Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халің қалай, ҚАЗАЛЫ ЖАСТАРЫ?

15.04.2021, 10:00 715

Жастар десе көз алдымызға қамшының сабындай қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап өткен Ғани Мұратбаевтың бейнесі оралатыны анық. Қазалы өңірінен түлеп, жарты әлемге үстемдігін жүргізген алып империя Кеңес өкіметіне есімі кеңінен мәлім болған жастар жетекшісінің ұлағатты жолы көпшіліктің жадынан шыға қойған жоқ. «Ғанидың ізбасары». Осынау бір ауыз сөз Ғани­дың жерлестеріне көздің қарашығындай қастерлі. Біз жуырда Ғани өңірге келген топырақ Қазалы ауданындағы жастардың тыныс-тіршілігімен  етене  танысуды  жөн санап, «Халық» газеті редакциясы тарапынан тиісті орынға ресми хат жолдаған едік. Жауап көп  күттірмеді.

Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нен келген 09.04.2021ж. 01-9/126 санды хат қо­лымызға тиді. Онда «Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазалы ауданы халқының 24 пайызын, яғни 18556 жастар құрап отыр. Оның  ішінде ауыл жастары 17611 болса, қала  жастары 945 жасты (бөлініске сәйкес ерлер – 9706, әйелдер – 8850) құрайды. Аудан орталығындағы орта арнаулы оқу орын­дарында 1501 студент жастар білім алуда.  14 пен 18 жас аралығындағы оқушылар саны 14 мың 551 болып отыр. Қазалы ауданы бойынша бүгінгі таңда жақын және шет мемле­кетте оқып жатқан нақты студенттер саны 10 жасты құрап отыр» деп жазылыпты.

2020 жылы Жастар орталығының ұйым­дастыруымен 306 іс-шара өткізілген. Олардың арасында волонтерлық, қайырым­ды­лық, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы, мәдени-көпшілік, спорттық, онлайн ұйымдастырылған шаралар, шығармашылықты дамыту, кеңес беру акция­лары, карантин шараларын сақтау бойынша наси­хаттық жұмыстар, кездесулер, сұхбаттар, байқау­лар, NEET жастарды кәсіпкерлік бағытта  оқыту  тағы  басқа  да  шаралар  бар.

Қолдағы деректен Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орта­лығы» ауыз толтырып айтарлықтай игі істердің (ресур­стық орталықтар қызметінің 14 бағыты бойынша) басы-қасында жүргенін аңғарғандай әсер алдық. Жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беруге, дайындауға жәрдемдесу мақсатында аудан жастарының бастамасымен «Жас құрылысшы» еңбек жасағының бағыты бойын­ша ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына (Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі «көгілдір отын» жүргізу, жол жөндеу, т.б., Әйте­ке би кентіндегі №226 гимназия мектебінің жөндеу жұмыстарына, «Қазалы Жолшы» ЖШС жол жөндеуге, «Нұрлан-Ж» ЖШС-не (Әйтеке би кентінің орталық көше­лерін әсемдеу), қосымша шағын кәсіпкерлерге) 60 жас жұмыспен қамтылыпты. Қаза­лы  қаласының  ерікті  жастарының     ұйымдастыруымен жалғыз басты әкеге және Құмжиек ауылдық округінің ерікті жастары ІІ топ мүмкіндігі шектеулі тұрғынына ауыл демеушілігімен баспана салып беріпті. Бұндай  игі істер Арықбалық, Мұратбаев ауылдық округінде де көрініс тапқан. Өте құп­тарлық  іс.

Сондай-ақ, «Жас кеңесші» жобасы аясында өткен жылдың өзінде 50-ге жуық кеңес беру шарасы өткізілген екен. Оның ішінде «Жас отбасыларға» кеңес беру бағытында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен «Халық банк» АҚ ғимаратында, халық көп шоғырланатын «Арзан» супермаркеті, теміржол вокзалы, жұмыспен қамту орталықтарында жастарға құқықтық кеңес пен бос жұмыс орындары туралы жәрмеңке, «Дипло­ммен – ауылға», «Серпін», «Нұрлы Жер» бағдарламалары бойынша кеңестер беріліпті. Атап өтерлігі, елімізде жарияланған карантин режимдеріне сәйкес, 2020 жылдың наурыз айының орта шенінен бастап барша іс-шаралар тоқтатылғаны әмбеге аян. Алайда Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшылығы мұның да шешімін тауыпты. Осылайша «Жас кеңесші» жобасын онлайн форматқа көшіріп, жастар мен жас отбасыларға әлеу­меттік желілерде кеңес алу парақшаларын тұрақты  түрде  жариялап  отырыпты.

