Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл әкімдері сайланды ма, тағайындалды ма?

29.07.2021, 13:00 328

Жексенбі күні ел тарихында тұңғыш рет ауыл халқы әкімдерін сайлады. Сайлау болады дегеннен-ақ ауылдағы ағайын сеңгір саясатта сәл де болса өз орындары бар екенін сезінгендей. Осы сайлау кезінде, тіпті, кей ауылдарда рулық һәм аталық тартыс күшейіп, әркім өз адамын тықпаламақ болған оқиғалар да тіркеліпті. Кей ауылдың тұрғындары «өзіміз ұсынған кандидаттың аяғын шалды, сайлауға қаса­қана қатыстыр­мады» деп шағым жасады. Әйтеуір, «демокра­тияның бастамасы болады» деп ырымдап өткізген сайлау аяқталды. Толық қорытындысы шығып, нәтижесі таныстырылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев ешқандай шағым, заңбұзушылық тіркелмегенін айтты.

25 шілде күні жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең сайлау құқығы негізінде облыста 40 ауылдық округ бойынша әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Сандарға сенсек, ауыл халқы сайлауға белсене қатысқан екен. Қызыл­орда облы­сы бойынша 54 сайлау учаскесінде 36 мыңнан астам азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді, оның 30149-ы (83,58%) дауыс беруге қатысқан. Әкім болуға 122 адам үміткер болған. Жоспарланған 40 округтің барлығында әкімдер сайланды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясының бәсі жоғары. Бас партияның ұсынған 30 кандидаты сайланған. Сондай-ақ, «Ауыл» ХДПП – 2, «ADAL» ПП – 2, Қазақстан халық партиясы – 1, өзін-өзі  ұсынған  5  кандидат  ауыл  әкімі  атанды.

– Сайлау барлық учаскелерде Консти­туциялық заңға сәйкес өтті, құқықбұзушылықтар аңықталған жоқ, арыз-шағымдар түскен жоқ. Ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау нәтижелері туралы хабарламалар округтік сайлау комиссияларының интернет-парақтарына орналас­тырылды және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы  Ғалым  Қонақбайұлы.

Өңірде өткен сайлауда комиссия­ның жұмысы шикіліксіз өтуі күмән келтіреді. Әрине, ресми қағаздарда бәрі жақсы. Брифинг барысында комис­сия төрағасынан сайлау учас­келерінің жабдықталуы жайлы сұрадық. Заңнамаға сәйкес, әр учаскеде бейнебақылау орнатылуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, барлық учаскелерді бейнебақылаумен жабдықтап қойғанын жеткізді. Ал біз хабарласқан бірнеше тәуелсіз бақылаушы сайлау учаскесінде бейне­бақылау болмағанын, сондай-ақ бас­қа да шикіліктер кездескенін  айтты.  Жаңалық  емес…

Жалпы, сайлауға 122 кандидат енгізілген. Олардың 47-сі – саяси партиялардан ұсынылғандар: «Nur Otan» партиясынан – 32, «Ауыл» ХДСП – 4, «Ақ Жол»  ҚДП – 4, «АDAL» саяси партиясынан – 3, ҚХП – 4, өзін-өзі ұсынған – 75 кандидат. Сайланған әкімдердің сапалық құрамына келсек, тізгін  тиген 40 әкімнің 10-ы – мемлекеттік қызметші, 22 әкім өзінің ауылдық округі­не қайта сайланды. Бесеуі – бюджеттік сала қызметкерлері. Ал үшеуі – жұмыссыз азаматтар. Сайланған әкімдердің арасында біреуі – әйел. Сайланған әкімдердің ішінде ғылыми дәрежесі бар немесе «Болашақ» түлегі  болып табылатындары жоқ, орта жасы – 46,7. Әкімдердің ең жасы 27 жаста болса, ең үлкені – 62 жаста. Сайланған әкімдердің барлығының  ұлты – қазақ.

Кандидаттардың арасында ең көп дауыс жинаған – Бекбауыл ауылдық округіндегі Мейрбек Бурибайұлы. Сайлаушылардың 98,1% қолдауына ие болған. Дауыс берудің ең төмен айырмашылығы Шиелі ауданының Жуантөбе ауылдық округіндегі кандидаттардың арасында болған. Олар бар болғаны 12 дауысқа ие болған. Берілген бюллетеньдердің ішінде «Барлығына қарсымын» деп дауыс бергендердің ең көбі Арал ауданы­ның Райым ауылдық округінде болған, берілген 683 бюллетеньнің 23,1% барлығына қарсы екенін жеткізген.

Осылайша, ауыл әкімдерін сайлау аяқталды. Барлығы болжағандай өтті, артық елең еткізер оқиға болмады. Бұл сайлау шынында халықтың саяси білімін, белсенділігін арттыруға септігі мол. Десе де, кей адамдар «әкімдер алдын ала белгіленіп, сайлау емес тағайындау болды ма?» деп қауіптенеді. Оның үстіне сайлауға қатысуға кедергі келтіріп, қолбайлауға тап болған кандидаттар да бар. Десе де, ауыл әкімінің орынтағына таласқандар көп болды. Ендігі кезекте сайланған әкімдер халқына адал қызмет етеді деп сенеміз…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: