. Оның үстіне біздің қайда кеткенімізді ешкім білмейді. «Өлігің көмусіз, балыққа жеп болды» – деген осы. Болмаған соң ініме: «Жүзе аласың ба?» деп сұрадым, ол «жүзе аламын» деп басын изеді.

– Онда салды тастап, жағаға қарай жүземіз.

Адамға дүние шіркін өлейін деп тұрсаң да керек екен.

– Велосипетті қайтеміз? – дейді ғой күйдіріп, өзі ғашығын көре алмай, судан жүзіп өте алмай күйіп келе жатқанда.

– Таста, кейін тауып аламыз,-деп жағаға қарай құлаш ұрдық. Ал жаға әлі де қашықта. Енді жағаға жете аламыз ба, жоқ па? Міне, әңгіме қайда? Ібайға «Шаршаған жоқсың ба?»-десем, жоқ деп қояды. Көңілге сол демеу. Суда жүзгенде шаршағанда аяқтарың бірінші бата бастайды. Сондай дәрежеге жеткен кезде О… Құдайдың құдіреті… аяғым жерге тиді. Мен қуанғанымнан:

-Қайырға шықтық, қайырға шықтық, жүзбей-ақ қой, – деп айғайлап жатырмын. Ол да қуанып жатыр. Дереу салды қуып, ұстап алдық. Дарияның ортасында ағыстың жинап тастаған құмы болады,оны қайыр деп атайды. Біз сол қайырдың үстіне келгенімізге біраз уақыт болған екен. Бірақ сумен екі сағаттан астам алысып жүріп ауылдан үш-төрт шақырым жерге ығып кетіппіз. Алланың есептеп берген демі бітпеген екен, екеуміз аман-есен, қарын аш, көңіл пәс болып ауылға жеттік.

Сіздер Сандуғаш жайлы білгілеріңіз келіп тұр ғой ә? Сандуғаш сол жазда көрші ауылдың баласына мәңгіге айырбастап кетті мені. Сөйтіп махаббат бітті…

Әбдірейім  ӨМІРОВ,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: