Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ТИРАННЫҢ тағылымдары»

19.01.2023, 11:40 324

Сонымен, Қазақстанның Конституциялық соты бір топ депутаттың  өтінішін қарап, «Тұңғыш президент – Елбасы» заңының күшін жойды. Конституциялық сот: «2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, тұңғыш президент – елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды Конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Конституциялық кеңеске өмір бойы мүшелігін, сондай-ақ, оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық президент болып сайлану құқығын Конституциядан алып тастады», дейді.

Демек, бұдан былай  Нұрсұлтан Назарбаевқа   қатысты «Қазақстан Республикасының президентi туралы» Конституциялық заң қолданылады. Онда «Қазақстан Республикасының бұрынғы президенттерi» туралы тарау бар. Назарбаев сол нормалар бойынша қорғалады. Экс-президент ретінде Назарбаев парламент палаталарының бiрлескен отырыстарына, республика президентiнiң қызметке кiрiсуiне, мемлекеттiк мерекелерге арналған салтанатты мәжiлiстерге және мемлекет өткiзетiн өзге де iс-шараларға қатысуға құқылы. Бірақ ол енді Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасай алмайды.

Конституциялық сот Қаулының бірден күшіне енетінін, шағымдануға жатпайтынын мәлімдеді. Дегенмен, кейбір  тәуелсіз саясаттанушы мен заңгерлер қуануға әлі ерте екенін, заңның 4-тармағы ғана алынғанын, қалғаны өз күшінде қалғанын алға тартып отыр.

«Халық» газеті де осы мәселе бойынша басылымның белсенді авторы әрі жанашыры Әміржан Қосаннан  пікір  сұраған еді.  Ол nege.kz. сайтына  берген мақаласын бізге де ұсынды. Саясаткер бұл тақырыпты басқа қырынан тарқатыпты.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қазір екінің бірі сынап-мінеп, 30 жыл бойына іште жатқан запыранын Қаскелең мен Шамалған жаққа қаратып құсып жатыр…

Ол да түсінікті, өйткені бұрын оған сын айту – көзсіз батырлық бола-тұғын. Қазір рақат: ешкім ол үшін жауапқа тартпайды, Назар­баевтың да сес көрсететіндей  шамасы  жоқ.

Мен кеше Назарбаевты асыра мақтап, бүгін оны тұқыртып жатқан «арсыз армияға» қосылмай-ақ қояйын. Себе­бі билікті басыбайлы басып ал­ған (оны «узурпация» дейді) ол тура­лы ойым­ды ширек ғасыр бойы­на ашық айтып келемін. Жығылғанға жұдырық болмай-ақ қояйын, менсіз де тепкілеп, саяси ұпай жинап жатқандар көптеп табылып  жатыр  емес  пе?

Шынымды айтсам, мен Назарбаевты аяймын. Осы қарғыстарды естімей-ақ, өмірден өте салу керек пе еді, кім білсін. Әйтпесе, өз қолымен құрған империяның құлдырауын, кешегі жағымпаздарының бүгінде өзіне қарсы шығуын  көру  кімге  оңай тиеді  дерсіз?!

Сол себепті кеше ғана парламент күшін жойған «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» заңды негізге ала отырып, тиранның (ашығын айтсақ, солай ғой!) тағылымдарын  тарқатайын.

Біріншіден, президент болсаң, ерте ме, кеш пе, осы орынды босататыныңды біліп, ақырын жүріп, анық бас! Ел Конституция­сын өз ыңғайыңа қарай өзгерте берме: кейін оның бәрі қайта қаралып, баяғы қалпына келеді. Өзіңді қол сұқпас деп жариялаған заңдарың бір күнде-ақ түкке жарамай қа­лады.

Сондықтан босқа әуре болма. Биліктің үш тармағын уысыңда ұстама, өйткені ертең әрбір та­ғайындаған адамыңның арам қылықтары  үшін  жауап  бересің.

Екіншіден, өзіңнің өсуіңе, өнуіңе, өркендеуіңе, билік басына шығуыңа себепкер болған адамды ұмытпа. Көзі тірісінде сыйла, құрметте, өйткені алдыңғы басшыны қалай қарасаң, ертең сенің ізбасарың да саған солай  қарайды.

