Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӘКІМНІҢ 365 КҮНІ һәм 800 МЫҢ ХАЛЫҚ

01.04.2021, 12:30 395

Сыр аймағындағы тура бір жыл бұрынғы аласапыран ауыс-түйіс көптің есінен кете қойған жоқ. Тәуелсіздіктен бері қарай сегіз ер әкім басқарған өңірге алғаш рет әйел әкім тағайындалды. Және ол егемен ел тарихындағы «тұңғыш әйел әкім» образын қалыптастырды. Көктемнің алғашқы айының соңғы күнінде келе салысымен аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды білу мақсатында қызметіне кірісті.

«Ә» дегеннен үлкен сенім артылған Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызметіне кіріскен бір жыл ішінде не тындырды?  Ең алдымен, қызметтегі ізашары Қырымбек Көшербаевтың  бастаған істері мен бастамаларын соңына жеткізеді деп сенім артты көпшілік. Шыны керек, Әбдіқалықова Сыр еліне экономикалық тоқырау тақап тұрғанда келді. Олай демеске тағы болмайды, өйткені өңірдегі мұнай өндірісі сарқылып, өндірістік өнім азайып, индустриалды аймақтағы тірліктің тұралап тұрған шағы жаңа әкім үшін сынақ уақытын еңсеруге біраз кедергі келтірді. Оның үстіне Сырдарияда су тартылып, диқан қауымның діңкесі құрып, дарияның ұлтаны кеуіп жатқан сәт кімге ұнайды дейсіз? Бәрінен бұрын «Шыны зауыты» құрылысының сиырқұйымшақтанып келе жатқан әрекетіне нүкте қояр деген үмітке сенгендер жетіп артылады. Келе сала жағасына «жармасып», балағын «тістелеген» қауым тағы бар. Не керек, ауыл шаруашылығы мен индустриялық аймақ ретінде республикалық рейтингтен алғашқы орында көрініп үйренген халық кейінгі көрсеткіштерді түсінбей әлек. Өйткені, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы төмендеп, тиісінше көрсеткіштер де солай сөйледі. Анығында, төмендеді ме, әлде оған дейінгі сандар «сайраған» ба?

Хош… 2020 жылы өзге өңірлер секілді Қызылорда да әлемдік пандемия салдарынан туындаған өтпелі қиындықты өткерді. Пандемия кезінде экономиканы қалпына келтірудің тұрақты көзі кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту болды. Өңірдің қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған шаруашылық субъектілерінің де жағдайы мәз болып тұрғаны шамалы. Нақтылай түссек, 2020 жылдың қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемі 648,8 млрд теңгені құрап,  2019 жылмен салыстырғанда 13,3%-ға төмендеді. Бұл көптеген мұнай ұңғымаларының сарқылуы мен сулануына және мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты. 2020 жылы мұнай өндіру көлемі 4,6 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 960,1 мың тоннаға азайғандығын айғақтайды. Сонымен қатар, аймақтағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда өзге аймақтардан әлдеқайда артта келе жатқанымыз үшін министрлер кабинетінен ескерту алғанымыз тағы бар. Әлбетте, бұл мәселелер Әбдіқалықова келгеннен басталды деуден аулақпыз. Өйткені, оған дейінгі әкімдердің атқарған ісін жалғастырудың өзі – ерлік. Мәселен, елдегі ең ірі өндіріс ошағына айналады деген ниетпен 2015 жылы іргетасы қаланған шыны зауытының құрылысы 70 пайызға аяқталды. Қалған жұмыс – балқыту ваннасы мен күйдіру пеші.  Халық «биыл пайдалануға беріледі», «биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосылады» деген уәдеге толы сөзді бірнеше жылдан бері естіп келеді. Бұйыртса, 2021 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.

Сыр маржанымен әлемге танылған Алаштың анасы теңізде тайдай тулаған балығымен де әлемдік сұранысқа ие. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы ауыл, орман және балық шаруашылығындағы инвестиция  көлемі 13,6 млрд теңгені құраған. Ал 184,2 мың га ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылған. Оның ішінде дәнді дақылдар – 99,6 мың га, майлы дақылдар – 5,7 мың га, малазықтық дақылдар – 61,0 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 17,6 мың га. Негізгі дақыл күрiштің алқабы 89,5 мың га құраған. Облыс бойынша күріш егісіне 100% жоғары репродукциялы тұқым себілді, оның ішінде отандық сорттардың үлесі – 12 пайыз. Суармалы жерді тиімді пайдалану бойынша қабылданған шаралардың арқасында күріш алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге мүмкіндік туды. Нәтижесінде облыс диқандары 551 мың тоннадан астам күріш жинап, жоғары өнімге қол жеткізді.

