Азық-түлік дүкенінде бір бұрышта күбір-күбір еткен ана мен баланы көрдім. Баланың қолында калькулятор. Бірдеңелерді есептеп тұр. Қажет затыма қатысты солармен иық тірестірдім.
— Каспий голдта 2300 теңге қалды. Алар затымызды сол сомаға шақтауымыз керек. Айдың аяқталуына әлі біраз күн бар, әкеңнің көлігі бұзылып тұр, ол қашан шығатыны белгісіз, — деді жас келіншек
— Анашым, йогурт алғым кеп тұр.
— Қазір қажет затымызды алайық, сен есепте, ақша қалса – аласың.
— Анашым, көп желінбейтін тамақты келілеп алмай-ақ, грамдап алсақ, үнемдеуге болады ғой.
Аналы-балалы бір кәрзеңкеге майын, сүтін, пешенейін, тағы басқасын таразыға тартып, толықтырып жүрді.
— Анашым, 2 йогуртқа жететін ақша қалды, алақай! — деді бала жарқын даусымен кассада тұрғандарды елең еткізіп.
— Ала ғой, балам.
— Балаңыз математик қой! — деді алда тұрған көзілдірігі бар ер адам.
— Қызым, жақсы тәрбие беріп жүр екенсіңдер, тиынның қадірін біліп өскен бала ертең есейгенде бекерге мал шашпайды, — деді екі жұмсақ бөлішкесін кеудесіне қысқан кейуана.
— Шүкір, рақмет, айлықтан айлыққа күн көретін біз секілді отбасына баланың қаржылық сауатты болғаны жақсы ғой, — деп жылы жымиды әлгі келіншек.
Тіл-көзіміз тасқа, Қызылордада және бір Асқар Жұмаділдаевтың ізін басар бала өсіп келе жатыр екен.
Міне, осындай жігіттер Экономика министрі болса, мемлекеттің қаржысы тиімсіз жобаларға, жөн-жосықсыз шоуларға емес, халықтың мұң-мұқтажын шешуге жұмсалар еді.
Айнұр ТҰҢҒЫШБАЕВА,
журналист
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!