Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтерген еді. Көп ұзамай ұлт ұясы саналған Ұлытауда алғашқы жиыны ұйымдастырылды. Араға бір жыл салып, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты тақырыппен құрылтайдың екінші отырысы түркі халықтары үшін киелі мекен Түркістанның төрінде өтті.
«Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған» деп бастаған ел президенті бірқатар мәселені сөз етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Абай облысындағы өрттен кейін өтіп жатқанын, мұндай оқиғадан сабақ алу қажеттігін қадап айтты. Күлтөбенің басында күнде жиын болмай, жүйелі жұмыс, нақты іс керектігін жеткізді.
– Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған, – деді мемлекет басшысы.
Бірінші құрылтай жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылғанын көпшілік жақсы біледі. Президент осы уақыт аралығында Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болғанын, конституциялық реформа жасауға тырысқанын тілге тиек етті.
– Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне зор кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас саналуы керек, – деді.
Халықаралық ахуал шынымен шиеленісті. Осы орайда еліміздің тұтастығы сөз болады. Мемлекетіміздің әлде де іргесі мықты болып, әлеуеті артуы керек.
– Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз.
Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі қойған сауалдардың жауабын беруге тырысты.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сарапшылар әлемде су үшін соғыс болатынын болжайды. Әрине, осы кездің өзінде ауызсу, мейлі аяқсу болсын, жалпы судың тапшылығы байқалады. Тіпті, жақында ғана Астанадағы судың тапшылығы көптің көңілін түсіріп жібергені шындық.
– Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да – орынды. Осы түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын. Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс, – деп бір ескертуін жасады мемлекет басшысы.
Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды кім құрады? «Балық басынан шіриді» дегенімізбен, құйрығынан бастап тазаланатынын ұмытпауымыз керек. Сол секілді, әділетті әрі жаңа Қазақстанды әкімдер не басшылар ғана емес, адал азаматтар құрады. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жететіні, құрметке ие болатыны айдан анық.
Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс қажет. Мұны президент жақсы біледі. Сондықтан да ол құрылтай барысында осы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталды.
«Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет» деген бірінші бөлімді «Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек» деп бастады.
Онда алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керектігін, аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей ету қажеттілігін айтты.
Қазақстанда кез келген сыйлық шығармаға емес, авторға берілетін сияқты. Дәл осы сарындағы пікірдің айтылғанына да көп болды. Сыйлық, наградалардың да құны сонымен бірге кеткендей…
– Қоғамға үлгі болатын жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдың терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет.
Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады. Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн, – деді ол.
Президент сондай-ақ бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырғанын, алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылатынын айтты.
Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Иә, президент сөзінің екінші тарауында дәл осы тақырып сөз болды.
– Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көптомдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көптомдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, археология саласындағы кемшіліктерді де бір тізбелеп, ономастика саласының идеологиялық құрал екеніне баса назар аударуды сұрады.
– Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі, – деді мемлекет басшысы «Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет» атты үшінші бөлімде.
Өзге елдер қазақтарды көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді деп болжап отыр.
Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Бұл – ұлттық құрылтайда талқыланған төртінші тақырып.
– Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.
Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, ата-ананың баланың тәртібіне бейтарап, селқос қарауы, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктеуі де қисынсыз.
– Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады, – деді президент.
Президент ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту туралы да сөз қозғады. Бұл бесінші тақырып болды.
Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады.
– Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет, – деді мемлекет басшысы.
Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. «Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет» деді президент.
Ұлттық құрылтайдағы алтыншы тақырып мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметіне арналды.
– Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында.
Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет екенін айтты. Сондай-ақ, бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар.
«Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту» деп қадап айтты мемлекет басшысы.
– Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар, президент ауылдың жайын, қазақ тілінің жағдайын сөз етті. Бұл мәселе бойынша жауаптылар ғана емес, әр адам да сезінуі тиіс деген ой айтты.
Президент сегізінші бөлімде «Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін» деп ойын ашық жеткізді.
– Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру.
Бұдан бөлек, аудан және ауыл әкімдерін сайладық. Облыстық мәслихаттарға сайлау аралас жүйе арқылы, ал аудан мәслихаттарына тек бір мандаттық қағидат бойынша өтеді. Алдағы жұмыс – ауқымды. Біраз уақыт қажет екені түсінікті.
Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы, – деді ол.
Сондай-ақ, бірқатар кадрлық өзгеріс жасағанын айтып, «басшылар мадақтаудан гөрі, халықтың алдында абыройлы болуды ойлағаны дұрыс» деді.
– Қазақстан президенті – мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес.
Алайда қоғамымыз мемлекет басшысына, басшылық қызметтегі адамдарға құрметпен қарауы керек, яғни саяси тұрғыдан көзі ашық, жауапкершілігі жоғары азаматтар ретінде оларға ой-пікірін, ұсыныстарын айтып отыруы қажет. Осылайша, елімізде саяси мәдениеттің, өркениетті қоғамның озық үлгісі қалыптасады. Бүгін өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты да – осы, – деді президент.
«Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады» деген мемлекет басшысы кез келген азамат адал болуға ұмтылу керектігін тағы қайталады. Рас, сонда ғана әрқайсысымыз Отанымызды өркендетуге үлес қоса аламыз.
– Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады. Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз соңында.
Екінші отырысы қорытындыланған құрылтай былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда өтті. Ал, келесі жылы Атырау облысында жалғасатын болады. Шынын айту керек, естір құлаққа есті сөз ұлттық құрылтай барысында айтылды. Тіпті, кем-кетік пен жетістік қатар сөз болды дей аламыз. Жауаптыларға қатаң тапсырма да берді. Иә, президент те – халықтың қызметшісі. Оны өзі де айтты. Кез келген істі қоғам болып ұйысып, жұдырықтай жұмылып бірге атқару керегін сөз етті.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!