Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатқа әркімнің-ақ бар таласы…

15.12.2022, 11:20 550

Сонымен, еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасында өкілдік ететін азаматтарды, яғни депу­таттарды сайлау додасы дүбірлеп тұр. Қазір жер-жерде кандидаттарды ұсыну мен тіркеу қатар жүріп жатыр. Нақты айт­қанда, ҚР Президен­тінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №4 Жарлы­ғымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттік­те­рінің консти­туциялық мерзімінің 2023 жылы аяқталатынына байла­нысты Сенат депутаттарының  кезекті  сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына сәйкес Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен еліміздің әрбір облысынан, республика­лық маңызы бар қаласынан және астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл, олардың жартысы үш жыл сайын қайта сайланады.

Демек, осы жолы еліміз бойынша 20 сенаторлық мандатқа сайлау өткізіледі. Ал, Қызыл­орда облысында 2017 жылы сайланған Мұрат Бақтиярұлының орны­на, яғни бір орынға «талас» болады. Талас дегеннен шығады, бүгінде Сыр елінде «сүбелі орыннан» дәмелілер көп болып тұр. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы А.Сыр­лыбаеваның облыс­тық «Сыр бойы» газетіне берген сұхбатынан білгеніміздей, 10 желтоқсанға дейін депутаттыққа 7 кандидат ұсынылыпты. Сенатқа әркімнің-ақ бар таласы… Яғни, әкімнің де, басқарма басшысының да, кәсіпкердің де, тіпті мәслихат хатшысының да. Кімдер дейсіз бе? Олар – Мұрат Тлеум­бетов, Руслан Рүс­темов, Нұрғали Қордабай, Жорабек Нұрымбетов, Жасұлан Жарасбаев, Асылбек Шәменов, Наурызбай Байқадамов. Бір қызығы, кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған, мәслихаттардан кандидат ұсынылмаған. Ал, ұсынылған әлгі жетеу Конс­титуция мен ҚР сайлау заңнамасының талаптарына сай келеді. Айтпақшы, кандидаттарды ұсыну мерзімі кеше, яғни 14 желтоқсан күні сағат 18:00-де аяқталды. Ал оларды тіркеу мерзімі осы жылдың 24 желтоқсанында жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Облыстық сайлау комис­сиясы хатшысының айтуынша, бүгінгі күнге дейін 3 кандидат тіркелген. Олар – облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшы­сы Руслан Рүстемов, Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов, «Қызылорда сушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов. Сондай-ақ, апта басында белгілі болғандай, облыстық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну тәртібімен Жеңісбек Бердешов есімді азамат құжат тапсырған, бірақ талаптарға сәйкес емес екені  анықталған.

Сөйтіп, президенттік сайлаудан кейінгі сүбелі орны бар саяси нау­қан – Сенат сайлауына «ат қосып» жатқан үміткерлер­дің есім-сойы­на қарап отырып, басылымның бұған дейінгі санында  жария­ланған «Сенатор болу­ға кім ла­йықты?» та­қыры­бындағы мақалада аталғандай, қарапайым жұрттың парламент төрінен көргісі келетін азаматтардың бірін де байқай  алмадық.

Айта кетейік, облыс­та бұған дейінгі сайлау нау­қандарында, яғни 2014 жылы 6 кандидат, 2017 және 2020 жылдары бес кандидаттан сенатор болу­ға ниет білдірген. Жасыратыны жоқ, сол жылдары, оған дейін де Сенат төрінде отырған депутаттардың ішінде Мұрат Бақтиярұлындай ұлттық,  мемлекеттік  мүдде жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматты көре алмадық. Енді сол Бақтиярұлынан бәсі биік бола алатын «тұлғаны» Қызыл­орда облы­сы бойынша 9 мәслихаттағы 149 депутат (жалпы 152 мандат бар. – ред.) жаңылыспай «таңдай» ала ма? Әлде, тізімі жоғары жақта бекіген азаматты «өткізе» ме? Өйткені, бұған дейін көп жағдайда Президент пәрмен беріп, додаға «допуск» алатындардың «адымы» алға бастап тұратын еді. Жалпы, бұл сайлау қоғамның саяси тәжірибе жинақ­тауына үлес қосып, саяси мәдениетін арттырып, демократия талаптарына жауап беріп жатыр ма? Әлде бүгінгідей қиын жағдайда тек қыруар қар­жыны шығын етіп жүрміз бе? Бұл да – ойланатын мәселе…

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: