Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаһанға мәшһүр шаһар

29.10.2022, 10:00 373

HALYQLINE.KZ Қазақта атадан балаға мирас болып жеткен «әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген қанатты қағида бар. Осынау құнын жоймас киелі сөз адамзат баласының кір жуып, кіндік кескен мекеніне деген ыстық ықыласын дәлелдеп тұрғандай. Иә, ауданның бас қаласына биыл 95 жыл толды. Жоғарыда жаһанға мәшһүр шаһар деп тақырып қоюымыздың өзіндік сыры да осында жатыр.

Алты құрлық мойындаған Арал әлем жағрафиясында ойып тұрып орын алуымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда Арал қаласында 35 мыңнан астам халық, 120-дан астам кәсіпкерлік нысан, 226 көше бар екені есепке алынған. Алтықұдықтан басталған жол қазіргі Аралға дейін ғасырға жуық сүрлеуді артта қалдырғанын кәрі тарих қатпарынан көз жеткізе аламыз. Өткенсіз болашақ жоқ. Кешегі Арал мен қазіргі Аралдың арасы жер мен көктей. Сыныптай сырғыған уақыт сағаты бір орнында тұрмайды. Сонау бір кездерде орын алған қиындық кезінде де аралдықтар уақытпен үндесе отырып, қоғам талабына бейімделді. Яғни, бәрі өткінші екенін ұғынып, еш мойымай алға сеніммен қарады. Ертеңгі күннің нұрлы екенін білді.

Ешқандай өлкені өсіп-өнген жерлерімен алмастырмаған Арал халқы туған топырағын жер жәннатына балады. Бір кездерде кеме гудоктарымен оянған жағалау жұртыэкологиялық апат кіндігінде отырса да, болашақтың баянды екеніне еш шүбәсіз сенді.

Арман адастырмады, мақсат жаңылдырмады. Арал қаласының тұрғындары ең бірінші кезекте қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғатпен тамырласекенін әрдайым естен шығармады.

Содан да болар, бір кездері Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жариялаған «Экологиялық таза қала» конкурсында атағы алысқа кеткен 60 қаланы артқа тастап, бәйге басынан көрінді. Әлі де сол үрдіс үздіксіз жалғасын табуда.

Өркениетті қалалардың қатарында тұру кез келгеннің қолынан келе бермейтін қадам. Алайда, Аралдың төзімді де, талапшыл халқы солай жасады. Қазіргі таңда да аудан басшысы Серік Сермағамбетов бастап, қала әкімі қоштап осы бір баршаға ортақ тазалық мәселесіне айрықша назар аударып келеді.

Нәтижесі де жоқ емес. Қаламызға келген, кеткен меймандар оң пікірін білдіріп, алғыстарын айтып та жүр. Үлкен-кіші де тазалық табалдырықтан басталатынын қаперге тоқып отырады. Көкжиегі кеңейген қаламыздың сәулетіне сәулет қосқан зәулім ғимараттар ел игілігіне көптеп жарап, бір кездердегі әр жерде тарыдай шашылып орналасқан сауда орындары жинақталып соңғы үлгідегі нысандармен толыққаны көңіл қуантады. Бұл жерде кәсібін алға бастырып, істің тетігін білген азамат-азаматшалардың еңбегін де атап өткен ләзім.

«Елде болса ерінге тиеді» деген тәмсіл шеңберінде«екі қолға бір күрек» тауып, нәпақасын айырғандар қазіргі күні көптеп саналады. Бұл да әлеуметтің әлеуеті артқанының бір көрінісі.Қазір ертегі сияқты. Алайда,«өткен күнде белгі бар» дегендей, ұзын мойын крандар тұсынан өткен жандарға «біз кезінде өйткенбіз» деп заманындағы портты қалаға айналған Аралдың дәуірісалтанат құрғанын паш ететіндей.

Адам айтса нанғысыз. Шағаласы шулап, балығы тулаған Арал теңізі жетпісінші жылдары жағалаудан жиырыла бастады. Осылайша жыл өткен сайын кенезесі кеуіп, айдын бетін шиырлаған алып кемелер мен шағын қайықтар қайраңдап қалды. Абдыраған халық «енді қайттік» деп пұшайман күй кешті. Тіпті, бәз біреулер Балқаш асып, Қапшағайға қоныстанып, атап кәсіпті сол жақтан жалғастыруды жөн деп тапты, көшін қомдады. Әлем назары Аралдың мүшкіл халін жақсартуға ауды. Бір есік жабылса, бір есік ашылатынына тағы бір көзіміз жетті. Уақыт диірмені бір орнында тұрған ба? Айлар алмасты, жылдар жылжыды. ХХІ ғасырдың алғашқы бесжылдығында Кіші Арал теңізін сақтап қалу жобасы қолға алынып, бұл тарих бетінде САРАТС деп таңбаланды. Ілкімді іс, жүйелі жұмыс аз уақытта жемісін беріп,жағалау тұрғындарының көңілін қуаныш кернеді. Қысқасы, жақсылықтан күдер үзбеген елдің келешегі кемелденіп, теңіз ұлтанына қайта су келуге мүмкіндік туды. Осы жерде айта кететін бір жәйт бар. Арал арлы-берлі өткен шетелдік саяхатшылардың басты бағытына, ал Көкарал басты нысанына айналды. Теңіз тереңінен су маржанын сүзген балықшы ұрпақтары ата кәсіпті қайта жалғап, ау салды, жылым тартты.

Теңіз қолтығындағы ежелгі ата қоныс бір шақтарда өндірісі өркендеп, өндіріс жүрегі дүрсілдеп тұрғанын көз көргендер әлі ауыз толтырып айтады. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қазіргі бағыт басқаша өрілген. Кәсіпкерлік саласының көкжиегі кеңейіп, шағын балық зауыттары талапқа сайберері мол істі қолға алған. Тіл үйірер дәмімен алтынға баланған балығымыз шет мемлекеттерге экспортталып, айдынды Аралдың атын алты құрлық асырған. Қала халқы мал шаруашылығынан да қол үзбегенін білеміз. Мен қалалықпын демей, ауыл шаруашылығы саласына да ден қойған жергілікті қауым төрт түлікті қолда ұстауға әбден машықтанған. Бұл да – бір жақсылықтың белгісі.

Яғни, түйе, сиыр, жылқы, қой, ешкініқолда ұстаған аралдық тұрғындар мал баққанға бітетінін ұдайы есте ұстады. Бұдан бөлек, қала тұрғындары көшелерде орналасқан колонкадан шелектеп су тасып ішу машақатынан да құтылды.

«Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» әр шаңыраққа шүмектеп кіргізутетігін мүлтіксіз орындап, қазір әр үйді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтып отыр. Тағы бір жағымды жаңалық, аралдықтар үшін көгілдір отынның келуі еді. Талай жыл от жағып, күл шығарған қала халқы газдың да игілігін сезінді. Әдепкіде өңіміз бе, түсіміз бе деген жандар қазір 7 жылдан бері табиғи отынға қол жеткізіп, «газ келді, жаз келді» деген көңіл күймен қуанышты күй кешуде. Мұның бәрі мемлекеттің қамқорлығы екені даусыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың қажетіне бар мүмкіндік жасап,үлкен-кішіге қолайлы жағдай туғызуды ең бірінші кезекте күн тәртібіне қойып келеді. Біз жоғарыда сөз еткен Арал халқының барлық жетістігі Мемлекет басшысының жарқын бастамаларымен, толымды істерімен ұштасып жатқаны белгілі.

«Аралдың табынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ». Республикамызда орны ерек қаланың бір мүшесі болғанды мақтан ететін тұрғындар Аралды – арым, Астананы – бағым деп біледі. Арқа төсіндегі ару қаламен үндесе отырып, даму даңғылына түскен шаһарымен марқаяды. Қала сәулеті – өз сәулетіміз. Оның көркеюі мен өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қосу – барлығымыздың да перзенттік борышымыз. Ендеше, 95 жылдың тұғырына қонған, аймақ ажарына айналған қаламыздың мерейлі тойы құтты болып, әр шаңыраққа құт-береке орнасын деп тілейміз. Экономикамыз өркендеп, ауданның бас қаласы көркейе, екінші тынысы ашыла берсін!

Абай ЕЛЕШ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: