Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың бірі – шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. Бағдарламаның мақсаты – еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін екпінді ынталандыру.
Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында өңірде индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында жұмыстар жалғасуда. Соңғы онжылдықтың бедерінде аймақта құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде жер телімдері, инженерлік инфрақұрылым жеткізу, инвестициялық преференциялар және жер қойнауын пайдалану құқығы табысталды. Карта аясында іске қосылған жобалар арқылы өндірілген өнім көлемінің жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі ағымдағы жылдың 5 айымен 28%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 16,8% болған.
Айта кетейік, 2019 жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталды. Облыс экономикасы үшін ол кезең де табысты саналды. Өйткені екі бірдей өндіріс орны іске қосылды. Бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны, екіншісі – «Баласауысқандық» ванадий кен орны. 2020 жылдан бастап индустрияландырудың үшінші бесжылдығына қадам бастық.
БЕС ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, индустрияландыру бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасында құны 542,9 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 7,4 мың адамды жұмыспен қамтитын 41 жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шаққанда 220 адамды жұмыспен қамтитын 5 жоба іске қосылды. Олар – балықты тереңінен өңдейтін 2 цех, алғашқы кварц құмын байыту комбинатының І желісі, тротуарлық плитка, жиектас, лего кірпіш өндірісі және түйіршіктелген аммоний-сульфат өндірістері.
Сондай-ақ, биыл облыстың өнеркәсіп саласының дамуына серпін беретін шыны зауыты, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, ас тұзы өндірістері және құс фабрикасы сияқты 4 жоба іске қосылады деген жоспар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде облыс экономикасын әртараптандыруға әсер ететін экспортқа бағдарланған және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құрылмақшы. Ол кезде шамамен 500-дей жұмыс орны ашылып, 48,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. Оның ішінде, Арал ауданында орналасқан «Qazaq Qamel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндірісінің құрылысы» жобасы өңірімізге инновациялық жоба болып табылады. Бұл өнім республика нарығынан бөлек, алыс-жақын шетелге экспортталады. Бүгінгі таңда зауыт құрылысы 85%-ға аяқталған.
Ауыл шаруашылығы саласымен қатар индустриялық аймаққа қадам басқан облыстағы «Аралтұз» акционерлік қоғамы өнімге сұраныстың жоғары болуына байланысты 3-ші испан цехын салу мәселесін бірнеше жыл бұрын қарастырған. Өткен жылы тұз өндіру көлемін 25 пайызға ұлғайтты. 2022 жылға қарай 700 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын бүгінде қуаттылығы 120 мың тонна болатын ас тұзын өндіретін үшінші испандық цех құрылысының 80%-ы аяқталған.
ЕКІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТЫҢ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?
Аймақтың инвестициялық тартымдылық потенциалының жылдан-жылға артып келе жатқаны анық. Түрлі индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін соңғы жылдары тартылған 1,7 трлн теңгеге жуық тікелей инвестицияның 400 млрд теңгесі немесе 17,4 пайызы 2019 жылдың еншісіне тиесілі. Бағдарлама аясында жүзеге асырылған ірі жобаның бірі – шыны зауыты. Бүгінде құрылыс жұмыстары 82 пайызға аяқталды.
Сәуір айының аяқ шенінде Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова «Табақ шыны өндіру және өңдеу» зауытына барып, құрылыс жұмыстарын тексерген болатын. Жоба жетекшісі – «Orda Glass Ltd» ЖШС.
Облыс әкімдігі сыртқы инженерлік инфрақұрылымды жеткізу бойынша жұмыстарды орындады. Атап айтсақ, газ құбырының екі тармағы және сумен жабдықтау, электр желісі, автожол және байланыс жұмыстарын жүргізді. Теміржол тұйығының құрылысы жуырда аяқталады деп жоспарлануда.
– Біз зауыт өндірісінің іске қосылуымен капиталдың басқа елдерге жіберілуін тоқтатамыз және елді өзіміз әйнекпен қамтамасыз етеміз. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елге құны шамамен 1 млн АҚШ долларын құрайтын шыны импортталды. Атап өту қажет, шыны зауытының іске қосылуымен кемінде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде шыны зауытының айналасында инвесторлармен 3 жобаны іске асыруды бастадық. Бұл – шыны талшық (2 млрд теңге), айна (4 млрд теңге), шыны ыдыс және ыдыс (10 млрд теңге) өндірісі. Жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады, – дейді Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев.
Сондай-ақ, өңірде металлургия саласында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын және «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобалары жүзеге асуда. Шалқия кен орнында кен байыту комбинаты құрылысын 2021 жылдың екінші жарты жылдығында бастау көзделуде.
ЖОБА КӨП, ЖОСПАР АУҚЫМДЫ
Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының ресми сайтындағы мәліметтеріне сүйенсек, ҚР Премьер-министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандумға сәйкес облысқа 2021 жылы 456 млрд теңге инвестиция тарту межеленген. 2021 жылғы 3 айда 41 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3%-ға өскен.
2021 жылғы I тоқсан ішінде инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруға ықпал жасайтын «Қызылорда облысына инвестиция тарту тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары» жүзеге асырылды.
2020 жылдың басынан бастап облыс әкімдігінің қаулыларымен өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына сомасы 34,4 млрд теңгеге 9 жоба енгізілген:
1. «Агрохимсервис» ЖШС-нің «Аммоний-сульфатын түйіршіктеуді ұйымдастыру» жобасы.
2. «Мелиоратор» ЖШС-нің «Тротуар плиткаларын, жиектастарды, лего кірпіштерін гиперпрессовкамен өндіру» жобасы.
3. «Абдулла» ШҚ-ның «Тауық етін өндіруді қамтамасыз ету мақсатында бройлерлер өсіру және тауық етін қайта өңдеу бойынша құс фермасын іске қосу» жобасы. Жоба құны – 3,9 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 3,5 мың тонна, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 20 адам, пайдалану кезінде – 120 адам, іске асыру орны – Жаңақорған ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.
4. «Dana Quartz» ЖШС-нің «Айна өндіру зауытының құрылысы» жобасы.
Жоба құны – 4,5 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 2,6 млн шаршы метр, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 60 адам, пайдалану кезінде – 34 адам, іске асыру орны – Қызылорда қаласы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.
5. «Tin Oris» ЖШС-нің «Шиелі ауданында 10 мың га алқапқа жаңбырлатқыш қондырғылармен жоңышқа өсіру» жобасы. Жоба құны – 4,5 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 120 мың тонна, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 200 адам, пайдалану кезінде – 202 адам, өткізу орны – Шиелі ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2023 жылдар.
6. «NUR@GER» ЖШС-нің «Жалағаш ауданында күріш сабанынан целлюлоза өндіру зауытын салу» жобасы. Жоба құны – 500 млн теңге, қуаттылығы – жылына 2,8 мың тонна, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 15 адам, пайдалану кезінде – 36 адам, іске асыру орны – Жалағаш ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.
7. «Каусар Ж.Д.» ШҚ-ның «Құс фабрикасының құрылысы» жобасы. Жоба құны – 158 млн теңге, қуаттылығы – жылына 2,3 млн дана, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 10 адам, пайдалану кезінде – 7 адам, іске асыру орны – Жалағаш ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.
8. «КАРАГАНДА АГРО ИНВЕСТ-Т» ЖШС-нің «Қазақстан аумағында бақша дақылдарын жемістер мен көкөністерді жоғары сапалы азық-түлік өнімдеріне және жартылай фабрикаттарға өндірістік өңдеу бойынша «Агроөнеркәсіптік кешен» жобасы. Жоба құны – 20,3 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 269,5 мың тонна тауарлы өнім, жұмыс орындары: құрылыс кезінде – 43 адам, пайдалану кезінде – 489 адам, іске асыру орны – Шиелі ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.
9. «Молдир и К» ТС-нің «Құс фабрикасы құрылысын кеңейту» жобасы. Жоба құны – 148 млн теңге, қуаттылығы – жылына 9,3 млн дана, жұмыс орындары құрылыс кезінде – 30 адам, пайдалану кезінде – 19 адам, іске асыру орны – Шиелі ауданы, іске асыру кезеңі – 2021-2022 жылдар.
Облыста индустриялық аймақты құру үшін 511,9 га жер телімі бөлінген. Әрбір индустриялық аймақ энергия және сумен жабдықталған, табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!