Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әділетті Қазақстанның әділетті сайлауы бола ма?

29.09.2022, 12:20 711

Дүние дүрлігіп тұр. От пен оқтың иісі әлемді әлемтапырық етіп, кешегі барша тіршілікті «бір тарының қауызына сыйғызып» жіберген жұқпалы індеттің ізін ала геосаясат та құбылып барады. Теріскейдегі көрші Ресейдің бір өзі жер-жаһанды «жынды» қылып қойды. Қазақстанды да бір «қырсық» айналып жүр, біресе оқ, біресе от, кешегі «Қаңтар қырғыны» да қырағылықтың аса қажет екенін айқын ұқтырды. Оның соңы Жаңа Қазақстан құрамыз деп, енді Әділетті Қазақстанға қадам басатынымыз айтылып жатыр. Әрине, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузымен. Айтылғанда, елімізде 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтетін болды.

Иә, Қазақстанды  30 жылға жуық уақыт басқарып,  2019 жылдың 19 наурызында өкілеттігін тоқтатқан Тұңғыш президент Н.Назарбаев ізбасары, сенат төрағасы Қ.Тоқаевқа уақытша болса да ел тізгінін сеніп тапсырған. Сол кездегі «саяси  жауырыншылардың»  2019 жылы сөзсіз президент сайлауы өтеді деген болжамы шындыққа айналып, 9 сәуірде Қ.Тоқаев үндеу жариялап, елімізде кезектен тыс президент сайлауы сол жылдың  9 маусымында өтіп, Кемелұлын көшбасшы етіп алғанымыз кеше ғана еді. Әлем мен елдегі соңғы жағдайлар екі тізгін, бір шылбырды уыстан бір сәт те шығарып алмуды анық аңғартып, өзгерістерге жаңашылдық керек екенін сездірді. Содан болар, мемлекет басшысы: «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын  2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақмерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады… Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», – деді. Президенттің қалауы осы болды. Осылайша, таяқ жерге тасталды…

Сөйтіп, саяси науқан басталды. Яғни, 23 қыркүйекте кандидаттарды  ұсыну  басталып кетті, ол 11 қазан  күні  сағат  18:00-де  аяқталады.

Президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптар мынадай:

ҚР азаматы болуы;

ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;

Жоғары білімінің болуы;

Жасы 40-қа толған болуы;

Белсенді сайлау құқығының болуы;

Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары К.Петровтың мәлімдеуінше, әр кандидатты қолдау үшін 118 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс. «Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күннің ішінде жүргізіледі», – дейді ол.

Төраға орынбасарының айтуынша, Президенттікке кандидаттар 3 млн теңге жарна төлейді. «Кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттаманы, дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші және кандидаттың  сайлау жарнасын төлегенін растайтын түбіртекті өткізгеннен кейін 5 күн ішінде жүзеге асырады. Жарна мөлшері – 3 млн теңге», – дейді Петров.

Ал, үміткерлерді тіркеу, қолтаңба жинау 23 қыркүйектен 21 қазанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу  тіркеу  кезеңі аяқталғаннан кейін дереу  басталады  және 18  қарашаға  дейін  болады. 19 қараша – тыныштық күні. Дауыс  беру  20 қараша  күні  жергілікті  уақыт  бойынша  07:00-ден 20:00-ге дейін созылса, 21 қарашадан 27 қарашаға дейін сайлаудың алдын ала қорытындысын шығару көзделген. 27  қараша – сайланған  президентті  тіркеу.

Айтпақшы, бұл сайлауға қанша қаржы жұмсалады? Орталық сайлау комиссиясының мүшесі С.Мұстафинаның айтуынша, қаражаттың басым бөлігі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының 70 мыңнан астам мүшесінің ең төменгі жалақы  көлемі  бойынша бекітілген  еңбекақысына  жұмсалады. «2019 жылы ең төменгі жалақы 42 500 теңге болса, биыл 60 000 теңге болды. Сондай-ақ, осы сайлау науқанына арналған сметаның бірден көтерілуі, ең алдымен, кез келген науқанның 80 пайызын құрайтын жалақы қорына байланысты. Бүгінгі таңда біз Қаржы министрлігіне сайлау науқанын өткізудің болжалды сметасын ұсындық. Қазіргі кезде 20,5 млрд теңге сомасын талқылап жатырмыз», – дейді ол.

Сонымен қатар, комиссия мүшесі жаңа облыстар мен сайлау учаскелерінің құрылуына байланысты сайлау жәшіктерін сатып алу және жарамсыз болып қалған жәшіктерді ауыстыру үшін белгілі бір сома сұралатынын айтады. «Елімізде жәшік шығаратын  төрт кәсіпорын бар, олардың бағасы 72 мыңнан 114 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады. Яғни, әр кәсіпорынның урнаны өндіруге кететін шығыны әртүрлі», – дейді С.Мұстафина.

Ол сайлау бюллетеньдерінің қымбаттығына да тоқталған. «2019 жылы бір бюллетеньді дайындау құны 11 теңге болса, қазір оның бағасы 22 теңгеге дейін өсті. Біз сонымен қатар Брайль шрифті бар трафарет шығаруды да жоспарлап отырмыз, ол әр сайлау учаскесінде белгілі бір санаттағы тұлғаларға арналған. Бұл кезектен тыс президенттік сайлау болғандықтан, сайлауға қаражат үкімет резервінен бөлінеді», – деді ол.

Бұл жолы сайлауға қатысуға ниет білдірушілер бұрынғыға қарағанда көп бола ма, әлде жоқ па, оны алдағы күндері білетін боламыз. Әрі кімдердің «құйысқаны көтеріліп» тұрғанын дөп басып айту да қиын, өйткені елдегі тіркелген саяси партиялар өз араларынан ортақ үміткерді алда өтетін кезектен тыс съездерінде таңдайды. Мәселен, Amanat партиясының кезектен тыс XXIV съезі Астана қаласында 6 қазанда өтеді. Әрине, басты қарсылас еліміздің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болатыны сөзсіз. Өйткені ол өткенде халыққа арнаған жолдауында тағы да сайлауға түсіп, бағын сынайтынын емеурінмен білдірген. Ал саясаткер Әміржан Қосанов биыл тағы да сайлауға түсе ме? Осы туралы өзімен хабарласып едік, сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Бұл сайлау қалай болады, қанша кандидат өз бағын сынап көреді? Сарапшылар не дейді?

– Саясаттанушы  сарапшылар  бұл  қаулыны  биылғы көктемнен  бастап  күткен. Мемлекет  басшысының  2019 жылдан бастап жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан саяси реформалары Конституциялық референдумда бекітілді. Президент сайлауы саяси жүйе мен барлық саяси институттардың толық қайта жандануының басты және алғашқы көрсеткіші болмақ.

Әсіресе, әлемде күрделі жағдайлар болып, көршілес мемлекеттерде қақтығыстар өршіп тұрған уақытта кезектен тыс Президент сайлауының маңызы зор. Халыққа тұрақтылық, ертеңгі күніне сенімділік, жарқын болашақ керек. Мұның бәрі Президент тұлғасынан көрінуі керек.

Президенттікке кандидаттар сайлау науқаны кезінде Қазақстанның даму жолы туралы өз көзқарастарын ұсына алады. Сарапшылардың пікірінше, 4-5 үміткер шығуы мүмкін. Қазір Қазақстан қоғамында ел мүддесін және халық бірлігін қорғауға бағытталған нақты бағдарламасы бар көшбасшыға сұраныс байқалады.

Алайда, сайлау өтетін мерзімге байланысты күмәнді ойлар  айтылып  жатыр. Айта кету керек, кез келген саяси ойыншының  әрқашан дайын тұратын іс-қимыл жоспары, өзінің бағдарламасы болады. Сондықтан бұл жерде уақыт маңызды емес. Оның үстіне, сарапшылар кезектен тыс президент сайлауының болатынын күтті.

Егер сайлау өз уақытында, шамамен 2023 жылдың күзінде өткен жағдайда да, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларды және сыртқы жағдайларды ескере отырып саяси күштер өз кандидаттары мен бағдарламаларын дайындап қойған болар еді, – депті Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Дина Айкенова abai.kz сайтына берген пікірінде.

Айтпақшы, әділетті Қазақстанның сайлауы әділетті өтсе, халқы сайлаған жаңа президент елді бір рет ғана 7 жыл басқарады.

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: