“Халықтың” коллажы
Жаудай тірліктің уақытында мемлекет басшысы аймақ тізгінін Гүлшара Әбдіқалықоваға тапсырды. Бұрынғы әкім туралы хабардың шет-жағасы елге аян. Сондықтан ол жөнінде сөз қозғамадық. Құзырлы орган ақ-қарасын анықтап, шешім шығара жатар. Бүгінгі тақырып төңірегі мүлде басқа…
Несін жасырайық, Наушақызы заты әйел болса да, бұған дейін ерге бергісіз жұмыс істеген екен. Автобиографиясын ақтарғанымызда әлеуметтік салада біраз жыл тер төккенін байқадық. Еңбек өтілінің басым бөлігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өтіпті. Осы ретте айта кететін жайт, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңіріне жасаған сапарында «Қызылордалық тұрғындардың тұрақты табысы республикалық деңгеймен салыстырғанда әлі де төмендеу. Бұл проблеманы бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес. Мен мұны түсінемін. Бірақ, жағдайды өзгерту керек. Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алған жөн» деп еді. Әлеуметтік салада тәжірибесі мол облыс әкімі президент пәрменін қаншалықты орындай алады? Оны да уақыт еншісіне қалдырдық…
СЕРІКТЕР СЕРПІН ӘКЕЛЕ МЕ?
Қызметіне кірісе сала аймақ басшысының алғашқы сөзі індетке қарсы құрылған жедел штаб отырысында «бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға көңілім толмайды» болды. Және жүйесіз шарулар көп екенін ескертті. Бұдан бөлек, барлық әкімге 7 күн, 24 сағат жұмыс істеу керектігін айтты. Біздіңше, қысылтаяң кезде атқа қонған соң, осындай талаптың қойылуы заңдылық іспетті.
Облыс әкімі жеті күн өткеннен кейін өзіне керекті кадрларды бас қаладан алдырды. Сәуірдің 6-сында аттай қалап алдырған екі бірдей орынбасарын көпшілікке таныстырды. Ең қызығы, екеуінің де есімі – Серік. Сүлейменов Серік Жүсіпұлы құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік ететін болады. Жалпы, Жүсіпұлы Сыр жұртшылығына таныс. Ол бұған дейін Қырымбек Көшербаевтың тұсында осы қызметті атқарған еді.
Өңір басшысы Ахмет Серік Әбжәліұлына аймақтың ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасауды тапсырыпты. Сондай-ақ, ол облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асырмақ. Бір айта кетерлігі, Серік Әбжәліұлы фейсбук әлеуметтік желісін белсенді қолданады екен. Бірақ әлеуметтік желіде жазған хабарларының дені орыс тілінде. 800 мыңнан аса тұрғыны бар, оның ішінде 98 пайызға жуық қазақ қоныстанған топырақ жаңа идеологты қалай қабылдайды?
Айтпақшы, қос орынбасар да осыған дейін мінсіз мемлекеттік қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Ал бұған дейін идеологиялық қызметті бір өзі атқарып келген Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау бағыттарында жұмыс істейді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бахыт Дүйсенұлы ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария, индустриалды-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризмді дамыту салаларына жауапты болады.
Гүлшара Әбдіқалықова қызметке келгеннен кейін қызылордалықтардың назарын аударған ауыс-түйістің бірі – Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Әбдіқалықова Меруерт Наушақызының өз орнын босатуы. Көпшілік облыс әкімінің бұл қадамына «айналасына ағайын-туыс жинамайтын адам» деп баға беруде. Сондай-ақ, әкімнің кадр таңдауда жаңадан келген, орнын сақтап қалған орынбасарларға қарап, жоғарыдағы кейбір лауазым иелерінің ықпалында кетпегенін құп көретіндер де бар.
Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы, білім, спорт басқармасы басшыларының орны көптен бері бос тұр. Білім саласында – қашықтан оқу, ауыл шаруашылығында көктемгі дала жұмыстары қызып жатса да, жауапты маман табылар емес. Әзірге Наушақызы нендей қадамға барары белгісіз. Бірақ бұл ауыс-түйістің алғашқысы емес екені анық…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!