Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында негізгі 7 мәселеге мән беріліп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 бастама көтерілді. Ел өркендеуінің негізі халық бірлігі мен жүйелі реформалар екендігі белгілі болды.
Президент бірінші мәселеде еліміздегі пандемиядан кейінгі экономикалық дамуға назар аударады. Расында COVID-19 пандемиясы әлемдік экономикалық жағдайға әсер етіп, індет кезінде әлеуметтік-экономикалық шығындарға тап болдық. Коронавирустан туындаған пандемия кезінде бүкіл әлем бойынша мыңдаған адам құрбан болды, халықтың әлеуметтік-мәдени өміріне айтарлықтай шектеулер қойылды және әлемдік экономиканың тенденциялары түбегейлі өзгерді. Бүгінгі таңда мемлекеттер қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарда адам шығыны мен экономикалық шығындардың қандай болатынын болжау қиын. Дегенмен, экономикалық дамудың жеке болжамдарын және Жолдауда айтылған COVID-19 пандемиясының теріс салдарын жоюға арналған шараларды ескеру маңызды. Бұл халықтың әлеуметтік-мәдени өмірінің деңгейіне тікелей әсер ететін экономикалық процестердің ықтималдылығы туралы нақты көзқарасты қалыптастыруға және микро, макродеңгейде қаржы-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған нақты шараларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екінші мәселеде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру көзделген. Елімізде өзге мемлекеттер секілді соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесін реформалауға айтарлықтай күш салынып келеді. Денсаулық сақтауды реформалау жолдары бірқатар себептерге байланысты әртүрлі, оның ішінде экономикалық, саяси және құрылымдық негіздегі айырмашылықтар бар. Жолдауда айтылғандай, медицина саласына қомақты қаржы құюмен қатар, осы ресурстарды тиімді пайдалануды ойлануымыз қажет деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда тиімділікті бағалау денсаулық сақтау жүйесінің өнімділігін арттыру үшін қажетті шешім қабылдау процесін жеңілдетеді. Денсаулық сақтаудың ақпараттық технологиялары денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың құралы екендігін ескеруіміз қажет. Әсіресе, электронды емханалар мен телемедицина секілді институционалдық денсаулық сақтаудың ақпараттық технологияларының тиімділігін баршамыз білеміз. Жалпы, бұл бөлімде көтерілген мәселелер мемлекеттік басқару органдары басшыларының денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа құралын ұсынады.
Сапалы білім беру мәселесі қарастырылған бөлімде білім және ғылымға ерекше мән берілген. Білім сапасы – бұл жалпы алғанда отандық білім берудің және жоғары деңгейдегі мамандар дайындығы жүйесіндегі басты мәселе. Мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің өсуі, экономикасының табысты үдемелі дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі білім саласының сапалық деңгейіне байланысты. Сапалы білімге қол жеткізу үшін оқу бағдарламалары үнемі бағаланып және қайта қарастырылу процестері жүріп отыруы қажет. Бұл тұста жұмыс берушілер, ата-аналар мен студенттердің пікірлері қажетті бағалау мен түзетулер туралы құнды ақпарат бере алады. Сапалы білім беруді қамтамасыз етудің кейбір тиімді шараларына тәжірибелі профессорларды тарту, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту және білім беру ортасын жақсартуға күш салу жатады. Сондықтан ғылым мен жоғары білім саласындағы жаңа бастамалар ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізеді.
Өңірлік саясатты жетілдіру бағытында аймақтық инновациялық процестердің өңірлермен бірлескен эволюциялық дамуына ерекше мән берген жөн деп ойлаймыз. Өңірлік деңгейдегі инновациялық процестер өңірлік саясатты дамытудың кілті болып табылады. Жолдауда экологиялық және экономикалық саясаттың үйлесімінен тұратын ел мен оның өңірлері дамуының қазіргі заманғы парадигмасына негізделген міндеттер тұр. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шаралар жүйесін қамтитын экологиялық саясаттың негізі болмақ. Экологиялық қауіпсіздік саласындағы өңірлік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асырудың әдістемелік негіздерін әзірлеу елдің және оның аймақтарының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қол жеткізудің ең маңызды шарты деп ойлаймыз. Сонымен қатар, проблемалық өңірлер мен өңірлердегі мәселелерді анықтау және осылайша аймақтық саясатты жетілдіру түрлі экономикалық субъектілердің тұрақты дамуы үшін маңызды.
Бесінші мәселеде экожүйелердің еңбек нарығына, бизнеске елеулі ықпалына мән беріледі. Экономика саласындағы сарапшылардың басым бөлігі тиімді экожүйені еркін экожүйе мен еркін экономикаға балайды. Бәсекелестікті еркін экономиканың және экожүйенің негізгі шарты деп көрсететін зерттеушілер де бар. Біздің ойымызша, кәсіпкерлер, инвесторлар мен мемлекет мәселені шешу жолында бірігіп, серіктес болса, онда тиімді экономика мен экожүйе құрылады. Кәсіпкерлікте цифрландыру үлкен маңызға ие. Сондықтан инновациялардың тиімді экожүйесі цифрлық трансформацияның негізгі драйверіне айналдырар еді.
Мемлекет басшысы алтыншы мәселеде саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау бойынша тұжырымдар жасайды. Саяси жаңғыру бойынша жүзеге асырылатын міндеттер елдің саяси өмір ландшафтындағы елеулі өзгерістер әкелуі тиіс. Қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне әсер ететін пікірталастарды сарапшылармен жүргізіп, қоғам назарына ілінген мәлімдемелердің мәнін айқындауымыз қажет. Елдің саяси жаңғыруының ерекшеліктеріне мән беріп, қоғам мүшелері арасында көп көтеріліп жүрген тіл, дін, тарихи мұра, ұлттық бірегейлікті нығайту бойынша мәселелерге мән берген жөн. Елдің саяси жаңғыруы ұлттық бірегейліктің жаңа сезімін түсінуді талап етеді деп ойлаймыз. Осы бөлімде сыбайлас жемқорлық, оның ішінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселесі көтеріледі. Жалпы, кез келген мемлекеттік мекемеде заңға қайшы «делдалдық» қызмет атқаратындар қоғам өміріндегі сыбайлас жемқорлықтың күрделі салдарын туғызады. Елімізде жүріп жатқан институционалдық реформалармен қатар, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес кең ауқымды әлеуметтік-саяси өзгерістер қажеттілігін көрсетіп отыр.
Ұлттың ұйысуы бойынша мәселелер жетінші бөлімде қарастырылады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы әлеуметтік құбылыс болып табылатын бірліктің құндылығы қоғамды топтастыруда жатыр. Сәйкесінше, ұлттың, қоғамның ұйысуы қоғам мүшелерінің бірігуінде жатыр. Өйткені, қазіргі кезеңдегі адамзаттың даму процесі халықтардың бірігуімен, ұйысуымен тығыз байланысты. Демек, ұлттың ұйысуын ескермей кез келген саяси, ұлттық, этносаралық мәселелер шешілмейді. Ұлттың ұйысу мәселесінде «Әлеуметтік кеңістік» түсінігі негізінде де мән берген жөн деп ойлаймыз. Мәселен, қазіргі таңда қолданылып жүрген «Әлеуметтік білім» ұғымы жаңа құндылықтар иеленіп, ол қоғамның ұйысуына ықпал ететін демократиялық білім, бірлескен ынтымақтастықтағы білім ретінде түсініле бастады.
Жалпы, осы жылғы Жолдауда реформалар мәселесі ерекшеленіп тұр. Мемлекет басшысы көтерген жеті мәселеде халық бірлігі қажет және осы бірлік ел өркендеуінің негізі болмақ.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!