Құрбан айт мейрамының асыл дінімізде алар орны ерекше. Қазақ халқы да құрбан айт мейрамына аса ыждағат қойып, сауапты істерді көбірек атқаруға мән береді. Құрбан айт мейрамының тарихы тым терең. Өткенге көз жүгірте отырып тарих бетін парақтасақ, құрбан шалу сонау Ибраһим (а.с.) пайғамбардың өміріне барып тіреледі. Құрбан сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы – Алла тағаланың разылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын мал делінеді. Құрбан шалудың адам баласы үшін біз білетін және білмейтін көптеген пайдасы бар.
Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Құрбан шалу сәтінде адамның ниеті, дініне деген бекемдігі, иман кемелдігі, адамзатқа деген шын жанашырлығы таразыға түседі. Шариғаттағы үкіміне келсек, Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалуға мүмкіндігі бар адамға құрбан шалу уәжіп, яғни міндетті болып табылады. Құранда: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» деп бұйырады («Кәусар» сүресі, 2-аят). Ислам ғұламалары аяттағы «намаз оқы» дегенді құрбан айт намазы деп тұжырымдаса, «құрбан шал» бұйрығын құрбан айт күндерінде құрбан шалудың міндетті амал екенін жеткізген. Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге келмесін» десе, тағы бір хадисінде: «Ей, адамдар! Әр жылы (мүмкіншілігі бар) әр үйге құрбан шалу – уәжіп» деп айтқан екен. Құрбан айт күндерінде мойнындағы міндетін орындап, тұрмысы төмен жандардың жүзіне күлкі үйіртіп, құрбан етінен дәм татқызып, қуаныш сыйлау – ең сауапты амал. Ал бір мұқтажды құрбан етімен қуанта білудің өзі қандай бақыт?!
Құрбан шалу – Алла тағаланың разылығына жақындатып, ақыретте сый-сияпатқа кенелтетін ең сүйікті амал. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында қабыл болады. Сондықтан құрбандықты шын ризашылықпен шалыңдар» деп түсіндіреді. Аталған хадис құрбан шалудың құнды ғибадат екенін ескертеді. Алланың разылығына жақындататын іс құрбан шалу болып табылады. Кейде пендешіліктен туатын өзімшілдік, сараңдық, тәкаппарлық сияқты кейбір жаман сипаттардың орнын Алла тағаланың разылығын мақсат тұтып құрбан айт күндері жоқ-жітіктерге жасаған ізгі амалдарымыз бізді бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілділік сияқты кемел істерге жетелейді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде Алла разылығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай сүйіншілейді. Саңлақ сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрайды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылы үшін сауап аласыңдар, – деді.
Ықыласпен, шынайы ниетпен құрбандықтың талабына сай мал шалған адамға әр қылындай мол сауаптар жазылады екен. Алла тағала шалынған құрбандықтың ағызылған қанына немесе етіне еш мұқтаж емес. Оның еті немесе қаны Алла тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ, шынайы ықылас пен ниетіміздің Жаратушыға жетіп, разылығына себеп болары сөзсіз. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» делінеді («Хаж» сүресі, 37-аят).
Құрбандық шалу – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан ұлық ғибадат. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Алла тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмаилды (ғ.с.) Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын білдіріп, қиын сыннан мүдірмей өткен. Құрбандық шалу ғибадаты – сол бір ғибратты оқиғаның жарқын көрінісі. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік етеді әрі күллі күнәларына кешірім-тәубе тілейді.
Құрбандық шалу белгілі бір адамға міндетті болу үшін мынадай шарттар керек: мұсылман болуы; Құрбан айт кезінде жолаушы болмау; негізгі тұрмыстық қажеттеріне жетерлік мал дүниесі мен қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. (Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес); азат болуы.
Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзірлі себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбандығын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) осыған байланысты бірнеше хадис жеткізілген. Соның бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, одан кейін құрбандық шалу. Кім осылай жасаса, біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбандық шалатын болса, оның басқа күндерде сойылған малдан еш айырмашылығы жоқ» десе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбандық шалса, оны қайта шалсын» деп Құрбан айт намазынан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде арнайы ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін соятындар да болады.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйені шалуға болады. Қой мен ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық марқа қозы, не тоқты бір жасар қой сияқты семіз болса, құрбандыққа жарайды. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандыққа шала алады. Ал, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі, не жеті кісінің бірігіп шалуына болады. Құрбандықты ортақтасып шалған уақытта әрбір адам ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екіншісінің ниеті басқалай болса, шалынған мал барлық ортақтасқандар үшін құрбандық болып есептелмейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал туралы: «Соқыр, ауру (жүре алмайтындай дәрежеде), ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» деген. Құрбандыққа шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрауға болмайды. Ал, қинамай сою – сүннет. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Малды қинамай бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын» деп айтқан.
Малды құбылаға қарай жатқызады, сосын дұға ретінде мына аят оқылады: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы үшін. Оның еш серігі жоқ» («Әнғам» сүресі, 162-аят). Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лилла һилхамд» деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Малдың жаны шыққаннан кейін барып терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру жек көрілген амал болып табылады.
Бай болсын, мейлі кедей болсын, өзі шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбандық шалсаңдар, оның етінен жеңдер және одан басқаларға да беріңдер» деген. Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп тарату – (мұстахаб) жақсы амал. Бір бөлігі туған-туыс, не көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігін кедей және мұқтаж адамдарға таратады, үшінші бөлігін отбасына қалдырады. Айтпақшы, шалынған малды мұқтаждық болмаса түгелдей кедей-мұқтаждарға таратып беруіне болады.
Олай болса, мал-дәулет берілген, жағдайы бар кісілер Жаратушы бұйырған ғибадатқа сараңдық жасамағаны дұрыс. Себебі, Құрбан айт – мұсылман жұртының арасында достық, бауырмалдық, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерін нығайтады. Құрбан шалу көптеген сауапты іс жасауға жол ашады.
Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, айт намазына дайындық жасайды. Бой дәретін жаңартып, жаңа немесе таза киімдерін киіп, жұпар иіс себініп шығуы сауапты, ізгі істерге жатады. Айт намазын оқып, бақилық жақын-жұрағаттарына Құран бағыштап, бірін-бірі мейраммен құттықтасады. Құрбандық малдарын шалып, жақсы амалмен Алланың разылығына жетуге ниет етеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені» деп айтқан. Ағайын-туыс, жора-жолдас, жақын-жұрағаттың үйлеріне барып айт мейрамымен құттықтау, сырқат кісілердің көңілін сұрау, отбасыға, балаларға сый-сияпат жасау да сауапты істер болып табылады. Келе жатқан қасиетті Құрбан айт мейрамы құтты болсын! Алланың разылығы үшін деп шалғалы жатқан құрбандық қабыл болып, мол сауаптарын нәсіп еткей!
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда облыстық «Ақмешіт Сырдария»
орталық мешітінің наиб имамы
Ескерту:
27 маусым – Арапа күні.
28 маусым – Құрбан айттың бірінші күні.
Құрбан айт намазы Қызылорда облысы бойынша таңғы 06:00-де оқылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!