Еркін САДЫҚҰЛЫ,
журналист, айтыскер ақын:
– Алғашқы сұрақ қазіргі қызметіңіз туралы болсын…
– «Хабар» агенттігінде бағдарламамен қамтамасыз ету бөлімінде редактор болып қызмет атқарамын.
– Бұл сізге жиі қойылатын сұрақ екенін білемін. Десе де, айтыстан кетуіңізге не себеп болды?
– Айтыстан кетуіме ешқандай себеп болған жоқ, бола қоймайды деп те ойлаймын. Өйткені, айтыс ұйымдастырушыларымен, Жүрсін Ерман ағамызбен арада ешқандай келіспеушілік болған емес. Жұмыс істеу керек не айтысқа бару керек. Қызметте жүргеннен кейін алдыңда осындай таңдау тұрады. Құдай аузымызға дәмді сөз салса, шабыт берсе, айтысқа шығуға дайынбыз. Төреғали айтпақшы, кез келген уақытта кез келген ақынмен айтыса аламын. Айтыста жүрген уақытымда аздаған қателіктер болды деп ойлаймын. Оны әлі де толықтырып, жетілдіріп жатырмыз.
– «Аламан» айтыс арқылы қалың көпшілікке танылдыңыз. Жалпы, қазіргі айтысқа қандай өзгеріс керек?
– Жалпы, бұл осыдан 10 жыл бұрын қойылуы керек сұрақ шығар. Менің ойымша қазіргі айтысқа өзгеріс керек емес. Мүмкін ұйымдастыру жағын өзгертіп отыру айтысты жаңа белеске көтеретін болар. Бастысы, айтыстағы белгілі бір кедергілерді жойып, шектеулерді алып тастаса дейміз. Бұл – барлық ақынның ойында жүрген тілек. Қазіргі айтыс 10 жыл бұрынғы айтыстың деңгейінен әлдеқайда өсіп кеткен.
Негізі барлық нәрсе өзгеріп тұрғаны дұрыс. Айтыс та сондай өзгерістерге, тоқырауларға ұшырады. Оның соңы телевизиялық айтысқа, жекпе-жек айтыс, шоу айтысқа, т.б. алып келді. Айтыстың көркемдік жағынан да әлдеқайда дамып кеткенін айтқаным жөн шығар.
– «Ақындар ауданы» аталып кеткен Шиелі ауданының көзге көрінбей кеткен ақындарына ерекше тоқталсақ…
– Менің ойымша барлығы да көрініп жүрген сияқты. Бізден кейінгі толқын Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміровтер ғой. Олар – осы күні облыстың бетке ұстар ақындары. Көрінбей кеткен мен және менің ағам Мұхтар Қуандықов шығар. Мен қызмет бабына байланысты айтыстан алыстап кетсем, Мұхтар жеке кәсібіне байланысты қол үзіп қалды. Бүгінгі күні Шиелінің жас айтыс ақындары өсіп келеді. Ержан Әміровтың шәкірттерінен үлкен үміт күтеміз.
– «Ер жігіт туған жеріне» деген ғой. Елге арнайы ат басын бұрып, басшылық қызметке келіп, мәдениет, журналистика саласында еңбек етуге қалай қарайсыз?
– Ондай ұсыныс болған емес. Басшылық деңгейге жету үшін әлі де толыса түсу керек деп ойлаймын. Шақырып жатса, бас тартпаймын, бұл екі бастан белгілі нәрсе. Туған жеріме барып қызмет етуге дайынмын.
– Ұзақ жылғы үзілістен кейін Шиелі ауданының 90 жылдығында айтыс ақыны, рухани ұстазыңыз Кенжебай Жүсіппен сөз сайыстырдыңыз. Туған жер қалай қарсы алды? Айтыс қиындық тудырған жоқ па?
– Мен соңғы рет 2011 жылы республикалық айтысқа қатыстым. Одан кейін 2018 жылы Шиелі ауданының 90 жылдығына орай арнайы шақырған соң, туған жердің мерейін көтерейік деп аламанға қосылдым. Туған жер қашанда жақсы қарсы алады ғой. Айтыс қиындық тудырған жоқ. Олай дейтін себебім, кез келген ақын үнемі дайындық үстінде жүреді. Өзің де ақынсың, оны білесің. Көлік жүргізіп келе жатқанда да, жұмыс істеп жатқанда да ойыңа тіркестер, ұйқастар келіп жатады. Өзіңді біреумен айтысып отырғандай сезінесің. Кітап оқып отырғанда іліп алатындай сөз кездессе, санаңның түкпіріне сақтап қоюға тырысасың. Айтыс үшін, кез келген уақытта пайдалану үшін сөздік қор жинақтайсың. Бұл – барлық ақындарға тән құбылыс. Сондықтан, үнемі ізденімпаздық ақынға ауадай керек.
– Сізбен сұхбаттасқанда «Аламан» айтысқа қайта соқпау мүмкін емес. Сол уақытта айтқан шумақтарыңызды жатқа соғатындар да табылып қалар. Менің де есімде қалған жыр жолдары бар екен. Өзіңіз есіңізде сақтап, 10 жыл бойы ыңылдап айтып жүрген иірімдер бар шығар…
– Жалпы, соңғы жылдары «айтыскерлер келісіп айтысады екен, жүлдесі аз болса бармайды екен» деген секілді сөздер көп айтылып кетті. Боксшы да әр жекпе-жек үшін, әр қарсылас үшін дайындалады ғой. Айтыс деп құлағы қылтиғаннан бастап іштей дайындықта жүресің. Жыр жолдары бүкіл сана-сезіміңнен өтіп шыққаннан кейін бәрі есіңде қалады. Мен өз айтыстарымның 95 пайызын жатқа білемін. Қарсыластарымның айтысын сөзбе-сөз білмесем де, жөн-жобасы есімде сақталып тұр.
– Еркін осы күні ақындық энергиясын журналистикаға жұмсап жүр ме? Әлде шығармашылыққа арнайы уақыт бөлесіз бе?
– Менің қазіргі жұмысым да – өнердің бір саласы. Телевизия – сиқырлы әлем. Жұмысқа енді қадам басқанда ағаларымыз ескертіп «Телевизияның сиқырына кіріп кетіп, шыға алмай жүрме» деген еді. Осы күні сол әлемнен шыға алмай жүрмін-ау деп ойлаймын. Әрине, журналистикаға көп энергия жұмсап жүрмін. Менің көп уақытым сценарийге, деректі фильмдерді тексеруге, оның құрылымын, телевизиялық саласын, т.б. қарауға кетеді. Бұл – менің мойнымдағы жұмыстар. Сондықтан, арасында ұйқас қуып кететін кездер болады. «Шығармашылыққа арнайы уақыт бөліп жүрмін, күнде кітапханаға барып жүрмін» деп өтірік айта алмаймын. Бірақ, жұмыстан қолымыз қалт етсе, электронды кітаптардан аға буын ақындардың шығармашылығына зер салып қоямыз.
– Қоныстой құтты болсын! Жалпы, журналистердің мемлекеттік бағдарламамен үй алуы мүмкін емес ғой. «Хабар Агенттігі» АҚ басшылығы бұл мәселені оңтайлы шешкен секілді…
– Көп-көп рақмет! Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Агенттік басшылығы осындай тосынсый жасап, үлкен қуаныш сыйлады. Әйтпесе, журналистердің жағдайы белгілі ғой. Мемлекеттік қызметкерге де жатпайды. Кезекке тұрып үй ала алмайды. Бұл – кез келген қалада бар жайт.
Тұрғын үй кешені салынған жер учаскесі агенттікке тиесілі. Ал, үй салудың барлық шығынын құрылыс компаниясы көтерді. Нарықта әр шаршы метрі 380 мыңның пәтерлері агенттік қызметкерлеріне 270 мың теңгеден сатылды. Нұр-Сұлтанда мұнан төмен бағада үй жоқ. Біз де үйлі болған 200 хабарлықтың тізімінен табылып, қоныстой жасап жатқан жайымыз бар.
– Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!