1982 жылдың 11 маусымы. Дәл осы күні мен атақонысымыз, қазіргі Жанқожа батыр ауылының (ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоз) құрылыс қоймашылығына бұйрық алған едім. Соның алдында ғана армиядан келген менің бала күнімнен бергі досым Ақылбек Қармақшы ауданында тұратын, әскери борышын бірге өтеген Бектай есімді жігіттің үйіне бірге қыдырып барып қайтуға өтініш жасады. Небары 20 жасқа жаңа толған бозбаланың қыдыруға қарсылық танытпасы белгілі ғой. Алып-ұшып өзімнің тікелей бастығым, прораб Жаңабай Жақсылықовқа жолығып, тығыз шаруамен облыс орталығына барып келуім керектігін айтып жұмыстан сұрандым. Ал, Жәкең… бетіме жымия қарап «Тығыз шаруамен емес, досың екеуің қыдырғыларың келіп тұрған шығар. Үш күнге мұрсат берейін. Барып, жақсылап демалып қайт» дегені. Құдды ойымды өңімнен оқып тұрғандай селк ете түстім. Іштей бастығымның аңғарымпаздығына таңдандым. Сол оқиғадан соң Жаңабайдың алдында жалған сөйлемеуге тырысатын болдым. Ақылбек екеуміз Қармақшыдан көтеріңкі күймен оралдық. Келісімен қызметке араласып кеттім.
Өзімнің атыма берілген сенімхат (доверенность) арқылы аудан орталығындағы түрлі мекемеден, «Селхозснаб» аталатын аудандағы ең ірі орталық базадан құрылыс заттарын алып жүрдім. Айдың соңында құрылыс материалдарының есебін тапсыруға прораб, мастер, завсклад, яғни мен үшеуміз есеп беруге отырдық. Кенет… Жаңабай аға:
– Мына, қыруар телефон кабелін неге, қайда алғансың?!, – дегені.
Кабельдің не екенін онша білмейтін де мен абдырап қалдым. Сөйтсем… Базамен есептескенде жігіт ағасы жасындағы тісқаққан завсклады накладнойда жазылған өзге құрылыс материалдарына менің алмаған затымды да қосып жіберіпті. Мұны байқамаған мен «алдым» деп қол қойып беріппін. Бағасы қымбат әрі өте көп мөлшерде екен. Мұны естігенде бетімді тер жуды. Бастығыма телефон кабелі дегенді мүлде көрмегенімді айтып, ант-су іштім. Маған аянышты жүзбен көз тастаған Жаңабай аға:
-Ертең «селхозснабқа» бірге барайық. Завскладттың да сендей баласы бар шығар. Жамандыққа қимас, – деп жұбатып жатыр.
Таңды ұйқысыз атырдым. Базаға бардық, Жәкең күнде зат алып жүрген завскладқа жолығып, мән-жайды түсіндірді. Қайдағы?! База завсклады менің қолым қойылған накладнойды көрсетіп, кабинетінен қуып шықты. Жаңабай ағам қатты ашуланды. Завсладқа салмақты үнмен «Бір Алла бар ғой. Аузынан ана сүті кетпеген жас баланы шырылдатып қоймаспыз. Жарайды!» деп бұрылып кетті.
Көп ұзамай тиісті құжатын жасап, мен алмаған қыруар телефон кабелін мойнымнан шығарып берді. Мұндай қуанбаспын. Жәкеңе алғысымды жаудырып, алдағы уақытта сауысқаннан сақ болатынымды айтып жатырмын. Бастығым үнсіз бас изеді.
«Жер – дөңгелек» деп текке айтылмапты. Арада көп жылдар өткенде сол шікірейген база завсклады үлкен шаруамен үйіме жылап-еңіреп келетінін, өкпеге қиғанмен жауға бермейтін қазақы дағдымызбен ісін бітіріп беретінімді ол да, мен де білген жоқ едік.
Жанқожа батыр ауылының тұрғыны, ел ағасы Жаңабай Жақсылықов зейнеткерлік демалысына шыққанша ұзақ жыл ауылдың құрылыс саласына басшылық жасады. Ағамыздың бастауымен ауыл орталығында, Шөлқұм, Шәкен, Шилі, Қарақұмның өзге де беткейінде кезінде іргелі құрылыс нысандары, ауданда тұңғыш рет мал бордақылау алаңы салынып, ел игілігіне тапсырылды. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шықса да ауылда болып жатқан оқиғалардан, жағымды жаңалықтардан шет қалмайды. Көпшілікке сыйлы, өзіннен кейінгі буынның ақылшы ағасы. Аяулы жары Күләнда апаймен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бір өкініштісі, ұлағатты ұстаз, салиқалы отанасы Күләнда апай мұнан бірнеше жыл бұрын өмірден озды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деседі. Олай болса Жаңабай Жақсылықовтың еліне жасар жақсылығы әлі де жалғасын табары сөзсіз.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы,
Жанқожа батыр ауылы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!