Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызық емес сайлаудың «қызықтары»

16.12.2020, 11:30 939

Естеріңізде болса, мен алдымыздағы сайлауға «қызық емес» деген баға беріп, мақала да жазғанмын. Енді «қайтып алдым» деуден басқа амалым жоқ сияқты, себебі сол, сайлаудың көркін қыздыратын бәсекелес­тік болмаса да, сайлауға қатысты «қызықтарға» қарық болып жатырмыз. Барлығын болмаса да, бірнешеуін сіздердің назарларыңыз­ға ұсынайын.

1. Мұхтар ініміз коронавирустан өткен індет болып шықты. Жолап кеткенін жалп еткізеді. Өздерінің жақтастарына «ЖСДП партиясына кіріңдер!» деп ұран тастап еді, үш күннің ішінде оппозициялық партия саналатын ЖСДП Парламенттік сайлауға қатыспаймыз деп шыға келді. Әрине, бұл партияның осы сайлау болады дегеннен бергі ұстанымы болар, бірақ, менің ойымша, бұл шешімнің Әбіләзовтің ұранына­ тікелей қатысы бар. ЖСДП «мынау пәле жолап кетіп, жаманатты болмайы­қ» деп ойлаған болуы керек. Өте қате пікір және қате шешім. Сайлауда халық партияның бағдарламасына дауыс береді, ал басшыларының бұйрығын тыңдап, ЖСДП-ның қатарына енген бірнеше азаматт­ың партия ұстанымын өзгерте алмасы анық. Қысқасы, «жұқпалы ауруы бар адамның» жақындауы мұң екен, оппозициялық партия карантинге кетті. Бұны байқаған Мұхтар ініміз «осы тәсілмен талай партияны талқандауға болады екен» деген шешімге келіп, жақтас­тарына «Ақ жол» қатарына тұруға шақырыпты. Алаштың ізбасарлары арасынан «Келе берсін, көріп алдық» деген сындарлы сөзді естимін бе деп едім, өкінішке қарай, олар да есіктерін тарс жауып, сайлау біткенше­ партияға мүше қабылдауға тыйым салыпты деген хабарды естідік. Ақылға симайтын шешім! Әдетте партияның қатары сайлау кезінде толыға­ды емес пе?

Осы қызық жағдайды көріп отырып, неліктен Мұхтар Әбіләзов өздерінің жақтастарын «Нұр Отанның» қатарына кіруге шақырмайды деген ой келеді. Сол уақытта, мүмкін, «былғанбайық» деген мақсатпен­ билік партиясы да сайлауға қатысудан бас тартатын болар…

2. Екінші қызық – сайлауға қатысатын партиялардың ұсынған үміткерлерінің саны. Қырық жылда бір келетін бұл тойға (саяси нау­қанға)  «Адал»  партиясы – 19 адам, «Ауыл» партиясы – 20 адам, ал «Ақ жол» партиясы 32 адам ұсынып, бәрімізді таңғалдырды. (Шынымды айтсам, «Ақ жолдан» бұндай қадамды күткен жоқпын). 50 мыңнан 300 мыңға дейін мүшесі бар саяси құрылымдардан Парламентке бараты­н 100 адамның шықпағаны мүлдем түсініксіз! Партиялар Парламентке барып, өздерінің тұғырнамаларында көрсетілген мақсат­тарына сай заң жобаларын өткізуге күш салады. Бұл – талассыз ақиқат. (Егер олар сырт көзге Қазақ елінде көппартиялық жүйенің бар екендігін дәлелдеу үшін ғана құрылды десеңдер, мәселе басқа…). Сол заң жобаларын өткізу үшін Парламентте өздерінің депутаттарының саныны­ң көп болғаны қажет. Бұл да – талассыз ақиқат. Онда жоғарыдағы партиялардың «жүзден аса орынның ішінен жиырма адамымыз өтсе болды» деген ұстанымының астарында не жатыр? Күреске балуанд­ар «мен жеңемін!» деп түседі емес пе? Әлде қазақтар бәйгеге аттарын қосып жатып, «менің жүйрігім сегізінші болып келеді» дейді ме? Әлде бұл – қанағатшылдық сезімі ме? «Ауыл» мен «Адалдың» басшыл­ары «барлық орынды біз алып қоймайық, тойымсыз деген жақсы­ ат емес» деген сындарлы ойға келген болар. Мүмкін, жоғарыда­н «Нұр Отанға» – 75 пайыз, «Ақ жолға» – 9 пайыз, «Ауылға» – 8 пайыз, «Халық партиясына» 8 пайыз алдын ала бөлініп қойылған болар. Сондық­тан партия жетекшілері ақшаны шығын қылмай, Парламентке баратын адамдарын шақтап, берілген орыннан көп асырмай ұсынған да болар. Мүмкін, партиялардың бұл түсініксіз қадамы – «Нұр Отан» өз дегенін істейді» деген …қорқақтық та болар. Әрине, болжамдар  көп, бірақ бұл басқа елдерде кездеспейтін қызықтың бірі екенінде дау  жоқ.

3. Сайлаудың алдында партиялардың аттарын ауыстыру – саяси жұмыста, саяси технологияда ең тиімсіз, ең ақымақ деп танылатын қадам. Сайлаушылардың көпшілігінің санасында партияның аты ғана қалады, сондықтан сайлаудың алдында ешқандай «ақыл есі дұрыс» партия атын ауыстырмайды. Ал бізде «Бірлік» «Адал» болды, ал комму­нистер бір күнде «Халық» деген атауды иемденіп шыға келді. Алайда бұл «ат ауыстырудың» себебі анық сияқты, бұл екі партия да (ашығын айтсақ, басқалары да) осы уақытқа дейін саяси аренада іске асырған нақты істерімен атымыз халықтың жадында қалды деп мақтана алмайтын­  тәрізді…

4. Ең басты қызық Орталық сайлау комиссиясының кеше ғана шыққан Қаулысы болды. Бұл Қаулының ең қызығы және қоғамдық ұйымдардың алаңдаушылығын тудырып отырғаны – екі ғана мәселе­. Біріншісі фото, бейне түсірілім кезінде заңбұзушылыққа барып жатқан­ азаматтарды түсіру үшін рұқсатын алу (!) болса, екіншісі – сайлауды бақылауға Жарғысында адамдардың құқығы мен еркіндігін қорғау міндеті көрсетілген ұйымдарға ғана беріледі деген талап. Өз басым, заңды­ белден басып, бір бума бюллетеньді сайлау жәшігіне салып жатқан­ адамнан «сізді түсіріп алып, ертең сотқа беруіме болады ма?» деп рұқсат сұрап тұрған бақылаушыны көзіме елестете алмаймын­. Ал  20  мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдардың ішінен Жарғыларында адам құқығы мен еркіндігін қорғау туралы міндеті жазылған­ бес ұйым таба аламыз ба, білмеймін… Демек бұл азаматтық қоғамға, олардың саяси процестерді бақылау, мониторинг жасау­ құқығына қарсы Қаулы болып­ табылады. Демократияның отызыншы­ жылында­ «Қош бол, бақылаушылар институты!» дегеніміз қызықтан көрі шыжыққа  ұқсайды.

5. Меніңше, сайлаудың басты «қызығы» – саяси бағдарламалар мен тұғырнамалардың бәсекелестігі (Өткен Президенттік сайлауда, сөз жоқ, «қоғамды толық өзгеру қажет» деп басталатын Ә.Қосановтың бағдарла­масы халықтың басым көпшілігінің қолдауын алды). Әңгіме, матрешка сияқты бірінен-бірі айнымайтын бес партия нақты да, ашық бәсекелестікті көрсете алады ма екен? Өздерінің басты қарсыластары «Нұр Отанның» бағдарламасының әрбір жолын жоққа шығарып, сындарл­ы сын мен бұлтартпас дәлел келтіре алады ма екен? «Нұр Отан» да қарап қалмай, «Ауылдың» алдына қойған мақсаттарын жіліктеп отырып­, іске алғысыз қылып, «Ақ жолдың» көтерген мәселесін күлкіге айналдыра алады ма? Егер ондай болмаса – бәрі бекер, қызықсыз сайлау­, кезекті қойылым болып қала береді.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: