Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Билік әлі «ҚАЖЕТ пен КЕРЕК»-тен әрі асқан жоқ

17.02.2022, 10:20 611

Барыстың басы қатты басталып еді. Аяғының тәттілігінен дәме зор. Осы орайда президент Қ.Тоқаевтың халықтың табысын арттыруға байланысты бағдарлама дайындауға берген тапсырмасының жобасы бұқараға маңыздырақ болып тұр.      ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ол бағдарламаның  4 бағытта жүзеге асырылатынын айтып сүйіншілетті. Кедейліктің, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендігінің нақты себептері де анықталған екен. Және соның нәтижесінде халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстарын арттыру, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды арттыру, жоғары өнімді жұмыс орындарын құру, әртүрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеу бойынша халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталып жатқанға ұқсайды.

Делдалдар дегеннен шығады. Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайы­лов делдалдардың комиссиялары мен тарифтеріне қатысты мәселені шешуге 1 ай уақыт беріп отыр. Сондай-ақ Әлихан Смайылов мемлекет басшысы түрлі монополист операторлар мен делдалдар алып отырған комиссиялар мен тарифтерге мұқият талдау жүргізіп, оларды қайта қарау немесе алып тастау бойынша шешімдер дайындауды тапсырғанын айтып, осы мақсаттағы шаруалардың оң шешім табуына  әрекет  керектігін  жеткізді.

Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған 140 тапсырмасының қазірге дейін 44-і орындалыпты. Енді Үкімет кірме жолдарды ұсыну қызметтері бойынша тарифтерді төмендету бағытында жедел шаралар қабылдады. Кірме жолдардың ірі «көкесі» болып саналатын «Көліктік сервис орталығы» АҚ үшін тарифтер 92 пайызға төмендеді. Жанар-жағармайдың айналасындағы таласқа да толық нүкте қойылған жоқ. Билік пен бұқара арасында бұл тақырып бойын­ша да бітпеген дау бар. Нарықты биле­ген баға бір тоқтамға келуге кедергі болып тұр. Енді Үкімет жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайтуға күш  салмақ ниетте.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша іс-шара­лар кешенін әзірледі. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта  мерзімді сипаттағы 61 іс-шарадан тұрады. Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың мақсаты – инфляцияны 2022 жылы 4-6  пайыз  дәлізінде  ұстап  тұру  және  оны  2025 жылға қарай 3-4 пайыз деңгейге дейін төмен­дету, – деді  ҚР  Ұлттық  экономика  министрі.

Азық-түлік бағасының да тұрақтағаны шамалы. Халық әлі қымбатшылықтың қамытын киіп отыр. Әл-ауқатты жақсартуға бағытталған бағдарлама бір жүйеге түсемін дегенше азық-түлік те аспандап қалатыны ап-анық. Ауыл шаруа­шылығы саласына жыл сайын бюджеттен  миллиардтаған қаржы бөлінеді. Негізгі нысана саланы жоғары деңгейге көтеру, халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету деп айтылғанмен, нәтиже аз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы бұқараның қалтасына қонымды емес, шаруашылық иелері өнімдерін ауыл арасына тасымалдағаннан экспортқа шығарып, қалтасын қалыңдатқанды тәуір көреді. Осының салдарынан қарапайым халық қымбатшылықтың  қамытын киюге  мәжбүр.

Енді Үкіметбасы осыны ескеріп, ауыл шаруаш­ылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жылдамдатуды сөз  қылды.

– Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыс­тарын сапалы және уақтылы жүргізу қажет­тігін ерекше атап өтті. Диқандарды арзан­датылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштар және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Облыстардың әкімдіктері тиісті технологияларды қолдану арқылы ылғал қорын сақтау және оны үнемдеп пайдалану бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылғы 1 маусымға дейін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құра отырып, мемлекеттік қолдау  механизмін қайта қарауды және оңтайландыруды, сондай-ақ ақпараттық жүйе­ге тегін кіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Шаруашылық көлемі мен нысанына қарамастан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізу және олардың қарсы міндеттемелерін бекіту міндетті шарт болуы тиіс, – деді Ә.Смайылов.

ТҮЙІН. Күлтөбенің  басындағылардың «керек, қажет» деген әлі де болса сенімсіздеу сөздеріне қарағанда, халықтың экономикалық әл-ауқатын жақсарту тұрғысындағы бағдарлама да шикілеу көрінеді. Түбегейлі өзгерістерге де талай жыл еңбек керек. Соған қарағанда «Жаңа Қазақстанға» әлі ертелеу секілді. «Арық айтып, семіз шық» деп, ескі де болса есті сенімімізбен отыра береміз-ау…

Ә.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: