Басында елдегі сұйытылған газдың бағасы шарықтап кеткені туралы уәжін айтуға Жаңаөзен тұрғындары бейбіт шеруге шыққан еді. Артынша оларды қолдап, әр облыстың «мен-мен» деген азаматтары билікке әлеуметтік жағдайдың төмендігі туралы да айтуды ұмыт қалдырмады. Алайда бейбіт шеруге шыққандардың арасында масайғандар да жеткілікті. Солардың «сау кезінде» айтпақшы болған сөздерінің бәрі бір сәттің ішінде қожырап, бытыраған сынаптай жан-жаққа шашырап, мәні кетіп, «анау жоқ, мынау жоқ» деген езбе шағымы болып, соңы саяси талапқа ұласты. Ақыры арасындағы арандатушылар дегеніне жетіп, әскери шенділер мен қала тұрғындарымен қақтығысып, қарулы бүлік шығарды. Бұл шеруді саясиландырған бүлікшілер жазадан тыс қалмайтыны сөзсіз. Бірақ қазақтың тамырына балта шапқан қай қазақтың ісі? «Неге бірден қазақ? Өзге елден келген жау емес пе?» деген сауал туындаса, тарихқа көз жүгіртсеңіз, қазаққа қашанда бірінші жау – қазақ. Қазақта «Іштен шыққан жау жаман» деген сөз бекер айтылмаған. Сол себепті ұлттың жауларына айтар сөзіміз де жоқ.
– Елде бейбіт басталған митинг бүлікке ұласты. Арандатушылар тыңғылықты дайындалғаны белгілі болды. Ұйымдастырушылар 1-3 жыл дайындалған, бұл тергеу барысында анықталады. Елде жаппай тәртіпсіздік толқыны болды. Қазір Үкімет таратылды. Елде саяси реформа қабылданады. Шеруге шыққандардың талаптары тыңдалды, арнайы іс-шара қабылданды, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Міне, мемлекет басшысы жауапкершілік жүктелген күннен бері өз ісіне мұқият қараған. Соның арқасында бүгінгі қиын сәтте де жанқиярлықпен жұмысын бастап кетті. Президентіміздің сөзінде болашақ қуаныштың табы бар сыңайлы…
«Оян, қазақ!» деп кезінде Міржақып Дулатов айтып кеткен еді. Әрқашан осыны алға тартып, «қазағым, қалың ұйқыдасың» деп халықты түртпектеп отырғандар аз болмады. Халық түйені түгімен, биені бүгімен жұтатындарға төзіп келді, ақыры бітеу жарадай сыздап кеп, жарылып, нәтижесін көрудеміз. Халықтың қымбатшылықтан туындаған зобалаң күндерін жеткізу мақсатында алаңға шыққаны бізді таң қалдырмады. Тек бізді елегізіткен бір нәрсе… Неге тап қазір және зорлық-зомбылыққа ұштасқан ереуіл? Елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдай мәз емес екенін бәрі біледі. Оны дәлелдеп, статистиканы тықпалаудың қажеті жоқ. Бәрі ашық түрде көрініп тұр. Зағип жанның өзі де сезіп, біліп отыр. Соның бәрін сөзбен жеткізуге болмас па еді? Мұндай протест әлемде алғаш рет болып жүрген жоқ. Өзге елдердің тәжірибесі туралы сөз қозғап, ерікті шерудің елдің өзгерісіне әсері бар ма, жоқ па, осы жайында тереңірек сөз қозғасақ.
Беларусь мемлекетіндегі 2020 жылғы 14 тамызда өткен президенттік сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенконың 80 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткенін жариялағаннан кейін Минскіде және басқа да қалаларда жаппай бейбіт наразылықтар басталды. Ең алдымен Светлана Тихановскаяға дауыс берген және сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанына көзі жеткен азаматтар цензура болмауы керек екенін алға тартып, шеруге шықты. Қауіпсіздік күштері бұрын-соңды болмаған қатыгездікпен әрекет танытты. Сайлаудан кейінгі алғашқы үш күнде 6 мың наразылық білдіруші ұсталып, екі адам қаза тапты. Бұл сұмдықтың басы ғана болатын. Даулы сайлаудан кейін Президентке қарсы шыққандар жұмыстан қуылды, абақтыға қамалды. Тіпті билікпен ымырашылдыққа келмеген халық елден жыраққа кетуге мәжбүр болды. Өйткені студенттер университеттегі оқуынан шығарылды, жұмыс таба алмай сабылды. Митинг – бейбіт процесс болса да, Беларусь билігі ұғымды басқаша түсінетін-ді. Содан не керек, қазіргі халықтың жайы қиын. Билік өзінің халқына деген көзқарасын әнмен де жеткізіпті. Мысалы, Еуропалық «Евровидение – 2021» байқауына VAL дуэті қатысу керек болды. Алайда оппозициялық кандидат Светлана Тихановскаяға қолдау көрсетіп және Беларусь демократиялық қозғалысын ашық қолдағаны үшін байқауға жіберілмеді. Оның орнына «Галасы ЗМеста» тобы «Я научу тебя» әнімен жіберілетін болды. Бірақ әннің мәтінінде «Я научу тебя плясать под дудочку» сынды астарында терең мағынасы бар сөздерге ұйымдастырушылар байқаудың имиджіне нұқсан келтіреді деп басқа ән жіберу керек екенін ескертті. Дегенмен екінші әнде аса бір өзгеріс болмағасын дисквалификация істеуге мәжбүр болды. Міне, бұл елдің қазіргі күні өте ауыр.
Қырғызстан мемлекеті де кезекті парламенттік сайлаудың нәтижесіне қарсылығын білдіріп, митингке шыққан еді. 2021 жылдың 5 қазанында басталған митинг тұрғындардың парламент пен президент әкімшілігі отыратын Ақ үйге басып кіріп, оны өртеуімен аяқталды. Алайда Беларусь мемлекетінің басшысына қарағанда ұяты бар екен. Қырғызстанның экс-президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. «Мен билікке жабысып қалған жоқпын. Мен үшін өлкеміздің тыныштығы, еліміздің бүтіндігі, қоғамымыздың ынтымағы барлық қызмет орнынан биік. Мен Қырғызстан тарихындағы қан төгіп кеткен, өз отандастарына қарсы оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету шешімін қабылдадым» деді Сооронбай Жээнбеков қырғыз халқына арнаған мәлімдемесінде. Тақтан түсіп, елде тыныштық орнады. Қазіргі күні қырғыз халқы демократиясы берік елдердің қатарында деуге болады.
Қиыр шығыстағы Оңтүстік Корея мемлекеті коррупциямен ұсталған ел басшысына әрбір уик-енд митинг жариялап тұрды. Бірқатар наразылықтан кейін 9 желтоқсанда президент Пак Кын Хеге парламенттің импичмент жариялауымен аяқталды. Жалпы, корей халқы бейбіт митингке шығып, физикалық күш қолданбай, қадалған жерінен қан алып қалауына жетіп жүр. Пак Кын Хеден кейінгі және қазіргі таңдағы ел президенті Мун Чжэ Ин қоғам денесіне дендеп еніп алған «жемқорлықты түп-тамырымен құртамын» деп халық алдында ант-су ішкен еді. Бірақ 22 жылға бас бостандығынан айырылған әйел басшыны түрмеден мерзімінен 18 жыл бұрын босатты. Бұл шешімге корейліктердің көңілі толмағанын да айта кеткен жөн.
Қазақ жерінде болған ереуіл жоғарыдағы мысалдарға келіңкіремейді. Өйткені бізде бір-екі күнде дүниенің сынғанын ысырып қойғанда, адам шығыны артып келеді. Қыршын кеткендер мен зардап шеккендерге қайғырып көңіл айтқаннан басқа қолдан келер шара жоқ. Ереуіл атқа ер салып, ақтық демі қалғанша халықтың қауіпсіздігіне алаңдаумен кеткен батырлар мәңгі есімізде қалары даусыз. Иненің жасуындай ғана тағдырымызда үлкен трагедияның болғаны өкінішті… Қорқыныш пен үрей, дүрлігіс-дүрбелең артта қалғанын, үлкен қатерден құтылған күнді сезініп, алдағы күнгі тәтті елесті көз алдымызға әкелетін уақытты асыға күтудеміз… Елімізге қастық ойлағандар көпке ұзамай қармаққа түсетініне шүбә келтірмейміз. Ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде бүгінгі ұрпаққа дейін жетіп отыр. Көненің көзі болған дәстүрді жадымызда ұстап, қазақ елінің болашағы жарқын болуына нық сеніммен қадам жасайық!
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!