Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қожаназар ишан есімі берілсе…

08.12.2022, 10:40 615

Қазалы  ауданының  әкімі  Мұхтар  Оразбаевтың  назарына

«Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі». («Тәубе» сүресі, 18-аят ).

Қазалы өңірінде есімі жалпақ жұртқа мәлім батыр бабалар, ғұлама даналар, әулие, емшілер, ишандар дүниеге келгені көпке аян. Сондай аруақты бабамыздың бірі – Қожаназар  ишан  Артықбайұлы.

Қожаназар Артықбайұлы 1855 жылы  дүниеге  келген. Әлімнің Қа­ра­кесек тайпасынан өрбиді. Мекке­ге үш мәрте қажылыққа барған Қожаназар ишан бабамыз тура 63, Пайғам­бар  жасында  өмірден  өтеді.

Қожаназар ишанның жеті ұлы болған. Олардың баршасы діндар, оқымысты адамдар екен. Қазіргі таңда «Қожаназар ишан» есімімен аталатын мешітті ишан бабамыз ке­йін інісі Бекназарға беріпті. Мұнан соң мешітті Бекназардың баласы Нұрмағанбет ұстапты. Өкінішке қарай, Нұрмағанбет небәрі 24 жасында өмірден  өтіпті.

Қазалы ауданы орталығындағы «Қожаназар ишан» мешіті 1902 жылы пайдалануға берілген. Мәдени-тарихи ескерткіштер қатарындағы мемлекет қорғауында. Сапалы салынған Алланың жердегі үйінің арада ғасырдан астам уақыт өтсе де міні құрымаған. Қазіргі таңда «Қожаназар ишан» мешітінде шәкірттер тұрақты түрде дәріс алады. Осы жылдар аралығында «Қожаназар ишан» мешітінен көптеген шәкірт діни сауа­тын ашты. Мешіттің жылу жүйе­сі, жабдықталуы жақсы деңгейде. Қай кезде барсаңыз да, мешіт ішінен жамағатты  кездестіресіз.

«Дін – апиын» деп саналған сонау кеңестік кезеңде де мешіт қызметін тоқтатпады. Ол кезде облыста екі мешіт, яғни «Айтбай» мешіті мен «Қожаназар ишан» мешіті ғана бар болатын. Сол тұста «Мұсылмандар мешіті»  деп  аталды.

«Ишан – діни атақтардың ең үлкені. Қазақ жерінде ишандық атақ­ты алу үшін жеті мешітке барып, сы­нақтан өткен. Ишандар киелі болған. Ишанның осалдау дегенінің өзі қабірде жатқан өліктің жағдайын біледі екен» дейді ескіден жеткен деректе.

Қожаназар ишанның жеке қара­жатына салдырған екінші мешіті Сырдарияның жағалауында, қазіргі Жанқожа батыр ауылының тұсында орналасқан. Қалың тал қоршаған жерде мешіттің орны бар. Ауыл тұрғындары бұл маңды киелі санайды. Қожаназар ишан атамыз әулие, емшілігімен қатар мықты бағбандықты да терең меңгерген киелі жан болған. Ишан атамыз өз қолымен еккен талдарды мешіт маңынан әлі күнге көруге болады. Жуырда Жанқожа батыр ауылының тұрғындары және аудан орталығындағы жекелеген азаматтардың демеушілігімен Сырдарияның іргесіндегі, Жанқожа батыр ауылының аумағында орналасқан Қожаназар ишанның ескі мешіті мен бейіті қоршалып, ескерткіш  тақта  орнатылды.

Мұхтар  Әуесұлы!

Сыр өңірінде жұртшылыққа имандылық нұрын құю жолында ғұлама, әулие Қожаназар ишан Артықбайұлының шоқтығы биік екендігі баршаға аян. Ұлыларымызды ұлықтау – ұрпақ парызы. Осы орайда, аудан орталығы Әйтеке би кентінен Қожаназар ишан Артықбайұлы бабамыздың атына көше берілсе деген өтінішім бар. Бұл жүрегінде имандылық оты лаулаған, бар ғұмы­рын халқын хақ жолына үндеген Қожа­назар ишан Артықбайұлы баба­мызға деген ел-жұртының шексіз құрметінің белгісі болар еді. Бұл ұсынысым аяқсыз қалмайды, құзыретті орындар мен көпшілік қолдайды деп сенемін.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының 

құрметі  азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: