«Желтоқсан көтерілісі» туралы жазылмаған мәселе қалған жоқ шығар. Биліктің саяси ойынына қарай, біресе көтеріліске қатысқандарды көкке көтеріп, енді бірде, тағы да саяси қажеттілікке қарай – сылап-сипап, өзбек мезіретпен, құрметтеп те қоямыз. Қазір «Желтоқсан көтерілісіне» оң көзқарас қалыптастыру қажеттігі туады деп есептеймін. Демек, 1986 жылдың аязды желтоқсанында алаңға шыққан жастарға деген жылы лебіз, жақсы пікір айтылады, теледидардан деректі фильмдер беріліп, бұрынғы «наркомандар» туралы позитивті бағытта көлемді мақалалар жазылар…
Құбылмалы өмір.
Құбылмалы саясат.
Құбылмалы пікірлер.
Құбылмалы басшылық…
Заманды адамдар өзгертіп жатқан жоқ, заман адамдарды өзгертіп жатыр. Билікке не ыңғайлы, сол – шындық. Кезінде бәрін жазалап, жендеттің рөлін атқарғандар қазір сол боздақтарды «толық ақтау» комиссияларын құрып жатыр. Тобыр мәз. Қайтеміз, «заман талабы» дейміз де, қоямыз.
Алайда «Желтоқсан көтерілісіне» қатысты осы отыз алты жылдың ішінде екі қателік жіберген сияқтымыз. Бірінші қателігімізді 1987 жылы жасадық деп ойлаймын. Әлі есімде, сол уақытта КПСС Орталық комитеті арнайы қаулы қабылдап, «Республика партия комитеттерінің жұмысындағы елеулі қателіктер мен ағаттықтар ұлтшылдық көріністерінің өсуіне апарып соқтырды, оларға дер кезінде тыйым салынбады, ол былай тұрсын, жасырылды немесе әншейін бұзақылық деп саналды. Тіпті 1979 жылы Целиноград қаласында болған ұлтшылдық бой көрсетулерге Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өткір саяси баға бермеді. Өткен жылғы декабрьде болған тәртіпсіздіктер де қазақ ұлтшылдығының көрінісі болды» деп жазды. Сол уақытта осы қаулыға бәріміз қарсы шығып, «бұл – қазақ ұлтшылдығы емес» деп, ер-тоқымымызды бауырымызға ала туладық. («Негізгі қоғамдық айыптаулар оған дейін-ақ айтылған болатын. Бірақ, арнайы қаулымен қазақ халқын ұлтшыл ретінде көрсетуі намысқа тигендей болды», – дейді Бейбіт Қойшыбаев. Ұмытпасам, ұлттық мәселеде қозғала қоймайтын зиялы қауым да бірнеше рет осы бағаны алып тастау жөнінде өтініш білдірді). Менің ойымша, сол Қаулыға реніш білдіріп, қарсы шығып, ақыр аяғы алдырып тастағанымыз – үлкен қателік сияқты. Сол уақытта Баку мен Тбилиси қалаларында да толқулар болғаны белгілі, бірақ билік оларды ұлтшылдық деп айыптамаған болатын. Әлде, бізге осы «алалау» ұнамады ма екен..? Ақыры, тарихшы Қайдар Алдажұманов айтқандай, 1989 жылы Мұхтар Шаханов бастаған комиссия қайта-қайта мәселе көтеріп, Қаулы күшін жойды. Дегенімізге жеттік пе, білмеймін. Мүмкін, «ұлтшылдық» деген қасиетті сөзді кеңес заманы боққа былғап, жұрт шошитын, ең бір жаман, негативті мағынаға түсіргені кінәлі болар, әйтеуір, бізге ұнамағаны анық. Қазір бұл мәселеге, өз басым, басқаша қараймын. Иә, «Желтоқсан көтерілісі» қазақ ұлтшылдығының нақты көрінісі деп атар едім. Әрине, сол уақыттағы Компартияның Орталық Комитеті «қазақ ұлтшылдығы» деген сөзді өздерінің идеологиялық тұрғысынан қолданды, ал мен қарапайым қазақтың түсінігінде бергім келеді. Қысқасы, сол Қаулыны алып тастау үшін күресудің орнына, «қазақ ұлтшылдығы тоталитарлық жүйеге ашық қарсы шыққан алғашқы күш» деп мақтануымыз керек сияқты.
Екінші қателік – «Желтоқсан көтерілісіне» қатысқан, жазаланған азаматтардың ақталу қағазын алып жатқандығы. Мүмкін, мен қателесетін де болармын, бірақ АҚТАЛУ не үшін керек? Кеңес заманында қылмыс жасап, әлі ақталмаған жандарға саяси-қоғамдық өмірде белгілі бір заңдық тұрғыдан шектеулер бар дегенді естімеппін. Олар Президенттікке түсе алмайды, Парламентке сайлана алмайды деген заңды да көрмеппін. Әлде, Желтоқсан көтерілісіне қатысып, кейін ақталған адамдарға қаланың қоғамдық көлігінде тегін жүру немесе жылына бір рет шипажайға тегін жіберу сияқты әлеуметтік жеңілдіктер беріле ме екен? Оны да естімеппін. «Қылмыс» демекші, мен оларды қылмыскерлердің қатарына жатқызбаймын. Олар адам өлтіріп не дүкен тонаған жоқ, әрі кеткенде өздерінің пікірлерін айту үшін алаңға өтуге тырысты. Cонда не үшін ақталмақ? Әрине, оларды жазықсыз соттады. Мүмкін, сол сотталған баптың жала екенін мойындату үшін, «менің түрмеде отырғаным рас, бірақ қылмыс жасаған жоқпын ғой, ақталу соны дәлелдеу үшін керек» дейтін болар. Бұл дәлелді де қабылдағым келмейді. Мен үшін «Желтоқсан көтерілісіне» қатысқандар, жазаға тартылғандар, оқудан не жұмыстан шығарылғандар, жарақат алғандардың барлығы – сол кезеңдегі әділетсіздікке қарсы, қазақ ұлтының қорлануына қарсы, ұлттық құндылықтардың жоғалуына қарсы күрескен жандар. Олар сол көтеріліске қатысу арқылы өздерінің азаматтығын көрсетті. Демек, желтоқсаншыларды ешкім де қылмыскер деп санамайды. Демек ақталудың ешқандай қажеті жоқ. Ақталу емес – мақтану керек!
Мен ақталуды басқалардан күтемін. Сойылдарын сүйретіп алаңды қоршаған милиция, әскерилер, жасақтар, ішкі істер қызметкерлері, мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерінен, жастары жиырмаған толмаған студенттерді топырлатып оқудан, жастарды жұмыстан шығарған ректорлар, декандар, парткомдардан, қазақтың боздақтарын «наркоман» деп атаған зиялы қауымнан, жиналыстарда жазалаушылардың сөзін сөйлеген мемлекет, қоғам қайраткерлерінен күтемін. Солар ақталуы керек! Ол үшін сотқа барудың да, анықтама, құжат жинаудың да қажеті жоқ. Олар өздерінің арларының алдында ақталуы керек, екіншіден, осындай зұлмат қайталанбасын десе, халықтың, қоғамның алдында ақталулары керек деп есептеймін. Тарихта бұндай ақталулардың жолы да, тәсілі де жеткілікті.
Осыған орай, өзімнің «Қаңтар қырғынына» қатысты президенттің рақымшылық жасау жөніндегі бастамасының орынсыз екенін де айта кеткім келеді. Егер ол рақымшылық алаңға шыққан, сол үшін жазаланған азаматтар үшін жарияланса, бұндай рақымшылықтың құны көк тиын. Алаңға шығу – қылмыс емес. Меніңше, осы «рақымшылықпен» біздің президент қарусыз жандарды ескертусіз атқан жауыздар мен солардың оғынан құрбан болған боздақтарды теңестіргісі келген сияқты. Мақсат – екі жағын да қылмыскер етіп көрсету. Рақымшылық – қылмыс жасаған жандарға ғана қатысты әрекет екенін ұмытпалық. Ал егер бұл рақымшылық қаңтарда жүздеген қарусыз адамға оқ атқандарға арналса, өз басым, оларға ондай жеңілдіктің қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі қарусыз адамдарды ату – адам құқығына қарсы жасалған қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмысқа барғандарға (атқандар да, аттырған да…) ешқандай рақымшылық жасалмайды.
Дос КӨШІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!