Кеңес беру шарасы «Жастар ресурс­тық орталы­ғы» жанындағы «Сұхбат times» бағ­дарламасы арқылы әлеуметтік бөлімдерден, білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруа­шылығы салаларының жауапты маман­дары қатыстырылып, тікелей эфир арқылы сұрақ-жауап алмасу онлайн, бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, құзыретін және дербестігін дамыту бағытында жастар орталығының бас­тамасымен «Ағылшын тілі» пәнінен оқыту курстары ұйымдастырылып, одан 30-ға жуық жастар тегін дәріс алды. Бұдан бөлек, жастарды өмірлік маңызды дағдыларға дербестігін дамыту мақсатында әлеуметтік желі белсенділерімен басқосулар, әлеуметтік жобалар дағдыларын дамыту тақырыбында семинар-тренингтер өткізілгенге ұқсайды. Оған қоса жастар арасында сандық сауаттылықты арттыруға және жаңа технологияларды дамы­туға жәрдемдесу мақсатында елімізде жарияланған төтенше жағдайлар кезінде ауданымыздың ерікті жастары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға электрондық жүйе арқылы (egov.kz) бір жолғы жәрдемақы алу үшін құжат рәсімдеу уақытында тегін қызме­ттер көрсетіп, оларға оқыту курстары ұйымдастырылып, 400-ге жуық аудан тұр­ғыны  тегін  қызметтер алыпты. Мұнан өзге де атқарылған жұмыстар аз емес. Бірақ… Бәрін бірдей  тізбектеп  шығудың  орайы  түспеді…

– Жастарды қолдау – мемлекет саясаты­ның бір тармағы. Осы тұста аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы аудан жастарын назардан тыс қалдырған емес. Әкімдік тарапынан беріліп жатқан қолдаулардың дәлелі ретінде біздің іске асырып жатқан барлық жұмыс­тарымызды айтуға болады. Қазіргі таңда аудан жастарына «Жастар үйі» берілуі жоспарланып отыр. Онда коворкинг орталығынан бастау алатын барлық бағыттағы түрлі үйір­мелер, шығармашыл жастардың орталығы тағы да басқа көптеген жобалар іске асырылуы бағытталып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурызында аудан әкімі Мұрат Ергеш­баевтың төрағалығымен әкімдік жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткізілді. Басқосуда күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе – ауданда жастар сая­саты бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы атқарылуға тиісті міндеттер туралы баяндалды. Кеңес отырысында кеңес мүшелеріне, аудан әкіміне бір­қатар тиісті ұсыныстар айтылып, жастарға қатысты бірнеше бағдарламалар талқыланды. Кеңес отырысында хаттама әзірленіп, тиісті салаларға жолданды, – дейді Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Дәрібаев.

Мұның өзі жастар жұмысына Қазалы ауда­ны әкімі Мұрат Ергешбаевтың сергек қарайтынын аңғартып тұрғандай.

Дұрыс-ақ… Десе де, төмендегі жайтты да шолып шығуды жөн санадық.

«Жастар ресурстық орталығы» Қазалы аудандық орталық ауруханасымен бірлесе отырып  жастарға  психологиялық және  эмоциялық мәселелер бойынша кеңестер беріп келеді. Атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын жастармен жекелей жұмыстар жүргізілді. Арнайы психолог мамандарымен 2020 жылы аудан жастарының қатысуымен карантин талаптарын сақтай отырып 5 мәрте семинар-тренингтер ұйым­дастырылды. Осы тұрғыда, «Жастар денсау­лық орталығы» Қазалы аудандық филиалы аудан  жастарымен  мүлде  байланыста  жоқ десек те  болады. Тек білім беру ұйымдары­ның жоспарларында бекітілген акцияларға ғана қатысып, сол шараларды өздерінің ықпалына қарай пайдаланып келеді. Жастарға психологиялық тұрғыдан кеңес беретін – жастар денсаулық орталығы. Аудан әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында бірнеше ұсыныстар айтылды. Пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адресті түрде жұмыстар жүргізіп келеміз.

Жастар арасында құқықбұзушылық  са­ны­ның үлесі 2020 жыл бойынша 12 жасты құрап  отыр.  Ал  оның  ішінде  басым  бөлігі  ұрлық, бұзақылық  қылмыстарына  жол  берген.     Аудан бойынша қолайсыз отбасылар бойынша 6 кәмелетке толмаған жас бақылау­да тұр. 2020 жылы кәмелетке толмаған 4 жас есепте  тұр  (ұрлық  қылмысы – 1,  денсау­лық­қа қасақа­на  ауыр  зиян келтіру қылмысы – 2 және 1 жас зорлау қылмысы бойынша). Осы мәселелердің алдын алу барысында «Жастар. Қоғам. Болашақ» жобасы аясында құқық қорғау органдарының қатысуымен жыл басынан бері 60-қа жуық рейд жұмыс­тары, 10 мәрте аудандық конференция өткізі­лді. Аталған шаралар осы жылы да өз жалғасын табуда. Маргинал жастардың бірі пробация қызметінде есепте тұрған жастар болып табылады. Аудан бойынша тізімде тұрған 28 жаспен кездесу өткізілді, бұл жүздесуге барлық сала мамандары тартылды. Биылғы жылы пробацияда тұрған жастармен жұмысты күшейту мақсатында ҚАЖ департаментімен бірлескен іс-шара жоспары әзірленіп,  жұмыстар  жүргізілуде.

