Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардақты адамның аты өшпейді

12.04.2021, 11:40 877

Ер есімі – ел есінде. Иә, соңғы уақытта қала көшелерінің атауы елі мен халқы үшін ерен еңбегімен көрінген алып тұлғаларға беріліп жатқанына куә болып жүрміз. Өскелең ұрпаққа ұлт қайраткерлерінің сара жолы һәм тағылымды ғұмыры өнеге болатыны анық. Сондай-ақ, қоғам үшін қызмет қылуға қосымша жігер болатыны да белгілі. Осы тұрғыда, өткен аптада Сыр елінде туып, бүкіл елге еңбегі сіңген Әбдуәли Спановтың атына қала орталығынан көше берілді.

«Елге қызмет ету – білімнен емес мінезден» деген Әлихан Бөкейхановтың сөзі бар. Ал Қармақшының тумасы Әбдуәли Спанов осы қос қасиетті де бойына дарытып, артына өшпестей із қалдыра білді. Сол себепті де СПМК-70 мөлтек ауданындағы басты көшелердің бірі енді ер есімімен аталатын болады. Ардақты азаматтың есімі һәм еңбегін әулеті ғана емес бүкіл ел мақтан тұтады.

– Қызылордалықтарға рақмет. Біздің әулет үшін қуанышты жаңалық болды. Әкеміздің аты ел есінде жүргеніне қуаныштымын. Көшенің ашылуына орай Алматы қаласынан келіп тұрмын. Мұндай құрмет біздің отбасымыз үшін өте маңызды. Әкеміздің еңбегі мен артына қалдырған ізінің бағалануы өскелең ұрпаққа тәрбие болмақ. Бізге олардан қалған бар байлық – шығармашылығы мен ерлігі. Бұған атсалысқан барша адамға, қала әкімдігіне алғысым шексіз. Отбасымыздың әр мүшесі қуанышты, – деді Әбдуали Спановтың ұлы Қазбек Спанов.

Кеңестік өкіметтің саясаты мен елді жаппай ұжымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде өмір есігін ашқан Әбдуәли Спановтың жастық шағы ашаршылық, қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Расында сол кезеңді бастан кешкен аға буын өкілдерінің өмірі өзгеше болды. Олар қазақ ұлтының басынан өткен зұлматты көріп өсті. Туған елін жаудан қорғауға аттанған әке-ағаларын сағынып, олардың ерліктеріне қанығып өсті. Міне, туған әкесі өмірден ерте өтіп, жалғыз ағасын майданға аттандырған Әбдуәли де замандастары сияқты майданда от кешіп жүрген ер-азаматтардың орнын басып, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» ұранымен жеңісті жақындатуға үлес қосты. Еңбек ете жүріп, мектепте білім алды.

Бір ауыз орысша білмейтін Әбдуәли Петропавл қаласында оқуын жалғастырды. Лев Толстойдың «Анна Каренина» романын оқу арқылы орыс тілін меңгереді. Екі жыл аталған арнаулы оқу орнында білікті мамандардан тәлім алған ізденімпаз жас білімін одан әрі жетілдіруге Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы университетіне оқуға аттанады.  Сол кезеңдегі ең үздік университетте білім алған Әбдуәли Спанов аспирантураға қалдырылып, көп ұзамай экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шығады. 1954 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі тың игеру науқаны басталды. Міне, осындай іске атсалысуда академияны бітіре сала Әбдуәли де сол жылдары өзімен бірге Мәскеуде білім алған, кейіннен есімдері елге танылған қоғам қайраткерлері Е.Әуелбеков,  А.Жасаңбаев, А.Әміров сынды қазақ жастарымен бірге жолдама арқылы Көкшетау өңіріне аттанады.

Елбасымыз бен мемлекет басшысының ұстанымында еңбек адамдарын насихаттау, олардың жүріп өткен жолын һәм еңбектерін ұрпақтың санасына сіңіру бірінші орында. Біз көріп жүрген баукеспе, жарқетпелерден гөрі осындай ауыр, қиын жолдарды жүріп өткен тарихи тұлғаларымыздың, мемлекет, қоғам қайраткерлеріміздің шоқтығы биік болуы керек. Әрбір жас осы көшені жүріп өткен сайын өр тұлғаның аты-жөнін ғана емес, еңбегі мен сара жолын да білуі керек. Қармақшыда туған азамат елі мақтанатындай үлкен жетістіктерге жеткен. Қарапайым есепшіден батап басшылық орынға дейін барған ағамыздың еңбек жолы бір күнде жасала қойған жоқ. Бұл жерде қыруар еңбек жатыр.  Үлкен білім жатыр. Петропавл қаласына бір ауыз орыс тілін білмей барып, Толстойдың еңбектерін оқу арқылы орыс тілін аз уақытта жетік меңгеру әркімнің қолынан келмейді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына, егістікке көп көңіл бөліп жатырмыз. Тап осы тұста ағамыздың жүріп өткен жолы, еңбегінің бағалануы бізге әбден керек деп ойлаймын. Сондықтан да мына ашылып жатқан көше үлкен даңғылға айналсын деп тілек білдіремін. Әбдуали ағамыздың есімі жаңғыра берсін. Осы елді ойлайтын, еңбекті бағалайтын адамдар бар кезде бұл ағамыздың аты өшпейді. Баршаңызға құтты болсын, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов.

Елі сүйген ердің артында ұлы мен қызы қалды. Қос перзенті қазіргі таңда әкесінің өмір жолынан бағыт алып, сол салған ізден адаспауға тырысады. Өзінің өмір жолында бірнеше облыстық, өлкелік, тіпті 1971, 1975 жылдар аралығында шақырылған сегізінші және тоғызыншы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін де үш рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендері мен «Үздік еңбегі үшін» және «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медальдарының иегері атанды. Өзі өмірден өткен соң да аты өшпей, қаланың орталық көшелерінде аты көрініп тұруы қуанышты жағдай. Әбдуали Спановтың есімі өзі кеткесін де ұлтқа қызмет етуін жалғастырып, қайраткердің ізбасарлары көп болады деген ниеттеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: