Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалымдардың инновациялық жобалары мемлекеттен қолдау тапты

26.04.2022, 10:15 338

HALYQLINE.KZ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобалар конкурсына қатысты. Байқау нәтижесінде университеттің екі жобасы 32 миллион теңге қаржылай қолдау тапты.

«Күріш қалдықтарын өңдеу барысында алынған биотыңайтқышпен топырақ құнарлылығын арттыру арқылы ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру жобасы» өндіріске енгізілмек. Зерттеу жұмысын университеттің инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Ғалым өсімдіктерді қорғау құралдарын, биотыңайтқыштар әзірлеу, топырақтың құнарлылығы мен сипаттамаларын жақсарту салаларын зерттеп келеді. Қазіргі таңда оның 70-тен аса ғылыми жұмысы бар.

Инновациялық жоба топырақ құнарлылығын арттыруда күріш қалдықтарын қайта өңдеу кезінде алынған биотыңайтқышты пайдалану есебінен көкөніс және бақша дақылдарының (картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қауын және қарбыз) өнімділігін арттыруға бағытталған. Жобаны Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылындағы «Тұрмағанбет» ЖШС-де іске асыру жоспарланып отыр. Болашақта өңірдің көп тонналы ауыл шаруашылығы қалдықтары биотыңайтқышқа қайта өңделетін болады. Алынған биотыңайтқыш топыраққа 10 т/га нормада енгізіліп, биотыңайтқышты енгізу есебінен топырақтың құнарлылығы мен сипаттамасы жақсартылмақ. Сондай-ақ, жүргізілген жұмыстың нәтижесі Арал өңіріндегі органикалық егіншілік тұжырымдамасының дамуына әсер етпек.

Брифингте техника ғылымдарының докторы, агробиологиялық орталықтың бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов Арал өңірінің егін шаруашылығын су тапшылығы және климаттың өзгеріс жағдайына бейімдеу технологиясы туралы айтты. Ғалым суды тиімді пайдалану арқылы ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру шаралары туралы кеңінен сөз қозғады.

Бұл жобалар бойынша жұмыстар осы жылдың соңына дейін жүргізілмек.

Айта кетейік, биыл гранттық қаржыландыру конкурсына университет бойынша 17 жоба ұсынылды. Қазір іріктеуден өткен 6 жас ғалымның жобасы Ұлттық ғылыми кеңестің қарауында.

2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына университет ғалымдары дайындаған 40 жоба ұсынылмақ. Одан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіп келеді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: