Қонаевтың жеке күзетшісінің естелігінен
Қазақстанды 26 жыл басқарған Димаш аға орнынан түскеннен кейін, бәрі теріс айналды, сол ауыр күндерде қасында ең сенімді адамы оның жеке күзетшісі болып қалды. Ол совет елінің бірінші басшыларын күзету құзыретіне жауапты СССР КГБ-нің 9-шы Басқармасының полковнигі Анатолий Горяйнов еді.
Анатолий Горяйнов: «1986 жылдың 5 желтоқсанында Димаш Ахметович Москваға келіп Горбачевқа өз еркімен зейнетке кетуі туралы арызын бергенде, Михайл Сергеевич сөзге келместен қол қояды. Димаш Ахметович өзінің орнына кім сайланатынын білгісі келіп сұрағанда, Горбачев: «Оны ЦК шешеді» деп қысқа ғана жауап қайтарады».
Менен түсіндірме: Горбачев бас хатшы болып келген соң, қоғамды қайта құрмақшы болып жариялылық пен демократиялық реформалар жариялағанмен, іс алға жылжымай жатқанда, «Перестройка буксует» деп Горбачевтің өзі де мойындағанмен, барлығына кінәлі Брежневтің кезіндегі ескі гвардиядан көріп, соларды биліктен кетіре бастады. Қонаев соны түсініп, Москваға өзі барып, өз еркімен қызметінен кеткен болатын. Арада 11 күн өткеннен кейін 16 желтоқсанда КПСС ОК кадр жөніндегі хатшысы Разумовский келіп Колбинді отырғызады. Одан кейінгі жағдайды білесіздер, жастар алаңға шығып, арты қантөгіске ұласты. Қонаевпен қызметтес болған республика мен облыс басшылары тұтқындалады. Олардан Қонаевты қаралау үшін мәліметті алуға тырысады, мысалы Асанбай Асқаровқа психотроптық дәрі қолданғанмен еш нәтиже шығара алмайды. Қонаевты үй қамақта ұстап, Москвадан СССР Бас прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Владимир Калиниченко келіп Қонаевты өз үйінде тергеуге алады. Осындай болатынын білген ағамыз әр мемлекеттің басшылары сыйлыққа берген қымбат бұйымдарды, мылтықтарды, семсерлерді, т.б. заттарды үкіметке өткізіп жіберген болатын. Тіпті академик ретінде алатын тұрақты жалақысын да бейбітшілік қорына аударып отырғандығы туралы түбіртектерін де көрсетуге мәжбүр болды. Осындай тергеу үстінде Димаш ағамыз Калиниченкодан: «Сынок, неужели ты меня арестуешь?» деп сұрағанда, оны тек куәгер ретінде тергеп жатқанын айтады. Кейін Калиниченконың өзі: «Елі үшін соншама көп істерді атқарған адал адамды тергеу кезіндегі күйін көру маған да оңай соқпады» деген болатын. Осы тергеу үстінде жеке дәрігері Ахат Димаш ағамызға жарты сағат сайын дәрі егіп, қан қысымын өлшеп тұрды. Осындай ауыр күндерде1987 жылдың маусым айында Қонаевты КПСС ОК Бюросынан шығару үшін Москваға Пленумға шақырады.
Анатолий Горяйнов: «Москваға жеке дәрігері Ахат Аминовичпен 3 адам болып баратын болдық, Москваға келгеннен кейін Чистопрудудий-3-тегі резиденциясына соқпай, қонақүйден үшеумізге бір бөлмеден орын ал деп тапсырды, сол кезде жалғызсырап қалып, оңаша қалғысы келмей жүргенін кейін барып білдім. Кешкі асты ішу үшін күні бұрын ресторан директорына оңаша отыру үшін бұрыштан тапсырыс беріп қойғанмын, екінші жағынан бүкіл ресторандағы адамдарды көріп отыруға болатын еді. Үшеуміз залға кіріп келгенде, Пленумға келген Қазақстан басшылары, министрлер мен обком хатшылары де кешкі ас үстінде даурығып сөйлесіп жатқан болатын. Қонаевты көргенде бәрі сілтідей тына қалды, үн-түзсіз тамақтарын іше бастады, бірақ бірде-біреуі келіп Димаш Ахметовичпен амандасуға жарамады. Бізден бұрын келгендіктен тамағын ішіп болса да, орындарынан қозғалмай қалды. Себебі, есіктің аузындағы бұрыштан өтер кезде Қонаевтың алдынан өтетін еді. Біз де кешкі асты асықпай ішіп шығып кеткенше, орындарында барлығы қозғалмай отыра берді. Күні кеше бәрі де Димаш Ахметовичтің қолын қос қолдап алып амандасып, құрдай жорғалағандардың бүгінгі әрекетін көру оңайға соқпады, бірақ бір ауыз сөз айтқан жоқ. Пленум кеш аяқталғандықтан, жоспарланған рейстен қалып қойып, келесі рейске билет алуға келгенде брондалған орынға билетті бергісі келмеген кассир: «Қонаев саяси бюро мүшесі емес» дегенде, мен: «Дұрыс айтасыз, бірақ Қонаев жолдасты СССР Жоғары Кеңесі Президумының мүшелігінен әлі ешкім алған жоқ және үш мәрте Социалистік Еңбек Ері» деп билет алдық. Ұшаққа міну үшін трапқа келгенде адам көптігіне байланысты жасы 75-тегі Қонаевты өткізіп жіберуін жердегі стюардессадан сұрағанда, ол алға қарай озып, жол ашпақшы болғанда, адамдар: «Кім еді ол соншама? Көппен бірге кезекке тұрсын» деді. Мұны траптың жоғарысында кіргізіп тұрған таныс стюардесса Вера естіп төмен түсіп, әлгі адамға өзіне жарасатын боқтық сөзін айтып, бізді траптан алып өтті. Қайран Димаш Ахметович осындай сөзді де естіді ғой.
Ашық дереккөзден алынған суретте: Д.Қонаев зайыбы Зухра Шәріпқызы және жеке күзетшісі Анатолий Горяйнов.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!