Сонымен облыс әкімі болып Гүлшара Наушақызы тағайындалғалы бері аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты қалыпта тұрды. Арагідік сипат алған қоғамдық жайттармен толықтай ахуалды бағалауға болмайды, дегенмен, аймаққа қарасты аудандарда жер дауы болды. Жалпы, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленіп, онда экономиканың түрлі салаларында жалпы құны 271 млрд теңгені құрайтын 265 жоба қарастырылған. Одан өзге білім, мәдениет, денсаулық, спорт, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы секілді экономиканың негізгі сегменттері саналатын салаларда да айтарлықтай жұмыс істеліп жатыр. Нәтижесінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді даму жоспары аясында бірқатар жұмыстар 2021 жылы атқарылады деп күтілуде.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз?

Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА,

тәуелсіз, сарапшы журналист:

ОН  ЖЫЛҒА  ТАТЫҒАН БЕЙНЕТТІ  ЖЫЛ  ДЕП  БАҒАЛАСАҚ…

Гүлшара Әбдіқалықованың облыс басшылы­ғына келгелі 1 жыл болды деп әлеуметтік желі шулап жатыр. Қызылорда өңірі – экономикалық та, экологиялық та, әлеуметтік те проблемасы жетерлік, күрделі  аймақ.

Аймаққа әр жылдары небір мықты, істің көзін білетін, шаруаға мығым азаматтар келді. «Дым бітірмеді» деген әкімдердің өзі жақсы бас­тамалардың жаршысы боп, ел игіліне жалғасар жобаларды бастап кетті. Қалай десек те, Қызыл­орда өңірі – осы уақытқа дейін әсіресе руха­ният, идеология бағытында көптеген жобалар мен бастамаларды республикада алғаш боп бастап, жүзеге асырып келе жатқан белсенді облыс. Ал алдағы уақыт бедерінде Гүлшара Наушақызының тұсында тілге тиек етер үлкен іс бар ма дер болсақ, идеология саласының жауынгері ретінде «бар» деп анық айта аламын. Ол аймақ үшін идеоло­гиялық маңызы зор – «Сыр жұрты» танымд­ық-пассионарлық жобасы (әрине, жоба жол алып, жүзеге асса…). Жобаның руханиятымызды түгендер 5 бағыты – ұрпақ санасын жаңғыртып, тәлімін түзер болса, Сыр алабына бабалар қалдырған қастерлі дүниеміз түгенделер еді деген ой бар.

Ал енді экономикаға келсек, Үкіметіміз біздің облыстың күрделі аймақ екенін біле тұра, алғаш рет әйел адамды әкімдікке неге жіберді? Қайыс­тай берік ер-азаматтың өзі бірде көтерсе, бірде көтере  алмайтын зіл батпан жүгін әйел адамға артып жібергені, сенгені болар, біз де сенейік. Әрі ел басына күн туған сын сағатта ат ауыс­тыруға іліккен Гүлшара Наушақызы қызметті ауыр  қабылдаған  сыңайлы.

Карантин, шулаған әйелдер, жұмысы тоқта­ған кәсіпкерлердің жанайқайы, одан пандемиядан жүздеген адамдардың құмырсқаша қырылып қалғаны әйел адамның жан дүниесін алай-дүлей еткені анық. Оның үстіне, бойларын қорқыныш пен шарасыздық билеген халық та дегбірсіз күй кешті.

Әкім қауіпсіздік шараларын сақтады десек те, басын қауіпке тігіп, аудандарды аралап, ауру­хана,  дәріханаларға   барып,  халықтың  жай-күйін көзімен көруге талпынды. Осындай тығыз графикке маусымдық жұмыстары тұралаған саланың мәселелері қосылды. Әкім аса күрделі су проблемасын уақытша болса да шеше алды. Әкімнің авторитетімен шешілді десек шындық. Егіс алабына су барып, шарасыз қалған шаруаның наны жүрді. Осылайша қиын жағдайда шапқылап жүрген әкімді әлеуметтік желіде отырғандар да, жазғышы бар, айтқышы бар дереу шанышқының ұшына іле жөнелді. (Экс-әкім Ысқақовты  да  дәл  солай  түйреп  қарсы алған ФБ емес пе?)

Келген бойда карантинге тап болып, экономиканы мешел еткен уақыттың соққысын алу оңай емес еді. Әйтсе де, әкіміміз халқымен бірге болып, қиындықтан бірге шықты. Дес берді. Каран­тин уақытында облыстың қаншама маман­дары мен журналистерін, белсенділер мен ақсақалдарын қабылдады. Олар әкімнің қабылдауына барғанда атақ не қызмет сұрамағаны белгілі. Осы әкім қызымызға қайтсек сүйеу бола аламыз, қайтсек күрделі проблемалардың шешіміне септігімізді тигіземіз деген ниетте кіргені анық.

Кеңеске де көңіл бөліп, ұсыныстарды да ескеріп, қанша саланың салмағын көтеріп, әкіміміз бір жылды артқа тастады. Атқарылған жұмыс бар, атқарылатыны шаш етектен.

Гүлшара Наушақызының басшылығымен облыс­қа инвестиция тарту мақсатында екі жұмыс тобы құрылып, оның бірі отандық инвестор іздесе, екінші топ шетел инвесторларын қызық­тырмақшы. Бұның өзі – өңірде ірі кәсіпкерлік пен орта бизнестің дамуына серпін беретін қадам. Шағын бизнеске, ауыл шаруашылығы мен ауылдың дамуына ерекше жағдай жасалынатын сияқты. Осының бәрі қуантады. Бүкіл әлем­дегідей  бір жылды пандемиямен күреске арнаған еліміз  Алла деп енді экономикасы мен әлеуетін түгендеуде.

Амандық болса, түгенделерміз, түгендерміз. Сын да айтылар, мін де табылады. Ұсыныстар да беріледі. Ол – демократиялық қоғамның белгісі.

Алайда сын айттық деп, Қазақ Елі тарихындағы алғашқы қыз әкімді лақап сөзбен ластап, пайдасыз сынаумен шаршатып, ретсіз шаныш­қыға іле бермесек екен. Одан түк өзгермейді. Сынды мәдениетті түрде, орынды айтып үйренсек, әкіммен бірге ел боп өсіп, ел боп түзеліп, ел боп дамырымыз сөзсіз. Әкім қызымыздың сабыр­лы да салмақты қалпы сонау алыс ғасыр­дағы аналарымызды көзге елестеткендей. Ал қазақтың асыл қыздарынан батыр да, дана да, шешен де, көсем де шыққаны мәлім. Мен заты әйел болса да әкім боп, Сыр алабын бар проб­лемасымен қабылдап алып, сындарлы шақта тарих пен уақыт жүгін арқасына асқан қызымыз Гүлшара Наушақызын қолдайық дегім келеді.

Гүлшара Әбдіқалықова әкім болған бір жылды он жылға татыған бейнетті жыл деп бағаласақ, әділ баға болар еді.

P.S. Әкімді, сала басшылары мен сол салаға жетекшілік ететін орынбасарларды баспасөз мәслихатына жиі шақыру керек. Мәселен, кәсіпкерлік сала проблемаларын бірге талқылап, қаражаттың игерілуі, жобалардың жүзеге асуы туралы шынайы мәліметтермен халықты жиі ақпараттандырып  отырғанымыз  жөн.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:

ХАЛЫҚ – АЙНА

Қызылорда облысына әйел затынан әкім алғаш рет тағайындалып отыр. Сондықтан бір жылда бәрін «аударып» тастады деп айту қиын. Мемлекеттік қызмет сатыларынан өткен және көптеген дамушы, дамыған елдердің тәжірибесін жинақтаған азаматша. Туған жері, туған еліне қызмет істеуге келген соң ерекше көзқараспен қарайды. Кезінде сырттан келгендерді де көрдік. Өзіміздің Сыр елінің тумасы, «өйтпеді, бүйтпеді» деп сынай бергенше, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Әлеуметтік желілердегі әңгімелер мен 10-20 жылғы көрсеткіштерді тықпалап, сын тезіне алу азаматтыққа жатпайды деп білемін. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын тұрақты ұстауға қолдан келгенше еңбектеніп жатыр.

Бір ұсынысым бар, Сырдың күрішімен атымыз да, атағымыз да шықты. Сырдарияның суы азайып бара жатыр. Парламент депутаттары да мәселе етіп көтеріп жүр. «Сыр елі – жыр елі» дейміз, енді осы өнер бағытына көбірек көңіл бөлсе деймін. Тағы бір айтарым, қазір елдің бәрі атаққұмар болып кетті. Кейбірінің өздері сұрап алып жүргенін көріп жүрміз. Осыған да шектеу қойса…

Халық – айна, барлық іс халықтың көз алдында болып жатыр. Жеке басым бұл кісіге өте ризамын. Өзім алдына барып та көрген жоқпын, бірақ атқарған жұмыстарынан хабарымыз  мол.  Ана  деген – ардақты сөз, Гүлшара Наушақызы да – ана, әр іске аналық мейіріммен, көзқараспен қарайды деп білемін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: