HALYQLINE.KZ –| Әлем елдерінің біраз бөлігіне тараған індеттің әсерінен төтенше жағдай жариялануына байланысты ажиотаж бірқатар мәселенің басын ашып, айқындап берді. Білім, медицина саласын қоспағанда сауда-саттық саласының тамыры тасқа тиіп тұрғанын аңғартты. Бұл мәселе министрлер кабинетінің де мазасын кетіргенге ұқсайды. Әйтпесе Үкімет сағатында осы мәселелерді жедел және жүйелі шешу үшін ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылмас еді.
– Сауда инфрақұрылымында қазіргі уақытта елімізде жұмыс жасайтын 750 сауда базары бар. Олардың 51%-ы стационарлық емес. Базарлардың бірде-бірі қазіргі заман талаптарына сай емес. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру (қазір оны «кросс-док» деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Әрине, базарларда тауар ағындарын бақылау бойынша ақпараттық жүйе де жоқ, – деді жиын барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.
Сондай-ақ, өндірушілердің сөрелерге қол жеткізу тетігі бұрмаланған баға негізін, әділетсіз сауда үстемесін және белгілі кезеңдерде бағалардың негізсіз өсуіне жол ашатындығы сөз етілді.
– Мысалы, Францияда 20 көтерме азық-түлік базарының біреуі ғана жеке, қалған базарлар толық немесе ішінара мемлекеттік болып табылады. Испаниядағы «Mercasa» көтерме-тарату орталығы да мемлекеттік. Сондай-ақ, Варшава ауыл шаруашылығы көтерме базарының 62% акциясы мемлекетке тиесілі, – деді министр сөзін жалғай келе.
Алдағы уақытта барлық өңірлерде көтерме-тарату орталықтарының желісін құруды жоспарлануда. Ол өндірушіден сөреге дейінгі тауар тізбегін қамтиды. Және тауар өткізу жүйесін 3 кезеңде жүзеге асыру да ұсынылып отыр. Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші кезеңде ауылшаруашылық тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салу жоспарлануда. Жобаны іске асырудың жалпы құны 237,5 млрд. теңгені құрайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!