Өткен аптада айтыскер ақын Мұхтар Ниязов еншілеген «Алтын домбыра» Ақмешітке келді. Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Алтын домбыраны» табыстау рәсімі өтті.
2012 жылы сырбойылық ақын Мұхтар Ниязов «Алтын домбыраға» тұңғыш рет және ел тарихында алғаш рет иелік еткен болатын. 2016 жылы «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы атанды. Сол-ақ екен, араға тағы 4 жыл салып, 8 жыл бұрынғы ерлігін қайталап, сол іске нүкте қойды. Осылайша, «Алтын домбыра» өз иесін тауып, шын иесін тауып Сыр еліне жетті. Осы орайда, Мұхтар ақынның кәдуілгі Олимпиадашылар секілді, 4 жыл сайын топ жарып отырғанын жазбай кету мүмкін емес. Айтыс жанашыры Жүрсін Ерман «Мұхтар «Алтын домбыраға» былтыр да лайықты еді» дейді.
Айта кету керек, о баста «Алтын домбыра» 3 рет қатарынан жеңген айтыскер ақынға беріледі» делінген-ді. Десе де, ұйымдастыру алқасы оның мүмкін еместігін ескергендіктен, 3 рет жеңген ақынға беру туралы шешім қабылдаған.
«Алтын домбыраны» табыстау шарасына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман, әнші, композитор, Қазақстанның Халық артисі Алтынбек Қоразбаев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбайлар қатысып, бұл оқиға қазақ руханияты үшін үлкен қуаныш, тарих екенін айтты.
– Қазақтың қасиетті қара домбырасының алтынмен апталып, Алаштың астанасы – Сыр еліне келуі – Тәуелсіздігіміздің жемісі! Әрине, «елдің атын ер шығарады» дейді. Мінеки, бүгін Мұхтар балаларыңыз, көзқуаныштарыңыз туған жерін осындай қуанышқа, құрметке бөлеп жатыр, – деді Нұрғиса Дәуешов.
Өз кезегінде вице-министр Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сәлемін жеткізді. Шарада мәртебелі меймандар «Алтын домбыраны» сырбойылық саңлаққа табыстап, Сыр елінің өнері мен мәдениетіне құрмет білдірді.
– Бұл жеңіс жалғыз Мұхтардың жеңісі емес, бұл – қазақтың жеңісі! Кеңес дәуірінде Ленин орденін үш рет алғанға Социалистік Еңбек Ері атағы берілетін. Сол сияқты, «Алтын домбыраны» үш рет жеңіп алған Мұхтар айтыстың еңбек ері ғой деп ойлаймын, – деді әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев.
– Сыр елі, сен мен үшін сүйікті елсің,
Анам деп Алаш басын иіп келсін,
Ұлықты ұл, қылықты қыздарыңмен,
Мәртебең мәңгілікке биік болсын! – деген Мұхтар Ниязов Сыр елінің бірінші және соңғы жетістігі не ең биік жетістігі бұл емес екенін, кейінгі буын да әлі талай асудан асатынын айтып, «Алтын домбыраны» облыс әкіміне табыстады.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын домбыраның» Сыр жұрты үшін ерекше мақтаныш екенін жеткізді.
– Байырғы бабалардың ізіндей, қазақтың айтыс өнерінің бар құдіретін бойына сіңірген, шашасына шаң жұқтырмас дарабоздай дара келген Мұхтар – Сыр елінің ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның белді ақыны. «Алтын домбыра» республикалық айтысы басталған 2012 жылғы алғашқы «Алтын домбыра» иегері де Мұхтар болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Енді міне, «Алтын домбыраны» Сыр еліне әкеп, өнердің ордасы екенімізді тағы бір дәлелдеп берді. Баршаңызға «Алтын домбыра» құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ағайынды меценат-кәсіпкерлер Мұрат, Марат Сәрсенбаевтардың ақынға темір тұлпар сыйлау жөнінде ұсыныс білдіргенін айтып өтіп, оларға Сыр жұртшылығы атынан алғыс білдірді. Мұнан соң өңір басшысы айтыскерге «Toyota Camri 70» көлігінің кілтін тарту етті.
Жиында ақын Жүрсін Ерман Сыр елінің ақын ұлын ардақтап, қошемет көрсетуі ұлттық өнердің бағасын биіктететінін ерекше атады.
– Мұхтардың «Алтын домбыраны» жеңіп алуы – заңдылық. Мұның аржағында Сыр сүлейлері, дәстүр, халықтың таланты жатыр. Мұхтар – елдің ішінен шыққан талант. Сыр – Алаштың анасы десек, бұл Сыр елінің мәртебесін көтерген, абыройын асырған тарихи оқиға болды, – деді ол.
Шарада жас ақындар арасында айтыс ұйымдастырылып, дәстүрлі ән көкке қалықтады.
Мұнан кейін Сыр жеріне арнайы жеткен «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залына қойылды.
Рыскелді ЖАХМАН
Н.Нұржаубай (сурет)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!