Үшіншіден, бірінші басшы болдым деп, қатарластарыңды тұқырта берме. Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кет­пейді  емес  пе?

Төртіншіден, отбасың мен ошақ қасында жүргендерді тым аспандатпа. Балаларың мамандығына сай жұмыс істесін. Сая­сат пен мемлекеттік қаржыға қатысты бизнеске араласпасын. Қоғамды қинамасын. Өз қатар­ластарымен жақсы болсын. Асып-тасып, бірнеше қатын алып, шетелден виллалар сатып алып, сені ұятқа қалдырмасын. Өзің де моральдық жағынан ұстамды бол, бір отбасың болғаны абзал, әйтпесе, шашыласың. Және де ақылсыз тоқал (тоқалдар) болса, сені ұятқа қалдырады.

Бесіншіден, өзің басқарып отырған елдің байлығы – сол елдің байлығы, оны жекешелендіріп, басқа біреудің атына жазып, заң алдында таза боламын деп, әуре болма: ерте ме, кеш пе, барлық оффшор ашылып, бәрі аян болады, тағы да ұятқа қаласың. Халықтың қазынасына қол сұқпа!

Қоғам  үшін  де  тағы­лымдар  бар.

Біріншіден, ешбір адамға табынуға болмайды. Бір сөзімде айтқанмын, қазақ­та бір келісім бар: екі ғана аб­солют болсыншы, бірі – Жарат­қан ием, екіншісі – пенде болса да, маңайына ұлттың ұйыса алатын  символы – Абай (оның өзін жоққа шығарушылар  табылып жатыр  емес пе?). Осымен тамам: қалғанының  бәрі – Қонаев  болсын, Назарбаев болсын – бәрі пенде, бәрі де өздері тұсында өмір сүрген немесе өздері құрған жүйелердің шеңберінен  шыға  алмаған қарапайым, сіз бен  біз  секілді   пенделер.

Екіншіден, билік басындағыларға «мынау жаман, анау жақсы екен» деп баға беруге болмайды. «Кез келген билік адамды бұзады, абсолюттік билік адамды абсолют­тік түрде бұзады» депті бір білгіш. Дәл солай! Сол үшін кез келген жақсы адам билік басына келіп алып, Назарбаев секілді бұзыл­мауы үшін билікті үш тармағының тепе-теңдігі мен сөз бостандығы һәм ашық оппозиция  болуы  шарт!

Үшіншіден, болашақ президенттерге қатысты заңдарды да ойластырып қабыл­даған жөн. Иә, «Тұңғыш президент – Елба­сы туралы» заң өз күшін жойды. Бірақ, қазіргі заңнамаға сәйкес, Назар­баев бәрібір бір бап бойынша, яғни «мемлекетке опасыздық жасағаны үшін» ғана жауапқа тартылады. Қалған қиянаттары үшін  жауап  бермейді!

Өркениетті елдерде, мәселен, Францияда, бұрынғы президенттер сайлауына көлденең қаржы жұмсағаны үшін прокурор алдында тергеліп  жатады.

Бізде болса, президент билікті басыбайлы басып алғаны, отба­сын тайраңдатып қойғаны, халық байлығын жеке ие­лікке алғаны, саяси  бә­секелестерін өлтіріп, соттағаны  үшін ол жауап бермейді. Бәлкім, осы тұрғыдан заңды қайта қарау  керек  болар.

Сонда ғана біз қазақ тарихында «елбасизм» секілді құбыжық құбылыс қайталанбайтын құқықтық негіздер жасай  аламыз.

Әйтпесе, екінші Назар­баевты мына халық көтере алмайды!

Әміржан  ҚОСАН,

саясаткер

P.S. Айтпақшы,  ол  заңда  бұрынғы президенттің отбасы мүшелері туралы да айтылады. Әгәрәки оның бір емес, үш отбасы болса, не істейміз? Олардың бәрінің шығынын бюджет көтере бере ме? Бәлкім, танымал комедиялық фильмдегідей бір «сүйікті Гүлшетайынан» тараған  ұрпағына  ғана  кепілдік  берерміз,  ә?…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: