Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңға бастайтын он бастама

14.07.2022, 10:40 280

Президенттің биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ешкімді бейжай қалдырмағандығы анық. Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін билік елімізге саяси реформалар қажет екендігін түсінді және оны халық осы Жолдаудан күтті. Жаңа Қазақстанның бағдарламалық дамуы Президент  ұсынған  бір-бірімен  тығыз  байланысты  10  бастамадан  тұрады.

Президенттің өкілеттілігі туралы бастамада барлық мәселенің мемлекет басшысына тірелмеуі қажеттілігі айтылады. Ол үшін партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеудің дұрыстығы негізделеді. Сондықтан билік партиясына мүшелікте кейбір шектеулер заңнамалық тұрғыда енгізілетін болды. Бұл өз кезегінде бір адам немесе саяси партияның қоғамдағы саяси үстемдігіне кедергі келтіріп, саясаттағы монополияны жояды. Жалпы, бүгінгі таңда саясаттағы монополия басқарудың тиімді әдісі емес екендігін түсінуіміз қажет. Президент атап өткен непотизмнің негізгі зияны сыбайлас жемқорлықтың таралуына ықпал етеді. Өйткені, отбасылық және дос­тық байланыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын  жасыруға  көмек­теседі.

Екінші бастама өкілді билік тармағын қайта құруды көздейді және Парламенттің рөлін күшейтуге мән беріледі. Басты мақсат ықпалды әрі мықты Парламентті қалыптастыру болып отыр. Парламенттік институттардың дамуы мен тиімді жұмыс істеуі демократиялық қоғам үшін өте маңызды мәселе екендігінде күмән жоқ. Көптеген демократиялық елде ұлттық парламенттер әскери және қауіпсіздік саласына қатысты бағдарламаларды бақылай алмайтындығы да айтылып жатыр. Сондықтан тек ықпалды Парламент барлық мәселені бақылайды және күшті Үкіметті қалыптастыра  алатындығын  да ескеруі­міз  қажет.

Сайлау жүйесін жетілдіру бастамасы партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады деп ойлаймыз. Өйткені енгелі отырған аралас сайлау жүйесі халықтың саяси белсенділігіне ықпал етіп қана қоймай, олардың сауатты таңдауына да әсер етеді. Бүгін­де өткізілетін түрлі үгіт-насихат шаралары, жарнамалық технология­ларды пайдаланудың тиімділігі аз. Қазір халық бос сөздерге қарағанда, нақты істерге қолдау білдіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір қарапайым жұрт қана емес, саяси белсенді адамның өзі депутаттарды тани бермейді. Бұл сайлау жүйесіне сенімсіздікті туындатып, сайлауда дауыс беруден қалыс қалуға апарады. «Сайлау бізсіз шешіліп қойған, біздің дауысымыз қажет емес» деген көзқарастар осы жағдайда ғана пайда болады. Егер абсентеистер санын азайтсақ, сайлаудың шынайы нәтижесі шығатынына сенімім мол. Мажо­ритарлық жүйеге келетін болсақ, бұл модель әрбір депутаттың жеке жауапкершілігін арттыратыны анық. Дегенмен, халық сайлау бары­сындағы таңдауда жершілдік пен рушылдыққа  салынбаса  болды.

Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту жаңа партиялардың пайда болуына ықпал етеді. Өйт­кені бұл бастамадағы негізгі міндет партияларды тіркеудегі шекті 4 есеге азайту болып отыр. Сондықтан саяси партиялардың өміршеңдігі мемлекеттегі саяси жүйенің өміршеңдігімен және саулығымен анықталады және оның кепілі адал, еркін саяси бәсекелестік болып табылады. Өз кезегінде саяси партиялардың бәсекелестігі мен сайлауға қатысуы үкіметтің тиімді жұмыс істеуіне кепілдік береді. Саяси есеп берудің теориясында айтыл­ғандай, сайлау­ға қатысу және сая­си бәсекелестік мансапты ойлайтын саясаткерлердің жақсы жұмыс істеуіне және қоғамға жат мінез-құлықты азайтуға апарады. Еліміздегі саяси кеңістікті либералдандыру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңітіп қана қоймай, қоғамдық өмірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және т.б. салаларына  әсер  етеді.

Бесінші бастамада сайлау үдерісін жаңғыртуға мән берілген. Бұл бастама сайлау өткізуде әлемдік үздік тәжірибелерді қолдануды көздейді. Сайлау жүйесі демократиялық ел көрсеткіш­терінің бірі болып табылады. Бұл көрсеткіштер елдегі дауыс беруге құқығы бар азаматтардың өз көшбасшыларын таңдауға немесе өзін-өзі ұсынуға, елдің дамуына қатысуға тең құқықтар қамтамасыз етілуімен өлшенеді. Жалпы сайлау процесін жаңғырту еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жандандырып, халықтың, әлемдік қауымдастық алдында биліктің имиджін жақсартады деп ойлаймыз. Сайлау процесіндегі техникалық жаңғыртуға қоғамда нәтижелердің бұрмалануына, дұрыстығына сенімсіздіктің бар екенін ескере отырып, қоғамның сенімін иелену жолдарын, технологияларын қарастырған жөн. Әлеуметтік желіде кандидаттар мен партиялар белсенділік таныту барысында өз бейнесін жасауда «шынайы» болғаны дұрыс. Өйткені қазіргі таңда әлеуметтік желіде слактивизм өршіп тұр. Осы «дивандық» белсенділік арқасында онлайн-наразылық белгілерін  байқау  қиын  емес.

Құқық қорғау институттарын күшей­ту бастамасында заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды. Демократия мен заң үстемдігі арасындағы қарама-қайшылықтар академиялық ортада кеңінен талқыланып жүрген мәселе. Тікелей демократия институттарының ерекше жағдайы және олардың осы қатынастарға әсері әлі толық зерттелген жоқ. Соңғы жылдары тікелей демократиялық инс­титуттары бар мемлекеттерде адам құқықтарына немесе негізгі азаматтық құқықтарына қарсылық білді­рілген деген тұрғындар бастамалары көбейіп кетті. Заңның үстемдігін демок­ратия теориясына назар аудара отырып  қалыптастырған дұрыс секілді. Сонымен қатар, тікелей демо­кратияны конституциялық демократиямен байланыстыру керек және популистік демократияға жол берілмеуі  қажет  деп  ойлаймыз.

Жетінші бастамада мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыруға және қоғам институттарының рөлін нығайтуға назар аударады. БАҚ сала­сы түрлі ақпараттық өнімдерге, оның ішінде ұлттық өнімдерге толы болғанымен, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі проблемалық күйінде қалып отыр. Батыс зерттеу­шілері арасында саяси жаңалықтар журналистикасының сапасы бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігі мен коммерциялануының артуы нәтижесінде өзгерді және нашарлады деген көзқарастар бар. Демек, біздің ахуалда бәсекеге қабі­леттілік құрылтайшыға байланысты болуы ықтимал. Сондықтан ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен қазіргі күрделі экономикалық жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды деп ойлаймыз. Азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту барысында әрбір азамат мемлекеттің гүлденуі, халықтың әл-ауқаты, мемлекет алдына қойған барлық игі мақсаттарға қол жеткізу үшін белсенді болуы керек. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға, жүргізіліп жатқан реформаларға, қабылданған шешімдерге азаматтардың белсенді қатысуы оның  тиімділігін  арттыра  түседі.

Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бастамасы да маңызды. Тиімді әкімшілік-аумақтық құрылым – жергілікті билік органдарының жүйелі жұмыс жүргізуінің кепілі. Сонымен бірге, құрылым табиғи, саяси, экономикалық, этникалық, ұлттық және басқа да факторлармен байланысты. Президент атап өткендей, бұрын елдегі саяси және экономикалық ахуалға байланыс­ты бірнеше облыстар бірікті. Елдің қазіргі дамуы, оның ішінде жағымды демографиялық ахуал жағдайында жаңа 3 облыстың құрылуы қуантады. Әкімшілік-аумақтық құрылым бойын­ша  өзгерістерді алдағы уақытта Үкімет  айқындайды.

Еліміздің дамуы жағдайында жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру бастамасы туындағаны анық. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру ерекшеліктеріне сүйене отырып, жергілікті экономикалық дамуды қолдау мақсатындағы жұмыстар жүргізіледі деп ойлаймыз. Экономикалық дамуы қарқынды жүріп жатқан елдерде саяси даму өзінен-өзі жүрмейді. Өйткені саяси жаңару мен жаңғырудың көптеген институттары үлкен реформаларды қажет етеді. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыз­дандыру қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың өзгеруіне ықпал  етуі  мүмкін.

Тұрақсыз халықаралық  жағдай мен геосаяси ахуалға байланысты Президент дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін іс-шаралар туралы оныншы бастамасында көтерді. Эконо­микалық қауіпсіздігіміздің басты факторы саналатын теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырды. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталып, Үкімет пен әкімдіктерге бұл жұмыстар бо­йынша атқарылатын міндеттер белгіле­нді.

Әлемдегі қазіргі геосаяси ахуал тұрғысынан қарағанда, әрбір айтылған бастаманың өзіндік ерекшеліктері бар. Ендігі еліміздің экономикалық жаңғыруы табысты саяси жаңғырумен  тығыз байланыс­ты. Сондықтан  алдағы  уақытта  Жолдау бағдарламалары аясында еліміздегі азаматтардың барлық деңгейдегі билік органдарына сенімін нығайтуға бағытталған ауқымды сая­си және экономикалық реформалар жүзеге  асатындығына  сенімдіміз.

Мұрат  НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: