Жалпы адамзаттың бұл фәнидегі ең қасіреті мол, қиын қарсыластарының бірі – бұл адам бойындағы нәпсісі. Айтпаса да түсінікті бұл адам ішіндегі құбылыс небір озбыр қимылдарға, тіпті тіршілікке, болашақ ұрпаққа да зардап әкелетіні сөзсіз. Сондай бір адамды өзіне тәуелді қылатын, жағымсыз әрекет ол нашақорлық, есірткіге тәуелділік деп білемін. Абай атамыз айтпақшы:
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О-дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.
Жалпы, менің ойыммен айтар болсам, нашақорлықты надандық деп білемін. Мен ғана емес көзі ашық, көкірегі ояу жандардың барлығы да дәл осындай пікірде деп ойлаймын.
Жақында Сәбит Досановтың «20-шы ғасыр» кітабын оқып отырып мынандай нәрсені көзім шалып қалды. Осы алдыңғы ғасырларда көшеде қол ұстаса кетіп бара жатқан ғашықтарды көрмейтін-мыс. Осы ойды менде қызыға, расымен-ау ол кездерде бұндай іс-әрекеттерді еш жерде баяндап әңгімелейтінін көрмеппін, неліктен олай болған екен деген оймен аға буын өкілдерінен сұрауды шештім. Сондағы олардың айтқаны, көшеде ондай әрекеттерді көрмейтінбіз, себебі көшеде соғыс көрген, небір қиын кезеңдерден өткен, сондай бір кездерде жұптарын жоғалтқан қанша ата-әжелеріміз қарайды. Біз үшін соғысқан жандар ғой, сол кісілерге ауыр тимесінші, өкініш өзегін тұтатпасын деген оймен тәрбие алғанбыз дейді.
Міне, тақырыптың төркіні қайда жатыр? Ал қазіргі жастар ше? Олар соғыс түгілі ауылдың түтінін иіскемеген, эстрада жұлдыздарының гивтері мен блогерлердің ойға симайтын киім үлгілерін жарыса алғаннан, жарыса жаңа айфонның үлгісін талағаннан басқа не көрді? Оны жақсысы да, жаманы да жасап жатыр ғой, қазір 21-ші ғасыр емес пе деп маған қарсы келетін адамдар міндетті түрде кездеседі. Иә, оған келісемін, бірақ, әлеуметтік желіден түрлі батыстың арам пиғылды фильмдерін, ойындарын трендке айналдырып, жаманды жақсы қылып аларына не дейсің!? Сондай бір қылықсыз әрекет жастардың арасына тарап жатқан – нашақорлық, есірткіге тәуелділік. Негізі менің байқағаным, бұған жол беріп жатқан, әрине, бірінші жастардың өзі. Дегенмен аға буыннан да бар сияқты шамасы. Байқап та жатқан шығарсыздар, кейде бір көпті көрген, үлкен кісімен әңгіме барысында, шылымын шығарып түтіндетіп отырады. «Аға, осы бір шылымның рақаты бар ма?» десең, жауаптарына таң қаласың. «Әй біз де сол кезінде ауылда бір көрейінші, бір тартамнан басталып, әлі қойғыздырар емес» дейді. Білесіз бе, осы жерден бастап, жас баланың ойы өзгере бастайды. Мына ағам көрді ғой, өліп қалған жоқ, мен де көрейінші, онысымен қоймай шегуінің өзі бір тәбетті ашқандай деп, ойы өзгереді. Аға буынның кінәсі осы жерден деп ойлаймын. Бала не көрсе, соны істейді емес пе, сол кісі секілді оның да мықты мұғалім, мықты инженер болғысы келеді. Соған еліктейді, оны аңғармаған аға буын көзінше жаман қылық екенін біле тұра жасайды.
Жаңағы жерде айтпағым, көптеген жас жеткіншектер еліктейтін кумирлері бар. Баяғыдай Брюс Ли, Арнольд Шварцнегерлер секілді емес, қайдағы жоқ, есорсоқтар кейпіндегі блогер репэрлер. Олар не істейді десеңіз, жоқ не істемейді деп сұраңыз. Сұхбат беріп отырса да, әлеуметтік желіде тікелей эфирде отырса да тастамайтыны – электронды темекі немесе алкаголь. Жақында біздің де елімізде сондай бір КЮ ПОП деп аталатын Азиядан келген ұғым ғой, шаштарын әр түске бояп, ән айтатындар. Ән айтады дейсің, өлеңнің сөзін оқысаң азғырушы әзәзіл ме дерсің, бұл – бөлек тақырып. Сол КЮ ПОП әншілері жақында есірткімен айналысатын пропоганда қатысы бар деген айыппен ұсталыпты. Енді айтыңызшы, осыларға еліктеп жүрген жастарға не айтамыз?
Қорыта айтарым, бұл есірткі деген аурумен жалпы әлем болып күресуіміз керек. Бірақ қазір біреуге барып сен нашақорсың, таста бәлені десең, одан әрмен ушығуы мүмкін. Болашақ біздің қолда дейді ғой, расыменен, біз саналы боп сол дертті жеңсек, келер ұрпақ та солай жасауы тиіс, сол үшін де айтарым ағайын- бауырларға, дос-жаран қолымнан келгенше бәріне түсіндіріп айтудан шаршамаспын, өзің сол бәлені қолдансаң да, ешкімге зиянынды тигізбей жаса, ешкімді еліктірме, әйтпесе шынымен де ақырзаман жақындап келе жатыр-ау деген ойдың жетегіне тоқтатарсың! Салауатты өмір салтын ұстану өз болашағымызды биікке көтерудің басты құралы екендігін мойындап, өздігімізден білім алу арқылы сананы соған бағыттап отыруымыз қажет. Себебі, мемлекетіміздің күш-қуатының артып, халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы үшін оған дені сау, білімді, мәдениетті ұрпақ керек. Мәңгілік елдің көк жалауында, мәңгілік қазақ елінің шарықтап, озарына мен сенемін. Қазақ болу – статус. Сол статусты абыроймен алып жүріп, ата-бабамыздың биік ойлы гуманизмін құртып алмайықшы. Лайым солай болғай!
Бөрібай Думан Әділбекұлы,
Әл Фараби атындағы ҚҰУ студенті
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!