Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Субсидияны сүлікше сорғандар

04.11.2021, 13:30 328

Жасыратыны жоқ, қай салада болмасын, кемшін көрінген тұсына мемлекеттің қаржылай қолдауы болып тұратыны заңдылық. Тіпті, ұлттық қордың өзінен екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға деп талай теңгенің берілгенін білеміз. Бәрі дұрыс дейік, мұның өзі мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын сақтауға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған қамқорлық деп түсінген жөн. Алайда кейде сол мемлекеттің демеу қаржысын талан-таражға салып, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баратындар кездеседі. Одан қалды, осы мемлекеттік қолдауға иек артқан кәсіпкерлердің үлкен көлемде несие алып, артынан субсидиясыз қалып, пұшайман күй кешіп отырғаны да айтылады. Биылғы мамыр айында осы мемлекеттік бағдарлама бойынша еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаржының дұрыс жоспарланбауының салдарынан бірқатар қызылордалық кәсіпкердің шырылдағанын «Халық» газетінде (№21, 27.05.2021 ж) жазған едік. Оны былай қойғанда, сол жолы мемлекет қаржысын сүлікше сорып, ұпайын түгендеп жүргендердің де барын қалам ұшына іліктірдік. Бір қызығы, олардың «теріс әрекетіне» кейбір кәсіпкерлердің өзі болысатын көрінеді. Былай қарасаң, бір кәсіпкер шыр-пыр, екіншісі шырт түкіріп жүргендей әсер қалдырғаны бар.

Фактімен сөйлесек, сол кездегі Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен келіп түскен мәліметте аталған департаментпен аса ірі көлемде инвестициялық субсидия қаражатын талан-таражға салып, әрі қарай жымқыру дерегі бойынша облыстық ауылшаруа­шылық басқармасы қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы­мен қылмыстық іс тергеліп жат­қаны айтылған. Мәліметке сүйенсек, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бірнеше лауазымды тұлғасы өздерінің қызмет бабын пайдалана отырып, облыс аумағында 2019-2020 жылдарға арналған бірнеше жобалар бо­йынша инвестициялық субсидия қаражатын үлестіру барысында бірнеше кәсіпкерлік нысан­дарымен келісімге келіп, аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салып, жымқыру­ды жүзеге асырған. Яғни, бұл қызметкерлер бірқатар шаруа қожалықтарында ешқандай жұмыс атқарылмаса да, жабдықтар мүлдем қойылмаса да, жұмыс­тардың толық орындалғаны туралы жал­ған актілерді толтырып, қол қойған. Жүргізілген сот құрылыс сараптамалары негізінде бірнеше шаруа қожалықтары бо­йынша мемлекетке келтірілген залал сомасы 26 млн 792 мың теңгені құраған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса», белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылу жазасы көзделгені  айтылған  еді.

Енді міне, апта басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруа­шылығы саласындағы субсидия­ны талан-таражға салу қадамына барған тағы бірнеше топтың қылмысын әшкереледі. Агенттік оларды ұстау үшін арнайы ауқымды операция ұйымдастыр­ған. Соның нәтижесінде Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне бағы­нысты бөлімшелер мен ұйымдардың, сондай-ақ Нұр-сұлтан және Шымкент қала­лары, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің лауа­зымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық  топтар  әшкереленген.

«Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен ай­налысқан. Сондай-ақ кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер алынды»  деп  хабарлады  агенттік.

Сұмдығы сол, аталған іске қатысы бар 30-дан астам адам анықталған. Олардың көпшілігі кінәсін толықтай мойындап, тергеу ісімен ынтымақтасып жатқан көрінеді.

«Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді. Толы­ғырақ қосымша хабарланады» делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  хабарламасында.

Осы  ғой  енді…

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: