Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тар жол, тайғақ кешу. Іштей жылап, сыртқа күле қарайтын Қазақстан хақында

10.09.2023, 14:20 268

HALYQLINE.KZ

Қазақстан фискалды тұрақтылық пен сыртқы қарыздың төмен деңгейін сақтау арқылы ТМД елдері арасында инвестициялық рейтингі бар жалғыз мемлекет статусын сақтап келеді. S&P бізге растап отырған «BBB–» инвестициялық рейтингтің ең төменгі сатысы болып саналады. Бірақ өз аймағымызда тіпті мұндай рейтинг ешкімде жоқ. Және біздің РДЭ болжамымыз «тұрақты» статуста.

Халықаралық инвесторлар мемлекеттің өз сөзіне емес, S&P сияқты агенттіктерге ғана сенетіндіктен, «Қазақстанға көп болмаса да аздап инвестиция салуға болады» деген түсінік бар екені рас. Бірақ жағдай құбылмалы болғандықтан, әрі еліміздің сырттағы мұнай бағасына тым тәуелді екенін еске сақтайтын инвесторлар көп жағдайда қысқа мерзімді, тез ақша салып, тез арада аздаған кіріс алып кетуге болатын инвестицияларды көбірек таңдайды. Ал ондай инвестиция бізде тек екі бағытта ғана мүмкін: біріншісі – пайдалы қазбалар, екіншісі – теңгелік мемлекеттік/квазимемлекеттік облигациялар.

Фискалды тұрақтылық деген не?

Осы сөзді Қазақстанға суверенді рейтинг бекітіп жатқан агенттіктер өз шешімін түсіндіргенде жиі келтіреді. Олар фискалды тұрақтылық деп сыртқы резервтің бар болғандығын (Ұлттық қор), сыртқы қарызымыздың ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесінің төмендігін, жинайтын салық пен бюджеттік шығыстардың арасында пайда болатын бюджеттік дефицитті өз күшімізбен – яғни Ұлттық қордан ақша алып, қалғанын ішкі қарыз есебінен жабатындығымызды айтады. Яғни, біз жыл сайынғы бюджеттік дефицитті шет мемлекеттерден немесе халықаралық қорлардан қарыз алып жауып отырған жоқпыз.

Бірақ осы рейтингті жоғалтып алу қаупі бар. Мұнай экспортының жыл сайын төмендеуі мен бюджеттік дефицит көлемі белгілі бір шектен асып кетсе, біз ВВВ-ден айрыламыз.Қазір S&P аналитиктері 2023 жылы Қазақстандағы экономиканың өсуі шамамен 5%, ал инфляция деңгейі 14% құрайды деп отыр. Сонда 2023-2026 жылдар кезеңінде ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 4% болады. Ал Ұлттық Банктің оптимистік сценарийінде экономиканың нақты өсуі 2023 жылы 4,5-5,5%, 2024 жылы – 5-6%, 2025 жылы – 4,5-5,5% деп көрсетілген.

Тар жол, тайғақ кешу

«Тар жол, тайғақ кешу» романын Сәкен Сейфуллин 1922 жылдан бастап жаза бастады. Араға 100 жыл салып, біз де «Тар жол, тайғақ кешу» посттар сериясын жаза бастауымыздың өзіндік себебі бар. Ашығын айтқанда, біз экономикадағы модельдердің жол айырығында тұрмыз.

Бізге көп тәуекелге бармай-ақ, осылай фискалды тұрақтылықты сақтап, инфляцияны 10-11% деңгейінде ұстап, экономиканы жылына 4 пайызбен өсіріп жүре беруге болады. Бұл – тыныш жол. Және осылай жүріп келдік.

Екінші жол – серпінді, бірақ тәуекелі де көп жол. Мемлекет басшысы қойып отырған экономиканы 5 жылдан кейін 450 миллиард долларға жеткізу тапсырмасы Қазақстанда осы екінші жолға түсіруі мүмкін. Қарқынды өсу үшін рискке барып, бір шешімді аяғына дейін жасауға тура келетін болады. Мұндағы біз үшін басты қауіп – инфляция болып тұр.

Quantitative easing немесе Кейнс моделі

Қазақша бұл әдісті «Молынан жұмсарту» деп атар едім. Орысшасы «количественное смягчение». Яғни, мемлекеттік шығындарды көбейту, кәсіпорындарды тез ашып соларға түрлі тапсырыстар беру, экономикаға ақша құю. Кәсіпкерлер арзан кредит алу үшін базалық ставканы барынша түсіру. Бұл экономиканы тез өсірудің, қалпына келтірудің. Бірақ артын инфляция аңдып жүретін болады. Түркия осы жолмен жүріп көремін деп ойыннан өрт шығарып алды. Есесіне, енді осы өртті өшіруге жанталасып жатқан Түркияда базалық ставка 25% болып бекітілді. Ал Түркиядағыдай өндірісі жоқ Қазақстанға олай ойнау мүлде қауіпті екенін қазір екінің бірі айтып береді.

Бірақ ештеңе істемесек, экономиканы қалай өсіреміз? Онда президент тапсырмасы орындалмай қалады ғой. Проблемамыз осында болып отыр.

Бұл – тар жол, тайғақ кешу ме? Әрине. Бізге бір экономикалық идеология моделіне тоқтау қиын болып тұр. Себебі, күмән көп.

Глобализация

Бір нәрсе анық болды. Енді Қазақстан жаһандану, ашық нарық, экономикадағы демократия деген ертегілерге сенбейді. Біз өз кәсіпкерлерімізді қорғау, өз нарығымызды сыртқы ойыншыларға бермеу сынды ашық протекционистік саясатқа көшетін боламыз. Жолдауда ол туралы нақты айтылды. Демек, риорикамыз қатаңдап, жаһандық экономикадан блоктық экономикаға тез көшуге дайындалдық.

Бұл Ақорданың бір нәрсеге, жасырмай айтқанда Қытайдың Тайван аралымен алдағы 2-3 жылда соғысатынына нақты көз жеткізгендігін білдіреді. Қытайдан Тайванға алғашқы снаряд ұшып шыққаннан бастап, бүкіл әлем блоктық экономикаға толық ауыспақ. Сондықтан біздің қазірден бастап протекцияға барғанымыз ертең ұтымды қадам болып шығуы да ғажап емес.

Айбар Олжай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: