Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік мұраты – мәңгілік елге айналу

11.11.2021, 11:30 467

«Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау».

Қасым-Жомарт  Тоқаев,

Қазақстан  Республикасының  Президенті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында егемен ел болғанымызға 30 жыл толуымен, ал тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз дей отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының дара  саясатының  арқасында  табыс­ты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болғанымызды атап өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың дара саясаты мен көшбасшылық қасие­тінің арқасында бүкіл әлемге танымал, іргесі біртұтас, жаңа мемлекет құрылғанын тілге тиек ете келе, «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес, біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуел­сіздік игілігін сезіне алуы, оның бас­ты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныш­тық, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын­ың жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп, алдағы уақытта да барлық бастаманың осы бағытта жалғасатынын атап көрсетті. Тәуел­сіздік жылнамасының төр­тінші онжылдығында баршамыз­ға  жүктелген  жауапкершілік пен көтерілген мәселелер мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен  қымбат»  атты  мақаласы­мен  үнде­сіп  жатыр.

Міне, еліміз тәуелсіздіктің бе­сігінде тербелгелі 30 жыл болды. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл – атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы ел тәуел­сіздігін алған кезде халық болып қана қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика болуын қала­ған әрі ең бірінші болып мойындаған Түркия. Бұл – тәуел­сіздікті бір ел ғана емес, бүкіл ел болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономика­сы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті бүгінде Астана арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзін мәдениет пен әдебиеттің қаласына айналдырды. Өзінің ішкі туризмі, теңгесі, ұзын сонар қара жолдары тарамдалып жатты. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуел­сіз  Қазақстан  мемлекеті.

Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын көтерілістер Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933, ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938 жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таңғалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты ел екенін мойындаттық. Біздің тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасының тарихындағы  барлық жетістіктері, қазақ халқының егемен­ді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркен­деуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғам­дастық пен дүние­жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қаты­нас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде. Тарих толқынында талайды бастан кешірген  қазақ  елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін  алған тұста дұрыс  таңдау  жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейін­гі оңды өзгеріс­тер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатар­лы жетекші елдердің қатарына қосылып келе­ді. Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Барша қазақстандық бұл идеяны үлкен  қуанышпен  қабылдады.

«Мәңгілік Ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыз­дан белгілі. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоны­көк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет  қалдырған. Елбасымыз Тоныкөк бабамыздың  өсиетін  тілге  тиек ете келіп, «Мәңгілік Ел – елдің бірік­тіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегия­сының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақ­стан мемлекетінің мызғымас идеялық  тұғыры! Жаңа­қазақстандық пат­риотизм дегені­міздің  өзі – Мәңгілік  Ел!  Ол – барша Қазақстан қоға­мының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихы­мызға тағзым да, бүгін­гі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім  де  Мәңгілік  ел  деген  құдіретті ұғымға  сыйып  тұр», – деген  болатын. Ұшар  басында  алып  самұрығы қанат  қаққан   «Қазақ  елі»  монументі – бабаларымыздың «Мәңгі­лік ел орнату» идеясына қойыл­ған ескерткіш белгі. Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл алаң – еліміздің бас­ты алаңы. Болашағы­мызға бағдар ететін, ұлтты ұйыс­тырып, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясын­ың ұғымын, оның  маз­мұнын, мәңгілік мұраттарға қол  жеткізудің  құндылық­тарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі. Біздің тірегіміз – тәуел­сіздік, тілегіміз – тұрақтылық, біле­гіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған  асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің   ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың  мәңгілік  құндылығы.

Жыл сайынғы ел Президенттің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді  нығайтуға  бағытталды. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн. Мың тоғыз жүз он алтыншы жылдағы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тоталитарлық жүйе, ұлы Отан соғысы, мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазақ жеріне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл — тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе? Осы даналықты әрдайым жадымызда сақтағанымыз жөн. Арысы қазақ хандығынан бастап, берісі егемен­ді елдің іргесіне дейінгі көшті  жал­ғас­тырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы – осы аманатты сақтау.  Жәнібек пен Керейдің кер­ген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды   қастерлеп  өту – әрбір ұрпақ­тың міндеті. Қазақта «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда сап алтындай баға жетпес байлығымыз ұлт құндылығын берік сақтауымыз керек. Ұлт көшбасшы­сы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі­мен айтсақ: «Бостандықты бағалаудан, азаттық­ты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ. Тәуел­сіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт!» дей отырып, ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, Елбасы бастаған, мемлекет басшысы жал­ғастырған сарабдал саясатын халық болып қолдап, рухымыз биік, жолымыз нұрлы, «Мәңгілік Елге» айналып, мемлекетіміз  мәңгі  болсын.

Қорыта келгенде, Тәуелсіздігі­міздің 30 жылдық мерейлі жылдарында жеткен толағай табыстары Елбасының орасан зор қажырлы еңбегі және әлемдік аренадағы сұңғыла саясаткердің тұлғасын көрсетеді деп ойлаймыз және кейінгі ұрпаққа жеткен қазынамыз Тәуелсіздігіміз аманат болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді деп, халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте, ендеше бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік, қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін» деп аяқтаған сөзін, ендігі жерде әрқайсысымыз мемлекет басшысы жүкте­ген  жауапкершіліктерді  сезініп, бар­лық бастамаларды лайықты жүзе­ге асыруға міндеттене отырып, Тәуел­сіздігімізді нығайту үшін, ел үшін  еселі  еңбек ету басты парымыз болып  қала  береді. Қасиетті  Отанымыз  мәңгі  жасай  берсін.

Қанат  ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ»  университеті  жоғары  колледжінің  оқытушысы,

педагогика  ғылымдарының  магистрі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: