HALYQLINE.KZ «Бастау» жобасының түлегі айына 200 мың теңгеден артық табыс табатынын жеткізді.
Гаухар Жаңабаева Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында тұрады. Тұрмыста, жолдасымен 3 бала тәрбиелеп отыр. Мамандығы заңгер Гаухар ешқашан бір ғана табыс көзімен шектелмепті.
«Мамандығым бойынша отбасылы болғанша 7 жыл жұмыс істедім. Іс-қағаздарымен айналыстым, мұнан өзге мәтін теру, слайд жасау секілді компьютерлік қызметтер көрсеттім, қосымша тойларда жедел суретке түсірумен айналыстым. Желілік бизнесте де нәтиже көрсете алдым. Кейін тұрмысқа шыққан соң жаңа ортаға бейімделу, үйдің тірлігі, бала күтімі секілді міндеттерім қосылған соң барлығын тоқтаттым», – деген Гаухар Жаңабаевава араға алты жыл салып, кәсіпке қайта келгенін айтты.
Бала күтіміндеге аралдық келіншек өзінің тігінге икемі бар екенін ескере келе, кестелеп тігуді қолға алады. Ол үшін жолдасы шет елдік әріптермен жұмыс жасауға мүмкіндік беретін алғашқы тігін машинасын алып береді. Аталмыш тігін машинасымен тапқан табысының басын құрап, бір жылдың ішінде қазақ тілінің алфавитіне негізделген жаңа тігін машинасын сатып алады.
«Кәсібім жүре бастағанын көрдім. Бұл машина да маған аздық етті. Сонымен елдің аузында жүрген «Бастау» жобасын жолдасым екеуміз зерттеп, қатысамын деп шештім. 1 ай оқып, біліктілігімді жетілдірген соң қайтарымсыз қаржы алу үшін жобамды қорғадым. Нәтижесінде 505 мың теңге грант алып, тігінге керек құрал-жабдықтарымды түгелдеуге мүмкіндік алдым», – дейді кәсіпкер Гаухар.
Жас кәсіпкер «Бастау» жобасының тұтынушымен жұмыс істеп, түрлі есептіліктерді тапсыруда айтарлықтай көмек болғанын жеткізіп отыр. Ол «Бастау» жобасына дейін бұл қызметтерді ақылы тапсыртып келген екен.
Бүгінде Гаухар Жаңабаева тойға арналған бұйымдар мен жас нәрестелердің киімдерін кестелеу қызметін көрсетеді. Әсіресе нәрестенің перзентханадан шыққанда киетін киіміне баланың атын кестелеп беруді сұраушылар басым екен.
«Жақында тұтынушылардың сұранысын ескере келе киімдерге жазуды бояумен салуды, кружкаларға сурет салу секілді қызметтерді енгіздім. Жалпы қазіргі кәсібім Арал ауданында жоғары сұранысқа ие. Айына орта есеппен 200 мың теңге табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Еңбектенсең нәтижесін көруге болатынына нақты көзім жетті. Тапсырысты уақытылы орындау үшін кейде уақытпен санаспай жұмыс жасауға тура келеді. Алда кәсібімді ұлғайтып, жаңа қызмет түрлерін қосқым келеді. Ол үшін қазір жобамды әзірлеп жатырмын», – дейді Гаухар Жаңабаева.
Айта кету керек, Арал ауданында 2017-2020 жылдары 1156 азамат «Бастау» жобасы бойынша оқытылып, 801 азаматтың жобасы мемлекет тарапынан түрлі қаржы көздері арқылы қаржыландырылған. Биылғы жылы 300 адамды жоба аясында оқыту жоспарлануда.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!