2020 жылғы мәліметтер бойынша ресми түрде 252 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл аудан жастарының 1,4%-ын құрайды. Қазіргі таңда қала, кент және ауылдық округ әкімдері жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыссыз жастардың басым бөлігін, яғни 985 жасты өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде көрсетіп берген, алайда бұл жастардың нақты жұмыс атауы көрсетілмегендіктен бұл жастар да жұмыссыз болып табылады. Бүгінгі күні аудан бойынша бюджеттік меке­мелерде 21 зейнеткер жұмыс істеуде, оның ішінде еш қажеттілігі туындамайтын мамандар да бар. Мысалы, бір ауылдық округте көлік жүргізуші маманын ұстап отырса, бір мектеп директоры мектеп кітапханашысының, тағы бір мектептің директоры бұрынғы мектеп директорын қосымша сабақтар үшін уақытын ұзартқан. Осы сынды жағдайлар басқа мекемелерде де кездеседі. 2021 жылы бюджеттік мекемелерден 41 маман зейнеткерлікке шығады деп жоспарланған, алайда осы орындарға алдын ала жастарды бейімдеу үшін «Жастар тәжірибесі» бойынша мекеме басшылығы өтінім бермеген. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаларды тиімсіз қолдану деп есептейміз. Маман тапшылығын болдырмау үшін зейнет жасына жақындаған мамандардың жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып «Жастар тәжірибесін» жандандыру керек деп есептейміз. Зейнет жасына келген мамандарды жастармен ауыстыру арқылы жұмыссыздық деңгейін біршама төмен­дете аламыз, сонымен қатар үлкен қалаларда жүрген тәжірибелі, талантты жастарды тартуға мүмкіндік берері анық. Жұмыспен қамтудың бір бөлігі ретінде ақылы қоғамдық жұмыстар жыл сайын жүргізіледі, 2020 жылы ақылы қоғамдық жұмыстарға 256 жас уақытша жұмысқа жіберілген болса, 56 жас ауылдық округтерге, 200 жас кент орталығына жіберілген. Өркендеу ауылдық округіне ешқандай  жас  жіберілмеген.

Жастар тәжірибесі бойынша 2020 жылы барлығы 35 жас жіберілген болса, бұл жастардың 99,9%-ы кент орталығына бағытталған. Сонда өзге ауылдық округтер бұл бағдар­ламаны  пайдаланбайды  ма?

2020 жылы мектеп бітіруші түлектерден алынған сауалнама нәтижесі бойынша 50,3% түлек педагогика саласын, 23,3%-ы медицина саласын таңдап көрсеткен болса, 2,7% түлек «әлі мамандық таңдамадық» деп берген. Қоғамдағы жұмыссыздық деңгейінің жылдан-жылға артып келе жатқаны да мектеп қабырғасында кәсіби бағдардың дұрыс берілмеге­ндігі деп есептейміз, осының салдарынан жастар мамандықты емес, грант үшін таңдау жасап жүргені жасырын емес. «Диплом­мен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы тұрғын үй алған жастар саны 81-ді құраса, 112 жас көтерме жәрдемақы алған.  Пайдаланушы   жастардың  басым  бөлігі – білім, денсаулық салалары. Осы бағытта жас мамандар жастар орталы­ғына  арыз-шағыммен көптеп келуде. Жастар үшін басты мәселе – тұрғын үй алу, бұл жөнінде Қаза­лы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының дұрыс ақпарат бер­меуі салдары­нан құжат дайындау барысында бір жерге 3-4 мәрте барып, уақыт жоғалтуы, сөйтіп  жүргенде  кезектілікке ілінбеуі туралы айтып  отыр.

Адам жанының арашасы ақ халатты жандардың қадірін пандемия дәлелдеп бергені рас. Алайда бірнеше жылдан бері аты бар, заты жоқ «Жастар денсаулық орталығы» мекем­есінің аудан жастарымен мүлдем байланысы жоқ, қағаз жүзінде ғана жұмыс істеу­де. Қазалы ауданы екі бірдей экологиялық апат аймағының ортасында орналасқан, сондықтан «Жастар денсаулық орталығы» мекемесінің маңыздылығы жоғары болып отыр. 2020 жылы Алға ауылдық округінде болған өз-өзіне қол жұмсау дерегі белгісіз жағдайда қалып кетті», – дейді біздегі мәліметте.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: